Жаңалықтар

«ӨЛЕҢНІҢ МЕН-ДАҒЫ БІР ЫРЫСЫМЫН»

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Таяуда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен Әділбек Абайділдановтың «Фолиант» баспасынан шыққан жыр кітабының тұсаукесерінен туған ой

 

 

Ілиястың ізбасары

Қазақтың Абайдан соңғы классик ақыны Илияс Жансүгіров туған жері Жетісу көркін сөзбен өшпестей таңбалап кетті. Сондай бір көркем сурет оның ізбасар інісі Әділбек Абайділдановтың қаламынан төгілді:

Жоңғар тауда қожырқожыр, тарғыл қара таулар көп,

Үңгірлерін мекендеген баяғыда жаулар кеп.

Жыңғыл өскен жыралар бар, тобылғылы беттер бар, 

Жабайы алма, жаңғақ өскен, доланалы жақпарлар. 

Өр кеуделі тастары бар, қына басқан, мүк басқан,                                                   

Түйе тауға теңдейді ылғи теңкиген бұлт түкті аспан. 

Шыңға шыққан қарағай туралы балладасынан бұл жолдар.

Фольклорлық мол сарын қазақ әдебиетінің тұма бастауы болса, өлеңнің эпикалық құлашы көкжиектен асса, құс жолына тараса, уызынан жарыған ақындық тегеурін ә дегеннен баурайды. Жетісудың керім табиғатын, тау ішін  бір өлеңнің айдынына шалқытып, тіршіліктің жанды тынысын сездіріп, «Судан жеңіл бу ұшады, сағаменен көлбейді» – сол сәтке өзің еніп кеткендей, шоқ талдан шыққан елікті көзбен көргендей масайратады. Эпитеттері «түйе тау», «түкті аспан», «теңкиген бұлт» – көш-керуеннің суреті, күн астында тұнық пен тазаны іздеп, жыл құсындай көшіп жүретін бір халықтың белгісі – ол біздің қазақ.

Батыр бабам жау қуғанда таудан әрі асырып,

Сол биікке көмген болар бетін таспен жасырып.

Сол бір тұрған қарағайға Күн де басын иеді,

Бабамның ол тасты жарып шыққан сүйегі.

Сәкеннің ақ боз ат мініп, тау ішінде өлең­детіп келе жатқаны, Баянауылдағы Жасыбай көлінің тарихы, қазақ пен қалмақ соғысында талай ерлердің тауда көмусіз қалған сүйегі еске түседі. Табиғат лирикасы қаһармандық, отансүйгіштік сарынға айналып кетеді. Бұл туған жерді кейінгі ұрпақ қастерлеуі үшін керек. Ақын жүрегінің әмірі.

Әділбек ақын «Түйелі ауылдағы кеш» атты эпикалық өлеңінде көшпеліліктің негізі, көштің көркі түйенің (Майлықожа) керемет образын сүйіп жырға қосқан. «Түйенің шығады үні сағындырып»:

Тыңдауға оны мәңгі дала дайын,

Келе кеп иірілді анадайдан.

Адасқан енесінен үкі бота,

Құдай-ай, сыңсиды тап баладайын.

Ботасын іздеп боздаған «Боз інген» күйі дереу көкірекке тарайды. «Үкі бота» – поэзияда бұрын-соңды табылмаған керемет сұлу теңеу! Әдемілігі үшін азан шақырылып қойған Үммигүлсім атын ел атамай, бала кезінен Үкібас атанып кеткен бір апамыз болған, екі әңгімемнің кейіпкері. («Көкқия», «Тұлпарбасқан»). Қазақтың үкіге деген ықыласы ерекше. Ақ ботаның уыздай таза, үкідей үлпілдеген періште кейпі жарқ ете түседі! Құс балапаны мен малдың жас төлін қосарлап, бір бейне қылып шығару үшін қаншалық ақындық шабыт, табиғи шеберлік керек. Оның сыры мынада: «Бүйірқұм, бүрген, жусан иісі әтір, /Өсірген бұл табиғат құмға майды», «Даланың шамы дерсің туған Айды», бұл – эйфория, кеңдікке, түннің беймағлұм магиялық сұлулығына, көшпелі сана мен әлемнің болмысы арасында еш бөгет болмағанына елту, жарық дүниені тұтас иемдену, баураған бақытқа мас болу, ақындық кепке елігу.

