Басты ақпарат

Олимпиададағы олжамыз қандай?

ХХІ ғасыр – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, жоғары технологияның заманы. Мұны жасайтындар кімдер? Білімді, білікті, белсенді жастар. Олар өздерін қалай, қайда көрсетеді? Әрине, білім деңгейін пәндік олимпиада мен ғылыми конкурстарда дәлелдейді.

[smartslider3 slider=3747]

Әлем елдерінің білім саласын саралағанда бәсекенің осы түрлерін есепке алып, оқушылардың білім деңгейіне баға беріп жатады. Әсіресе, әлемде бәсі жоғары жеті пәндік олимпиада бар. Олар: математикадан – IMO, информатикадан – IOI, физикадан – IPhO, химиядан – IChO, биологиядан – IBO, географиядан – IGeO, лингистикадан – IOL.

Халықаралық пәндік олимпиаданың осы түрлері бойынша әлем елдерінің білім жүйесін саралап, ғылым, инновация саласындағы жетістігін бағдарлауға болады. Соңғы 10 жылдың көрсеткішін талдайтын болсақ, Қытай білімпаздарының бағы үстем екеніне көз жеткізуге болады. Мәселен, 2012 жылдан бері Қытай құрама командасы математика пәнінен 6 рет, физика пәнінен 7 рет бас жүлдені иеленді.

Озық елдер ақыл-ой күшін дамыту арқылы биік жетістіктерге жетсе, пәндік олимпиадалар – дарындылардың білімін таразылап, тәжірибе жүзінде өзінің деңгейін көрсетін платформа. Интеллектік деңгейі жоғары адамдар көбіне өнертабыстарды ойлап тауып, өндіріске, қызмет көрсету саласына инновациялық жобаларды енгізіп жатады. Міне, дәл осындай ақыл-ой қызметі Қытайда қарқынды дамығанын көруге болады. Мәселен, 2015 жылдан бері Қытайда 1 миллионнан аса (2015 жылы – 1 010 557, 2016 жылы – 1 257 466, 2017 жылы – 1 306 077, 2018 жылы – 1 460 243, 2019 жылы – 1 328 067, 2020 жылы – 1 441 085) өнертабыс патенттеледі. Мұңы терең зерттесек, зияткерлік сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің үлесі басым екенін аңғару қиын емес.

Жеке патент дегеніміз не, ол – тың идея, тартымды бизнес, инновациялық жоба. Оның артында шағын және орта бизнес, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығы саласына жаңа инновациялық технологияның келуі тұрады. Мұның бәрі ел экономикасын еселеп өсіретін ресурс, адами капиталдың жемісі.

Енді әлемдегі ең беделді 7 олимпиаданың тарихы, қазақстандықтардың үлесі мен жетістігі, биылғы көрсеткіші туралы тоқталсақ.

Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін – математика

1959 жылы Румынияның Бухарест қаласынан бастауын алған Математикадан халықаралық олимпиада әлемдегі ең беделді, белді білім бәсекесі саналады. 1992 жылы Қазақстан Мәскеу қаласында алғаш рет қатысып, 4 қола медальға ие болған-ды. Содан бері үздіксіз қатысып келеді.

Ұлттық команданың ең үздік жетістігі 2010 жылы тіркелді. Астана қаласында өткен зияткерлік сайыста қазақстандық олимпиадашылар 3 алтын, 2 күміс медаль алып, жалпыкомандалық есепте 5-орынға көтерілді.

Биыл Норвегияның Осло қаласына 104 мемлекеттен 589 жас математик жиналып, өзара мықтыны анықтады. Қазақстан атынан қатысқан 6 оқушының 3-і күміс, 3-і қола медаль алып, командалық есепте 17-орынға тұрақтады.

– Жыл өткен сайын IMO-ға қатысушылардың білім деңгейі көтеріліп, бәсекелестік артып келеді. Егер 2021 жылы олимпиадаға қатысушы 24 баллмен алтын медаль иеленсе, биыл алтын жүлде алу үшін 34 балл жинау қажет болды. Еліміздің намысын қорғаған Сам Фетуллах (Spectrum, Нұр-Сұлтан қаласы), Таир Сатубалдин (Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы қаласы), Мирон Юркевич (Республикалық физика-математика мектебі, Алматы қаласы) екінші орыннан көрінсе, Зауытхан Әділет (Білім-Инновация лицейі, Атырау қаласы), Абу Әділет, (Білім-Инновация лицейі, Ақтау қаласы), Юрий Тен (Haileybury, Алматы қаласы) үшінші орын алды, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ануар Унайбеков.

Информатика ­тілі ­– жаһан тілі

Расында, ХХІ ғасыр  – ақпараттық-коммуникациялық  технологиялар заманы десек, оның тілі мен ділін IT мамандар ұғады. Ал бұл ілімнің негізі информатикада жатыр. Қазір әлем елдері компьютердің тілін меңгеріп ғана қоймай, цифрландырудың сырын ұғуда информатика саласын жаппай жетілдіруге кірісті. Осыдан-ақ жас информатиктерді даярлаудың маңызын түсінуге болады.

