Басты ақпаратРуханият

Ол бұлақтың тұмасынан қанып ішті…

ХII маусым шедеврларының бірі – Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры Күләш Байсейітова атындағы Камералық залында Қазақстанның хор өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан КСРО Халық әртісі Анатолий Молодовтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған концерті аншлагпен өтті.

Анатолий Молодов – қазақ хор өнерін дамытуға сіңірген еңбегі үшін КСРО Халық әртісі атағын алған өнер иесі. Отандық мықты композиторлар шығармаларының көптеген кантаталары мен ораторияларын жазып, сахнаға ұсынған ол классикалық музыка В.А.Моцарт, Дж. Верди, Г. Форе реквиемдері; Л.Бетховеннің «9-симфониясы»; Н.Иомеллидің «Мизерере»; С.В.Рахманиновтің «Весна», «Литургия», «Всенощное бдение»; С.С.Прокофьевтің «Здравица»; Г.В.Свиридовтің «Пушкинский венок», «Патетическая оратория» сияқты шығармаларын қазақ сахнасында өзгеше өрнекпен қойған музыкант, талант иесі. Молодов қазақ және орыс халық әндерін, аралас хор мен балалар хор ұжымдарына арналған ұлттық композиторлардың шығармаларын өңдеп, қазақ музыка өнеріне қайталанбас өрнектерімен баға жетпес көркем мұра қалдырды.

Астанадағы концерт хор ұжымының ауқымды репертуары ұлттық және әлемдік классика туындыларынан құралды. Анатолий Молодовтың көптеген шәкірттері мен ізбасарлары ұстаздарын еске алып, оған өз шығармаларын арнады.

«Мен бұлақтың тұмасынан қанып іштім…»  атты кеште шығармашылық ұжым Қазақ КСР Халық әртісі, КСРО Халық әртісі, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының дирижері Анатолий Молодовтың репертуарынан хор туындыларын шырқады. Көркемдік жетекшісі, әрі бас дирижері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, білім беру үздігі, профессор, Гүлмира Құттыбадамова, хормейстері – халықаралық байқаулардың лауреаты Данара Ташатова, концертмейстері – Гүлден Базыкен.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры – республикамыздағы алдыңғы қатарлы хор ұжымдарының бірі. Ұжымның шығармашылық жолы 2004 жылы басталған.

2004 жылдың мамыр айында құрылған. Оның алғашқы концерті сол жылдың 1 маусымында Астана қаласында Президенттік мәдени орталығы залында өтті.

Алғашқы онжылдықта камералық хордың көркемдік бейнесі мен орындаушылық мәнері көркемдік жетекшісі Ержан Дәуітовтың басшылығымен қалыптасты. Көптеген гастрольдер, ең беделді қойылымдар, республикалық және халықаралық байқаулардағы жеңістер ұжымның жоғары орындаушылық мәдениетінің куәсі болды. «Хайнувка» (Польша) рухани музыкасының XXV және XXX халықаралық фестивальдерінің Камералық хоры – Гран-приінің, дүниежүзілік хор форумының 2 алтын кубогының (Қытай), «Астана – ән қанатында» халықаралық хор өнері фестивалінің және «Жұбанов көктемі – 2012» халықаралық фестивалінің Гран-приі –қоржынында.

2013 жылдан бастап жаңартылған құрамда Камералық хорды Гүлмира Құттыбадамова басқарды. КСРО Халық әртісі, қазақ хор мектебінің патриархы Анатолий Молодовтың шәкірті бола отырып, ол өзінің шығармашылық қызметінде өз мұғалімінің үздік дәстүрлерін жалғастыруға ұмтылады. Бүгінде Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігімен камералық хордың репертуарында халық әндері мен миниатюралардан циклдерге және ірі вокалдық-симфониялық жанрларға-ораториялар мен кантатқа дейінгі ұлттық және шетелдік музыканың шығармалары бар.

Камералық хор бағдарламасында отандық хор музыкасының жауhарлары – «ХХ ғасырдың шырынды палитрасы», «Қазақстанның қазіргі заманғы хор музыкасы», «Ұлы Дала әуендері», «Қазіргі заманның хор классикасы», «Айбозым», «Жанымды тербеткен әуен», «Границ не знающий напев…», «Ұлы дала жаңғырығы…», «Мәңгілік мұра» ұлы ақындар мен әншілердің мұрасы» және тағы басқа үздік шығармалар.

Бүгінде хор репертуарында жүздеген ғажайып туындылар бар. Халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың камералық шығармаларымен қатар, әртістер әлемдік хор классикасының көлемді шығармаларын орындайды.

Осы кеште елордалық көрермендерге халық әндері, отандық және шетелдік авторлардың жауһар туындылары ұсынылды.

 

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button