Шөмішпен ақын аға кесесіне

Жұп-жұмсақ Ай сәулесі құйылады.

Сиқырлы мезетті ақын әдебиет арқылы жүректерге таратады. «Жағалай от ойнатып жерошағы», ежелгі отқа табынған зоро­остризмдік мәдениеттің ұшығы; оны христиандық ілім шіркеуде діни мейрамда шырақ жағу, шырақ қою түрінде қабылдаған, әуелде адамзат Күнге табынған кез жадтан ұмытылмайды. Жердегі от көктегі жарықпен ұласқанда, Ай нұрын қымыз бен шұбат тәрізді сіміре жұтып отырған жыр көкірек. Өлең ары қарай қазақтың халық әндеріндегі жұмсақ сүйіспеншілік сарынға ауысып кетеді.

«Ішіп тұрмын қазір мен Айдың сүтін». («Дала түні»). «Аспан» атты өлеңінде ақын Ай мен Күннен аузына сүт құйылғандай болатынын тегін жырламайды. Өзекті жанның қорегі ас болса,  жүрекке нәр беретін рухани қорек ақын үшін ерен мәнді.

«Бұлттың қасындағы» Ілиястан

Тауың да бара жатыр аласарып.

Тұлпар ақын атап, құдіретті жыры үшін ұрпағы есінен тастамас (өз сөзі) Ілиясқа арнаған өлеңінде ол інілігін айтады, шаттанады. Ілиястың шығармашылық асыл мұрасын қамтып, Молықбай қобызшыны қоса айтады.

Немене екен кеудеңде күркіреген,

Жылқы ма екен жау тиіп дүркіреген?

Бұл ақынның «Аспан» атты риторикалық сауал түріндегі өлеңіндегі космогониялық мифтерге тән шалқуы, өйткені, Темірқазыққа байланған Ақбозат пен Көкбозат жетіқа­рақ­шыны ақырзаманға шейін айналып жүреді. Көк аспаннан көсілген жылқы үйірін көруді әзелде Ілияс Жансүгіров жырлаған болатын. Ілияс бұлты көкпен астасқан биік тауда жылқы бақса, Әділбек қарлы борасында, дауылды түнде

Қайран да атам жылқышы ед… 

Жабысып белден жарбиып,

Атама алғам мінгесіп,

Күркіреп шыға келер әруақта,

Оранған бұлтыңда әлде аруақ па?

Әділбек ақын тірі мен өлі – өмірдің өзегінде алмасу барын аңдау арқылы, «аруақты» зорайтып, кие тұта сөйлейтіні, «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін әуелгі қазақтықтың өз дүниетанымынан болса керек. Бұл күпір, құдайға шерік қосу емес, аруақ Жасаған Иеге жердегі адамдардан гөрі жақын барды, құдіретін таныды деген қазақы ұғымнан шыққан.

Айнала – аппақ аруақ,

Ұлиды боран, тынбайды.

Табиғаттың стихиялық, жойқын құбылыс­тарынан ақын аруаққа тән тылсымды таниды («Дауылда»). Арқаның үскірік, долы, бөрі ұлыған боранында иен түзде жылқы баққан жігіт нағыз Ер екенін дөп суреттеп, «Аппақ кебін айнала. Қалтиып қос тұр ма екен?» – деп «Өліміне айғақ жоқ» жылқышы образын жырға қосқан Мағжан.

Жер жұтқан дерсің жылқыны,

Таппайсың ізін жер-көктен.