1989 жылы 16-19 ­мамырда Болгарияның Правец қаласында Информатикадан халықаралық олимпиаданың негізі қаланды. Алғашқы информатиктердің жарысына 13 ел қатысса, соңғы жылдары 100-ден астам елден 500-ге тарта қатысушы білімін сынап жүр.

1998 жылы Қазақстан Португалияның Сетубал қаласында өткен ­олимпиадаға алғаш рет қатысты. Біздің білімпаздар 24 жылда 3 алтын, 21 күміс, 37 қола медаль алды. 2016 жылы Ресейдің Казан қаласында 3 күміс, 1 қола медаль жеңіп, командалық есепте 8 орын алып, ең жоғары жетістік тіркелді.

2022 жылғы 7-15 тамыз аралығында Индонезияның Джокьякарта қаласында өткен білімділер алаңында 88 елдің 357 оқушысы екі турда білімін таразылады. Әр турда қатысушылар бағдарламалау бойынша үш мәселені шешу керек-ті. Біздің өрендер олимпиаданың қорытындысы бойынша 2 күміс және 2 қола медальға ие болды.

Физика – біздің өміріміз

Физика заңдылығын тану арқылы шексіз, шетсіз әлемді жаратқан Жаратушының заңдылықтарын тануға болады. Міне, физика ғылымының маңызы осында!

Жалпы адамзат бүгінгі жетістікке жетуде физика ғылымына қарыздар.

Кейде елдердің әлеуметтік-экономикалық жетістігін саралауда ғылым саласына назар салса, оның ішінде физика ғылымы ең ­маңызды рөлге ие екенін жақсы білеміз.

1967 жылы Польшаның Варшава қаласында жер жүзінің үздік физиктері жиналып, физикалық теңдеулер мен есептердің жауабын іздеді. 1997 жылы Канаданың Садбери қаласында өткен IPhO-ға Қазақстан алғаш рет қатысты.

2022 жылдың 10-17 шілдесі аралығында Литваның Вильнюс қаласына әлемнің 75 елінен 368 оқушы қатысушы білімі мен дағдысын екі турда сынады. Бірінші турда – теориялық мәселелерді шешсе, екіншісі турда – зертханалық жұмыстарды орындады.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің шәкірті Даниил Шатохин алтын медальға ие болды. Ал, күміс медальды Ерсұлтан Пітебай (Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы қаласы), Владимир Лим (№8 мектеп-лицей, Павлодар қаласы), Дінмұхаммед Рахымжанов (№8 мектеп-лицей, Павлодар қаласы), Ризабек Алпамыс (Білім-инновация лицейі, Атырау қаласы) еншіледі.

– Бізге сенім артып, физика пәнінен терең білім берген ұстаздарыма шексіз алғыс білдіремін. Бұл жетістікпен тоқтамай, физика ғылымын терең зерттеп, үлкен жаңалықтар ашқым келеді, – дейді елордалық жас физик Даниил Шатохин.

Химия – ғажайыптар әлемі

Орыс ойшылы ­Михаил Ломоносовтың «Қайда қарасақ та, қайда көз ­жүгіртсек те көретініміз химия ­ғажайыптары» дегені ақиқат сөз. Рас, әлемнің сыны мен сырын химиясыз тану мүмкін емес.

1968 жылы 18-21 маусым аралығында Чехияның астанасы Прагада әлемнің жас химиктері білімін саралады. Бұл – химия пәнінен өткен алғашқы халықаралық олимпиада.

1998 жылы Австралияның Мельбурн қаласына 47 мемлекеттің дарындылары келсе, солардың арасында алғаш рет қазақстандық оқушылар да қатысты. 2016 жылы Грузияның Тбилиси қаласында ең жоғары жетістікке ие болды. Онда 3 күміс, 1 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте 15-орыннан көрінді.

2022 жылы Қытайдың Тянцзинь қаласында әлемнің 83 елінен 332 оқушы қатысты. Қазақстан атынан қатысқан Мадияр Қасымалы (Білім-Инновация лицейі, Қарағанды қаласы) алтын медаль, Санжар Бисенәли (Назарбаея зияткерлік мектебі, Нұр-Сұлтан қаласы), Санжар Нұрғалиев (Білім-Инновация лицейі, Ақтау қаласы), Альмира Нұрланова (Назарбаев ­зияткерлік мектебі, Павлодар қаласы) күміс медаль еншіледі.

– Әлемнің ең үздік химиктерінің басы қосылған алаңда қобалжу сезімі болғанын жасыра алмаймыз. Дегенмен команданы бастап барған ұстаздарымыз жігерімізді, ойымызды жинауға көмектесті. Нәтижесінде жақсы көрсеткіш көрсеттік. Қуаныштымын! – дейді Нұр-Сұлтан қаласының мақтанышы Санжар Бисенәли.

Тіршіліктің сипаты – биологияда

1990 жылы Чехияның Оломоуц қаласына әлемнің 6 елінен 22 жас биолог келіп, алғашқы Биологиядан халықаралық олимпиаданың шымылдығын түрді.

