Басты ақпаратБілім

Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өз мектебінде қонақта болды

Астанадағы №54 мектеп-лицейдің оқушылары мен ұстаздары Білім күнін арқа-жарқа қуанышпен қарсы алды. Бір жағынан жаңа оқу жылының басталуы көңілге көл-көсір шаттық сыйласа, екінші жағынан оларға осы мектептің түлегі, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов бүгінгі мерекемен құттықтауға арнайы келген еді.

плажка kz16 9

– Біздің шаңырақтан талай талант түлеп ұшқан. Солардың бірі – осы Данияр баламыздың жарқын болашағына, қол жеткізер белестеріне бұрыннан сенетінбіз. Кешегі дүбірлі дода кезінде рингке шығарында бәріміз де тақымымызды қысып, тілеуін тілеп отырдық. Үкілі үмітімізді тағы да ақтап, алтын медальді қанжығасына байлады. Ұстаз үшін бұдан асқан қандай бақыт бар?! – деп ағынан жарылды аталмыш білім ордасының директоры Ғалияш Әмрина.

плажка kz16

Ал Даниярдың сынып жетекшісі болған Рая Келесқызы чемпион шәкіртінің оқушы кезін былайша еске түсірді:

– Әдетте спортшыларды тілге шорқақ, гуманитарлық пәндерге ықыласы аз деп ойлаймыз ғой. Бірақ Данияр қазақ тілі, әдебиет, Қазақстан тарихы пәндерінен тым жүйрік болды. Сайыстарға барып келген сайын сыныптастарын жинап алып, кәдесый таратып беретін. Жүлде ілмей қайтқан жарысы жоқ. Әр жеңісін мектеп болып тойлайтын едік.

Өз кезегінде Данияр Елеусінов шексіз алғысын жаудырып, құрмет-марапатқа рахметін айтты. Сондай-ақ, осы мектептің бокс үйірмесіне қатысатын ізбасар інілеріне автографы қойылған қолғаптарды тарту етті.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button