Әділбек бала кезінен қазақ даласының құдіретті романтикалық сырын біліп, дауылда шынығып ер жеткенін жырлауы – «Сыртынан тонның қар киіп», «Тоңсам да тоңбай келемін, Қара шал сенің арқаңда» деп мойындап, атасымен жортып келе жатқандағы бұлғақ сәтті нақты реалистік суретпен беруі ғажап.

Найзағай не? Жарқ еткен ашуың ба,

Шашып кеп жіберген бір шашуың ба?

Ол аспанды телегей теңізге, ұлы далаға теңейді, жанының сәулесі оттай жанып, шашулы той қылып, құт-береке көреді.

Кеудеңде керілгенде кемпірқосақ,

Мен саған шықсам деймін көпір жасап.

Ақынның ертегілік эпостық санасы сейіл­мейді, бірақ ол ғылыми болжамға, нақты көруге ұласатыны ғажап:

Не сен бір түпсіз қуыс түнекпісің?…

Дүние әуелде хаос болатын, үйлесімді Алла-тағала жаратты делінеді.

Әділбек Абайділданов «Жер» атты өле­ңінде антропологиялық космогонияны таң­дайды, ол Жердің көзі – көл, «құм-шағыл әжімің» деп жырласа, бұл-дағы биік поэти­калық сана. «Айды да Жер екен ғой туа­тұғын». «Көмейі терең қара құз, Қарқара таудың аузындай», «Су да сұлу бетіндей оймыштанып», аруы  бұлттан түскендей көп өлеңінде табиғатты антропологиялық қабылдау басым келеді. «Жылытау, Қара­сеңгірдің кәріліктен шашы түсіп, мүжіліп, қаусап қалыпты» деп жырлайды. Марқакөлді суреттеуінде адамша кейіптеу тұр. Овидий жырларында сүйіспеншілік меңдеген, құса-шерге байланған адам аң-құсқа, ағашқа айналып кетіп, естен тандыратыны сияқты. Оның Қарқара тауы түркі мифологиясындағы жерді мүйізімен ұстап тұрған  көк өгіздің бір тұлғасы – грек мифтеріндегі жерді иығына көтеріп тұратын Атланттай мықты:

Өмір үшін жарық керек болғасын

Күн мен Айды көтереді иықпенен. 

Ақынның стилінде молдық, эйфория мен патетика, дүниеде табиғат пен көшпелі нәсілдің баласына тән жаны жомарттық басым тұрады: «Дарияң – көңілім ғой тасып жатқан»; дүниенің толысуына зәру,  сәл кемуден жаны жабырқайды: «Неге кетік?» деп қараймын  Айыңа». Ілияс сүйген Қарқара тауы, Жетісу табиғатын сол тауда отырып суреттегенін Әділбек ақын жадтан өшірмейді. Бұл өлкеде үш жүзге аты шыққан ақын Сара, қазақ өлеңіндегі әлі ашылмай жатқан қазына аралдай кенішті ақын Қанипа Бұғыбаева туған.

 

«О, өлең, керемет қой құдіретің»

Абайдан соң табиғат лирикасын, жылдың төрт мезгілін, жаратылыстың табиғи құбы­лыстарын, кіндік қаны тамған жері Бақалының көгін, бұлтын, тау-тасын, суын, нуын жырға түгел қосқан кейінгіде бір ақын болса, ол Әділбек Абайділданов. Оның дархан табиғаттан жұққан бір мінезі – мейірімділігі. «Туған жерді сүйген болсаң, жаяу жүр» деп ақын даласын перзенттік сағынышпен тынбай жырлайтыны соның айғағы.

Қос қарлығаш жем іздеп кеткенінде,

Жел тербетіп тұрады бесіктерін.

«Көкшіл мұнар, жаралған дала ағыстан» атты өлеңіндегі сарын (Шәкерімде: «Жаралыс басы – қозғалыс») жан-жануардың табиғат анасына тәубешіл ризашылығы, несіптерін құдай беретіні туралы. Содан әлемге мейір тарайды дегісі бар. Тал басындағы ұяны көріп, көз ақы алған адам жөргегіне жапырақ ораған баласына бұтақтан иіп бесік жасады. Адамзат айнала сайраған сұлу құстарға еліктеу арқылы шаш қойып, сыланып, тарануды үйренген, үлгі алған. Би өнері әуелде құстарға тән қимыл болған.

