Ойыншық сапасы сын көтермейді
Биыл Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 24 ойыншықты зертханалық сараптама үшін сатып алды. Сараптама нәтижесінде 19 ойыншықтың (79%) Қытайда өндірілгені техникалық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Зерттеу нәтижесі бойынша 18 ойыншықта өндіруші немесе импорттаушының аты, шығарылған күні көрсетілмеген. Сондай-ақ этикеткалар орыс және қазақ тілдерінде толтырылмаған. Бір қуыршақтың (LOL Broute 707) иісі тым өткір болып шықты. Стандарт бойынша, иістің интенсивтілігі 2 балдан жоғары болмауы тиіс, бірақ бұл қуыршақта ол 3 балды құраған.
Астана қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының орынбасары Мұхамғали Арысбаевтың айтуынша, ойыншықтар балаларға қауіпсіз болуы керек және оларды пайдаланғанда денсаулыққа зиян келтірмеуі тиіс.
«Ойыншықтың қауіпсіздігі балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты анықталады. Сапасы органолептикалық (иіс және дәм), токсикологиялық, микробиологиялық, физикалық және механикалық көрсеткіштер бойынша бағаланады. Мақсат – балаларға жарақат келтірудің алдын алу. Ойыншықтың қаптамасы да қауіпсіз болуы тиіс. Қаптама балалардың тұншығуына жол бермейтіндей жасалуы керек. Сонымен қатар, ойыншықтар дұрыс әрі айқын маркалануы тиіс. Этикеткаларда ойыншықтың атауы, шығарылған жері, өндіруші мен импорттаушының байланыс деректері, балаларға арналған минималды жас көрсетілімдері және барлық ақпарат орыс және қазақ тілдерінде жазылуы тиіс» дейді ол.
Жалпы, ойыншықтар нарыққа шығар алдында сертификаттаудан өтеді. Бұл ойыншықтың қауіпсіздігін тексеретін арнайы орган арқылы жүзеге асырылады. Сертификаттың жарамдылық мерзімі сериялық өндіріс үшін 5 жылдан аспауы керек. Сапасыз ойыншықтардың балаларға зиян тигізбеуі үшін олардың қауіпсіздігін қатаң бақылап, барлық талаптарға сай болуын қамтамасыз ету өте маңызды.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