Ел тынысы

Олимпиада жеңімпаздарына қала әкімінің сыйақысы табысталды

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондода өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында қола жүлде еншілеген хоккейшілер құрамасын қабылдап, қол жеткізген нәтижелерімен құттықтады және арнайы қала әкімнің сыйақысын табыстады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Есет Берікұлы Канвон төріндегі Олимпиадада хоккейшілеріміз қола жүлде үшін өткен тартысты матчтағы жеңіс тәлімгерлер мен жаттықтырушылардың ерен еңбегі екенін атап өтті.

«Спорт – өміршең сала. Өйткені, ол салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен дене тәрбиесінің бірден-бір кепілі. Ол арқылы талай жандар үлкен өмірге жолдама алып, есімдері тарих күнтізбесінде алтын әріптермен жазылды. Қай спорт түрін таңдасаң да, оның тарихына үңіліп, болашаққа бағдар жасау жеңіске қашан да жақындатады. Бүгін жеңіске жеткен жерлестерімізді құрметтеу үшін арнайы жиналып отырмыз.

Солардың бірі Кореяда өткен IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында жерлестеріміз ел қоржынына қола жүлде салды. Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы үшінші орын үшін өткен тартысты бәсекеде Аустрия құрамасын тізе бүктіріп, Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды.

Ел намысы үшін сынға түсіп, қазақ халқын қуаныш пен шаттыққа бөлеген жас хоккейшілерімізді жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Қашанда еліміз Сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады. Өздеріңіз сияқты ерік-жігері мықты жас спортшылардың еліміздің болашағы екеніне кәміл сенемін. Жеңіс жолында қолдау көрсеткен тәлімгерлер мен жаттықтырушылар ерекше алғысқа лайық.

Бүгінгі бағындырған биік белестер алдағы олимпиадалардағы жетістіктердің бастауы деуге болады. Алдағы байрақты бәсекелерде табыс тілеймін», — деді Есет Байкен.

Айта кетейік, жасөспірімдер олимпиадасына кёрлинг спорт түрінен сынға түскен елордалық ағайынды әпкелі-інілі Мерей мен Ибрагим Тастемірлер ал, шаңғы жарысы бойынша Берік Боранбаев, конькимен жүгіруден Руслан Жанаділов және шайбалы хоккейден жерлестеріміз ел намысын абыроймен қорғады.

Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан әлемнің 78 елі арасында 20-шы орынды иеленді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button