Арынын аңдамайды кім ісінің,

Өлеңнің мен-дағы бір ырысымын.

Ақылды сөйлеп кетсем – атам Абай,

Шапқанда – Ілиястың інісімін.                                                                                      

«Халқыма».

Әділбек Абайды пір тұтатыны қолтаң­басынан білінеді, әсіресе, жыл мезгілдерін жырға қосқан өлеңдерінде тасқа таңба басқандай анық. Кейінгі қазақта Абайдан үйренбеген ақын атымен жоқ. Абайдың 13 жасында шығыстың ескі шайырларына еліктеп жыр жазған стилін Әділбек ақын жаңғыртты. Есейген Абайдың өз шәкірттері Әріп пен Көкбайды «Мұнда жоқ алтын иек сарала қыз» деп өлеңмен сынағанын біле тұра, қыз жамалын асыл тастан сипаттап төрттаған жазды:

Ерінің – гүл, көзің – гауһар,

Айдында – аққу, көкте – сұңқар.

Төсін керген, ей, ақмарал,

Жарық дүние саған іңкәр.

Оның жарық дүниені жатырқамауы, бауыр­малдығы жырларында тасқа таңба басқандай анық. Түркімен циклінде «Сол жердегі «Ферюза» атты қойнауды, Түркі­мендерге Грибоедов қаратқан» деп жырлайды.

А.Пушкин «Путешествие в Арзрум» атты жол сапар жазбасында Тифлис маңы, арқыраған тау өзенінен өтерде қос өгізге жегілген арбаға артқан ақынның мәйітін кезіктіреді. «Қайдан келесіңдер?» деп сұрадым мен олардан. «Тегераннан». «Не әкеле жатырсыңдар?» «Грибоедовты». Шах сарайында бүлік кезінде 1829 жылы қапияда өлтірілген ақын рухын Пушкин ардақтады. Дер шағында елі бағаламаған мәрт азаматты, үлкен дарынды жоқтады. Қазақ ақыны Әділбек Абайділданов А.Грибоедовты бір өлеңінде екі мәрте мәртебесін асыра жырға қосуы – соның бір белгісі, рухани тұтастық.

Дүниежүзінде бір-бірін өлсе жатсынбайтын, тосырқамайтын жұрт – ақын-жазушылар, өнер иелері. Олар нақты бір халықтың бекзат өкілі болғанымен, сан қилы ұлт болсын мейлі  кей сәт бір тайпа, бір нәсіл, бір тектен тарағандай бітісіп кетеді, бұл үшін дәуір мен уақыттың бөгеті жоқ.

Әділбек ақын есімі дінге тартқанмен, тек махаббат лирикасын керім жырлаған түркімен шайыры Молланепесті, сол елдің белгілі жазушысы Берді Кербабаевты жырға қосты. Оның «Қара көзі жарқ етер, тартынбасаң» –  «Түркімен қызына» – поэтикалық  тарту, махаббат лирикасының шоқтығы:

Бетін бүркеп, ұялып тұрғанменен

Көзге сонша тәкәппар көрінеді.

Қазақ ақындарының кейінгі буынында Ғалым Жайлыбай түркімен аруының аспани көркін, сымбатын сүйініп жырға қосты.

Махаббат лирикасында ақынның та­биғи дегдарлығы сезілмей қоймайды. Өк­темдік, әйел затын кемсіту, тұрпайылық жоқ. «Жерде әйел болғандықтан гүл өседі» –  нәзіктік пен әдемілікті қастерлеп, сүйіктісінің образын жасайды.

