20 жыл шежіресіАстана-20Таным

Өлкенің өрнекті шежіресі

Целиноград қаласындағы облыстық өлкетану музейі Кеңес өкіметі орна­ған алғашқы жылдарда (1923 ж.) ұйымдастырылған. Оның жеті залында 50 мыңға жуық экспонат бар.
Музейде XV-XIX ғасырлардың арасын­дағы қазақ халқының әлеуметтік өмірі, тұрмысы мен мәдениеті туралы жан-жақты көрсетіледі. Әсіресе, халық шеберлері жасаған ою-өрнек, зергерлік бұйымдар көздің жауын алады. Күміс жалатқан ер-тұрман әбзелдері: үзеңгі, тартпа, құйысқан, өмілдірік және асыл тастары жарқыраған білезік, жүзік, шолпы, зермен кестелеген сәндік сүлгі – Орталық Қазақстан қазақтарының тұрмыс мәдениетін нақты бейнелей алады.
Қазақ халқының басындағы ауыр кезең XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы Есіл өңіріне де үлкен зардабын тигізді. Музейде сол кездегі шайқастардың картасы ілінген бөлмеде халық батырларының бірі киген темір сауыт тұр.


Музей іргетасы 1832 жылы қаланған Ақмола (Целиноград) қаласының өткен тарихы жөнінде де кеңінен әңгімелейді. Қала гербінің суреті тұрған кең залда қаланың көше шамы, оның ұлықтары мен әкімдерінің қызмет дәрежесін көрсететін белгілері, мөрлері орын алған.
Ақмола XIX ғасырдың соңында аздап жеңіл өнеркәсіп дамыған, музейде Ақмола сабын жасау зауытының мөрі және оның шығарған сабын түрлері сол күйінде тұр. Қала ірі сауда орталықтарымен тығыз байланыс жасапты. Оның ашық жәрмеңке тауарлары: самаурын, шәй құтылары, тігін машиналары, көптеген мата түрлері Ресейдің жеңіл өнеркәсібі жөнінде түсінік береді. Мұнда капиталист А.Кузнецовтың фарфор зауытының жекелеген бұйымдары бар.
1912-1917 жылдар аралығында қалада бірнеше орта оқу орны болған. Ақмола әйелдер мен ерлер училищесінің мақтау грамоталары, куәліктері өлкенің сол кездегі ағарту жұмыстары жөнінде біршама мәліметтер береді. Сонымен қатар, бұл жерден ұлы ағартушы Ы.Алтынсаринге қатысты тарихи құжаттарды көруге болады.
Елдегі аграрлық дағдарысқа байланыс­ты патша үкіметінің 1889 жылы орыс шаруаларын қоныстандыру тәртібі жөнінде заң шығарғаны белгілі. Бұл заң 1906-1912 жылғы Столыпин реакциясы кезінде қатты күшіне енді. Қазақстанға Волга бойы мен Украинадан мыңдаған орыс шаруалар келді. Олардың қазақ даласындағы тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы жайында музей ерекше әсер береді. Орыс мұжығының шәркейі мен шалғы-орақтары қоныс аударушылардың өмірін әр қырынан көрсетіп тұр.
Олардың туған жерінен айырылып, босқынға ұшырауын «Қоныс аударушының өлімі» атты картина ілінген бұрыш жақсы түсіндіреді.
Бұл залдағы біршама экспонат XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ, орыс халықтарының достығы мен мәдениетіне арналған. Көрермендер екі ұлт ұл-қыздарының арасындағы махаббат пен сүйіспеншілік сырын шерткен атақты «Дударай» әнінің авторы Мариям Жагорқызының (Мария Егоровна Рекина) қазақша киіммен түскен портретімен жүздеседі. Тағы бір ерекше экспонат классикалық күрестің асқан шебері, осы өлкеде 1871 жылы дүниеге келген, «қазақ даласының батыры» атағын алған күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың (Қара Иван) тамаша чемпиондық наградаларының бірі – оған Түркия мемлекеті берген араб, түрік жазуларымен өрнектелген әдемі кубогы еріксіз қызықтырады. Сондай-ақ, палуанның 48 алтын, күміс медальмен алқа тағып түскен сом мүсінді суреті бар.
Қазақстанның Семей, Омбы, Петропавл қалалары сияқты Ақмола да 1890-1897 жылдары айдаудағы социал-демократтардың кесімді мерзімін өтейтін жері болды. Музейде Харьковтен келген социал-демократ Бекарюковтің, «Оңтүстік орыс жұмысшылар одағының» мүшесі А.М.Богомолецтің және листоктар таратқаны үшін Қорғаннан жер аударылған ұста А.Уфимцевтің суреттері бар. Олар мұнда патша өкіметіне қарсы астыртын жұмыстар ұйымдастырып, саяси үйірмелерге жетекшілік жасаған. Бұл бөлімде 1900 жылы шыққан большевик­тердің «Искра» газетінің №1 саны тұр.
