Басты ақпаратҚоғам

Ойыншық таңдау оңай ма?

Бала өздігінен өспейді. Айналасындағы адамдар, қоғамда болып жатқан оқиғалар, ойыншықтар мен сыйлықтар арқылы дүние дидарын танып біле бастайды. Бұрынғылар балаға ертегі айтып, бесік жырын жырласа, қазіргі балалардың қолына ұстаған ойыншықпен, телефонмен бірге өсетіні шындық.

Ал енді балаға тек бала деп қарасаңыз қатты қателесесіз, сәби есін танығаннан бастап, ересектер тарапынан жасалған жақсылық пен жамандықты, сыйлық пен дөрекілікті ешқашан ұмытпайды. Бір жай ойыншықтың өзі арманына арман жалғап, ұлы тұлғаға айналған адамдар бар. Нәрестенің қолына ұстаған ойыншығы өмірдегі қиындықтан қорғар тұмарына айналғандары қаншама?! Баланың ойыншығына қарап, оның не ойлап, не сезініп жүргенін анықтауға болады.

Ендеше, сәбидің дүниетанымына, айналасындағыларды тануына ойыншықтың әсері өте зор. Қазіргі заманғы нарықта балалар ойыншықтарының алуан түрі бар. Балаларға тек қызықты ғана емес, сонымен қатар оларға пайдалы болатын ойыншық таңдау оңай емес. Бұл ретте ойыншық баланың жасына сай, әрі қауіпсіз болуы керек.

Санитарлық талаптар бойынша, қауіпсіз ойыншықты таңдау­дың басты шарты – сатушыдан оның сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын тиісті сертификатты сұрау. Сертификаттың болуы ойыншықтардың зертханада зерттелгенін және химиялық, радиациялық, токсикологиялық тексеруден өткенін көрсетеді.

Жуырда Қытайдан әкелінетін ойыншықтарға заңсыз ресімделген сертификаттар мен декларация­ның күші жойылғанын Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев брифингте айтты.

Комитет бұйрығымен Қазақстан Республикасының аума­ғында заңсыз ресімделген 57 сәйкестік декларациясының және 63 сәйкестік сертификатының күші жойылды. Олардың ішінде қырғызстандық сертификаттау жөніндегі орган берген электр тұрмыстық аспаптарға арналған 12 сертификат бар. Олардың қызметі Қырғызстандағы әріптестерімен өзара іс-қимыл нәтижелері бойынша тоқтатылды.

Сондай-ақ ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сынақ нәтижелері бойынша Қытайдан әкелінетін ойыншықтарға, тамақ өнімдеріне арналған сертификаттар мен декларациялар, мысалы, джем, сэндвич, аспаздық бұйымдар, консервілер және т.б. Құқық бұзушыларға айыппұл салынды.

Әрбір ата-ана ойыншықтарды сатып аларда мұқият мән беруі керек нәрсе – ойыншықтардың таңбалануы көп жағдайда талап­қа сәйкес келмейді. Таңбалауда ойыншықтың атауы, шығарылған ел атауы, өндірушінің аты мен орны, дайындаушының тауар белгісі (бар болса), ойыншықтың шикізаты, қандай жастағы балаға арналғандығы туралы пиктограмма, жарамдылық мерзімі, қажет болған жағдайда сақтау шарттары, ойыншықты қолдану кезіндегі қауіпсіздік шаралары, ескерту жадынамалары, ойыншықты күту тәсілдері (қажет болған жағдайда) болуы шарт.

Бұл ретте құзырлы органдардың тұрғындарға ойыншықтарды таңбалауға қойылатын талаптарды түсіндіретін парақшалары тұрақты түрде табыс етілуі өте маңызды.

Ойыншықты сатып аларда міндетті түрде баланың көзқарасын есепке алу қаншалықты маңызды болса, ойыншықтарды таңбалауға қойылатын талаптарды түсіндіретін сауда орнынан алу соншалықты маңызға ие. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» заң қолданыста екенін, ойыншықтарға қойылатын санитарлық талаптар барын, бала денсаулығы, бала қауіпсіздігі, бала бақыты басты орында тұрғанын ұмытпағанымыз жөн.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button