Меңдеп алған махаббаттың жарлығы,

Ес жиюға бермейтін ғып мұрсатты,

Сыйлашы сен, соның бәрі, барлығы

Қасқағымда болатұғын бір сәтті.

Сонымен қатар, ол сүйгенінің сезімге мас
болып есі кеткен сәтінің өзінде ибадан аттамауын жанымен қалайды:

Бойыңнан шашау шықпай ар-ұятың,

Еркелік қылық көзге жария тым.

Сен, жаралып пе ең күлімсіреп,

Япыр-ау, неткен жылы ед табиғатың?!

Ақынның сезім шарпуы асып-тасқан мезетте дегдарлықтан айнымауы жаны сұлулығының ишарасы.

Жанымның жоқ көктемнен сырт дауасы,

Ауасынан бал шарап ұрттап алсын…

Қыз дүние кәусарға шомылған ба?

Мөлдір бастаудай тазалыққа тым құштарлығы қайран қалдырады.

«Қос бикеш» атты сатиралық өлеңі қазақ қоғамында сол кезде етек ала бастаған жат құбылысты, бұзылған қыз-жалғызбастылық трагедиясының құпиясын ашады.

Әділбек ақын төрттаған жазса, оған түйін салуы керек, ол көбінесе жақсы мен жаманның жер мен көктей алшақ болмысы туралы. Ақын жүрегін қамықтырған күншілдікті былай суреттейді.

Сыйладым мен әркімді досым ғой деп,

Отырмын бүгін енді тосын ой кеп.

Қараймын әрқайсысына жаным жүдеп,

«Япыр-ау, досым сиқы осы ма, ей?» деп.

Аңқау, ақпейіл көңілмен, қарапайым ұғыммен күншілдік, «Құйрығы шаян, беті адам» (Абай) жалған достықтың  уытын бере алған. Өйткені, ақын әдебиет әлемінің қасиет-қадір, сазды сөздің сиқыр жаратылысын тауып айтқандай:

Сұйық сөз, салқын тіл менен

Музаға жүрмес бас қамы.

Өзі от боп жана білмеген

Жандыра алмас басқаны.

«Бекер адамның басына бақ қонбайды» дейді халық нақылы. Дарын қуыс кеудеге, ұсақ күйкілікке өлсе дарымайды. Ол-дағы тек құнарлы топыраққа өнетін текті өскін тәрізді.

Жырымда қазқалпы тұр табиғатым,

Жұрт, тегі, сөзін оқып таниды ақын.

Лаулаған өрт болайын, сел болайын,

Сен үшін, бір сен үшін, жамиғатым.

Ақынның жаратылысы аңқылдап тұрмаса, болмысы таза болмаса, періште жыр тайқып шыға келері айқын.

Әділбек ақында советтік идеология үстем заманның ағымына еніп, күпіршілікті ойламай жазған бір өлеңі – «Прометейдің аспанға қарап тұрып айтқаны» десе өтірігі жоқ. Өлеңге эпиграф Карл Маркстен алынған. Мұндағы Зевс құдай грек мифологиясындағы көп құдайдың бірі, адамзаттың балалық шағындағы пұт құдай болғанмен, бұл өлеңнің астарында астамшылық шығандау бар.

Құдаймын деп қасарыспай,

маған табын одан да,

Мен тірімін!

Менің жаным – бойда оты бар адамда.

Күпіршілік – ақын-жазушы бас сауғаламай қапы қалатын бір албасты дерт сияқты. Асып-тасып, жынға арбалып, қара басқандай елеуреп кетсе, олар тым артыққа ұрынып сорлайды. Көп ақын бұл жалғанда ажалын өзінің тілінен жазған. Пайғамбарлық даналық күпірден аулақ. Мистикалық шындық солай.

Сеніменен тірестім мен, күрестім мен ұдайы,

Тек жер емес, Адам бүгін – аспанның да құдайы.