1994 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен IBO-ға Қазақстан тұңғыш рет қатысты. 1995 жылы Тайландтың Бангкок қаласында өткен білімділер бәсекесінде екі оқушы қола медаль жеңіп алып, содан бері қазақстандық оқушылар үздіксіз орын алып келеді. Жалпы, 1995-2022 жылдары біздің олимпиадашылар 2 алтын, 18 күміс, 52 қола медаль еншіледі.

2022 жылдың 10-18 шілдесінде Арменияның Ереван қаласына 63 мемлекеттен келген 250 оқушы ­теориялық және практикалық турларда өзара бәсекеге түсті. Отандық құрама ел қоржынына 3 күміс және 1 қола медаль әкелді.

География – бұл әлемтану

Наполеон Бонапарт бұл сөзді қандай мәнмен айтқан екен, ә?! Қалай болғанда да, әлем картасындағы елдердің орналасқан орны, табиғаты мен климаты, флорасы мен фаунасы туралы ақпаратты география арқылы білеміз. Яғни географияны жақсы білген адам әлемді жақсы таниды деген сөз.

Біздің білімпаздар әлемді қаншалықты біледі. Мұны Географиядан өткен халықаралық олимпиада арқылы білуге болады.

1996 жылы 4-10 ­тамызда Нидерландының Гаага қаласында IGeO басталса, Қазақстан 2012 жылдан бастап қатысса, 2017 жылы Сербияның Белград қаласында алғашқы медальды (қола) алады.

Жалпы IGeO тарихында Қазақстан 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль алды.

2022 жылы Францияның Париж қаласындағы зияткерлік жарысқа 54 мемлекеттен 216 географ қатысып, онда қазақстандық талаптылар 1 алтын, 1 күміс еншілеп, командалық есепте 20 орыннан көрінді.

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Хамитов команданың қоржынын алтын медальмен толықтырды. Айта ­кетейік, Санжар жуырда ғана Географиядан Еуропалық олимпиадаға (EGeO) қатысып, алтыннан алқа таққан болатын. Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы, шымкенттік Еркебұлан Тазабек болса қола медаль иеленіп, IGeO-ның екі дүркін жүлдегері атанды.

Тіл – қоғамның айнасы

Лингвистика тіл білімін танитын құрал ғана емес, ұлттың болмыс-бітімін зерттейтін ғылым. Әлемде уақыт озған сайын қаншама тіл жойылып, тұтас ұлттар өмір сүруін тоқтатады. Әлемдегі ең жас пәндік олимпиаданың бірі – Лингвистикадан халықаралық олимпиада осы бағыттағы білімді зерделейтінімен қызықты. 2003 жылдан бері өткізілетін олимпиаданың жыл сайын беделі артып келеді.

2015 жылы 20-24 шілдесі аралығында Болгарияның Благоевград шаһарында өткен лингвистердің ­сайысына Қазақстан алғаш рет қатысып, тоғыз жылда 5 медаль алды.

Биылғы қатысушылар 2 қола медаль мен Құрмет грамотасын алды.

24-31 шілде күндері Қазақстан ұлттық құрама командасы осы беделді олимпиадада ел намысын қорғау үшін Англияға қарасты Мэн аралына аттанды. Биыл өткен зияткерлік жарысқа әлемнің 36 елінен 200 оқушы қатысты.

Бірінші турда – қатысушылар бес тілді зерттеді. Яғни Убых (Абхаз-Адыгей тіл әулетіне жататын жойылып кеткен тіл), Чам (австронезиялық тіл әулеті), Нцъу (соңғы тасымалдаушы ОАР-да тұрады), Арабана (Оңтүстік Австралия штатында 15 тіл иесі),  Алабама (Техаста 360 тіл иесі) мән-маңызын түсінуге талпынды. Екінші тур Цинь әулетінің ресми тілдерінің бірі болған маньчжур тіліне арналды.

Олимпиаданың қорытындысы бойынша Дарья Пересыпкина (Физика-метематика мектебі, Нұр-Сұлтан қаласы), Аида Давлетова (Назарбаея зияткерлік мектебі, Нұр-Сұлтан қаласы) қола медальға ие болды.

P.S: Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойды. Енді алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Сондай-ақ, халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері үшін отандық ЖОО-ға автоматты түрде грант тағайындалады. Бұл – олимпиадашыларға үлкен мотивация беретіні анық.

Білімді жастарға мемлекеттің қамқорлығы артуымен қатар, көрсеткіш те өскенін көруге болады. Мәселен, 2021 жылы халықаралық олимпиаданың нәтижесінде қазақстандық олимпиадашылар 2 алтын, 13 күміс, 11 қола медаль алып, Тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткішке ие болған-ды. 2022 жылы 3 алтын, 15 күміс, 9 қола медальға жетіп, ұлтымыздың зияткерлік деңгейі жаңа белеске көтерілді. Бұл – Оқу-ағарту министрлігі жүргізген жүйелі жұмыстардын  нәтижесі деуге болады.

Жастарымыз биіктерден көрініп, жеңісті күндер көп болсын!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button