Прометей – мифтік қаһарман, бірақ ет пен сүйектен жаралғаны рас болса, оны жарты құдай сияқты қабылдау теріс. Көшбасшы, көсемнің миссиясын орындау – мәрт,
айтулы ердің ісі. Марксизм адамның төменгі жаратылысына тән фәнилік мүддені иемденді. «Марксизм – философия желудка» деп дәріс оқыған мәскеулік ұстазымның сөзі есімнен кетпестей көкейімде жазылып қалды. Әлде ол мұны өлара 1990 жылдардың скептицизмі жеңіп айтты ма екен?! Адамзат ғарышқа ұшқан соң кей жүрек адасты. Оны ақындар елге ұран сала жария етті. Сынықтан басқаның бәрі жұғады. «Ал!» дегенде, басқадан бұрын шаптым» деп Әділбек ақын кейде бекер арандап, текке килігуін мойындаса, бұл мінезінен өнер адамының ақ жүрегі көрінеді.

Еңбекші  қауымды жырлаған патриот­тық рухтағы өлеңдері сол кездегі баспасөз үшін таптырмайтын дүние болған шығар. «Дихан», «Шопан», «Альпинист», «Адам кетіп барады гүлге оранып» со­циалистік қоғам үшін қажет мақаладай,  сылбыр, жаттанды, қара өлеңнің арқасын жауыр, жұртты мезі қылған. Оқуға да, оқымауға да болады.

«Жыласам мен – Отаным деп жылаймын» – Әділбек ақын мұндай өлеңдер жазбаса, сенімсіз болар еді. Ақын дәуірден тыс қалатын Джунглидегі Маугли емес. «Жаман өлеңдерім жақсы өлеңдерімді асырайды»,
бұл сөзді нақты бір ақын айтқанмен, шайыр­лардың көпшілігі бұл шындықтың шеңберінен шыға алмады.

Ақынның өмірсүйгіштігі, иман-мейірі соғыста аяғынан айрылған адам етікшінің рухы жасымауын бейнелейтін «Мүгедек» сияқты шынайы өлеңінде философиялық түйінмен ашылған.

Құлақ түрем тықылдаған дыбысқа,

Тоқтамайды толасы жоқ тіршілік.

«Қырандар» – аңыз бен ақиқат астасқан астары мол, рухы мықты, тілі шұрайлы, құйылып түскендей шымыр поэма. Жырға Келіншектау туралы  аңыз салу реалистік поэзияға алтын жиек салғандай тартымды.

Балағат сөзді судай сапырады,

Аузынан тастамайды тәубасын да.

Мынау «Қырандар» атты поэмасының жексұрын кейіпкері – Қоқай, шор, ожар, қарғыс атқан, қарақшы Қоқай. Қоқай, Қоқай десе, қазақ мұны атына заты сай дейді. Әділбек Абай­ділданов Қоқай бейнесі арқылы мұнафиқ екіжүзді адам жаратылысын, тартюфтік болмысты қалай қазақы нақышпен бере алған. Әділбектің Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» атты классикалық поэмасын пір тұтқаны поэма сарынынан жазбай байқалып тұрады. Ілиястай тегеурінді суреттеу, етене дәлдік, құс жолында қанатты құстай самғаған көркемдік.

Құлагердей текті жаратылыс – Қарабура, мұзбалақ, қыран, бұл – қазақ рухының сим­волдық рухы, нышанды бейнесі.

Намыстың байлауда ол уын ішті,

Жалаған алай-түлей құйын ішті.

Жердегі байлап-матап қорлап келген

Аласа өмірден ол биік ұшты.

 

Ойлаушы ед мүлік қой деп қолдағы деп,

Қыранның шын бейнесін сомдады көк.

Маталған ерік біткен сұм заманда ол

Тұтқыннан босанып ап самғады кеп.

Поэманың идеясы – еркіндік, өлсе де азат­тықта өлу. Қыранның туған жеріне жетіп өлуі – романтикалық биік қаһарманға лайық қимыл. Поэмадағы елдік пафос ақын жүрегінен өзі жиі суреттейтін ай сүтіндей көктен құйылып тұрғаны сезіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button