Экспонатқа бай музейдің үлкен бір залы Ақмола облысында Кеңес өкіметінің қалай орнағанын әңгімелейді. Революционерлер: С.Сейфуллин, Ә.Майкөтов және Н.М.Ирченко сияқты коммунистердің жұмысшы-шаруа өкіметін орнату жолындағы қажырлы күресі кеңінен баяндалады. Ақмола ревкомының белсенді мүшесі болған С.Сейфуллинге арналған жеке бұрышта революционер-ақын пайдаланған «СИ-235» радиоқабылдағышы, қалам мен сия сауыты және кейінгі жылдары алған медаль, ордендері бар.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ақмолалықтардың майдандағы және тылдағы ерліктері сол ауыр кезеңдей көз алдына келеді. Көрермендер Ленинград түбіндегі шайқаста А.Матросовтың ерлігін қайталаған жауынгер И.Скурдиннің және 310-атқыштар дивизиясының барлаушысы С.Қараметдиновтің, Украинаны азат етуге қатысқан генерал-майор А.Ф.Наумовтың ерлігімен танысып, олардың пайдаланған жеке заттарын көреді. Майданда шыққан газет, журналдардың қиындылары, плакаттар және әскери киімдер мен кейбір қару үлгілері сұрапыл соғыстың жанды айғағындай.
КПСС Орталық Комитетінің 1954 жылғы көктемде өткен Пленумы «Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы қабылдады. Коммунистік партияның тың көтеру жөніндегі ұлы идея­сы осы документте жан-жақты көрініс тапты. Музейдің тың игеруге арналған үлкен екі залы ұлан-ғайыр даладағы алғашқы дүбірлі еңбекті сол шабытты күйінде көрсетуге арналған. «Дала оянып келеді» атты диорамада шетсіз-шексіз, қыртысты дала бейнеленіпті. Оның дәл ортасында ғұмырында түрен тісі тиіп көрмеген, мидай жазық жерді таспадай тіліп соқалы трактор келеді. Бұған қарама-қарсы алғашқы тың игерушілердің шатырлары тұр. Оң қабырғадағы тұтасқан қалың сурет бұл өлкенің тарихында болмаған ұлы еңбектің бастамасын тек көрермендерге ғана емес, бүкіл дүниеге жария етіп тұрғандай. Өлкенің мәңгі тыныштықта жатқан марғасқа даласына тұңғыш борозда салған түрен түрлері, алғаш себілген тұқым сұрыптары, механизаторлардың киімдері мен техникалық аспаптары, тыңгер жастардың комсомолдық жолдамалары, тағы басқа толып жатқан экспонаттар тың игерушілердің теңдесі жоқ еңбегін барлық жағынан молынан бая ндайды.
Қазақстанның алғашқы миллиарды бейнеленген қабырға-стенді де өлке диқандарының 1956 жылы Отан қоймасына қанша пұт астық құйғаны ірі-ірі цифрлармен айшықты етіп жазылған. Облыста өсірілетін бидай сұрыптарының бума-бума масақтары да көз қызықтырады. Аты аңызға айналған тың тарландары М.Е.Довжик, Л.И.Картаузов, В.Рагузов және Шортандыдағы Бүкілодақтық астық шаруашылығы институтының директоры, ВАСХНИЛ-дің академигі А.И.Бараевтың еңбектері жөніндегі жүйелі стенділер мен олар пайдаланған жеке заттар тыңның тарихи рухын әсерлі жеткізіп тұр.
Тың төсіне қонған космонавтар В.Ф.Быковский мен В.В.Аксеновтің облыс диқандарына ескерткіш ретінде тартқан ғарыш экспонаттары музейдің соңғы залына орналастырылған. Сондай-ақ, бұл залда өлкенің ғылыми-техника және өнер саласындағы бүгінгі жетістіктері жайында тартымды экспонаттар бар.
Целиноград өлкетану музейі – ғылыми негізде жүйелі түрде ұйымдастырылған. Ол Есіл өңірінің сонау алғашқы қоғамдық құрылыс суреттерінен бастап, аспанында космос кемесі жүйткіген қазіргі заманға дейінгі ұлан-ғайыр дәуірден сыр шертуімен ерекшеленеді.

Р.S. Ақмола ел орталығына айналған соң, бұл музей жаңа республикалық мекеме құрамына енгізілді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ

ӘЛЕМ ҚАЗАҒЫ ЕЛЕҢ ЕТТІ

Астананы көшіру жөніндегі шешім (1994) жер шарына тарыдай тарап кеткен қазақтарды да елең еткізді. 1994 жылы қазан айында мен АҚШ-та Нью-Йорк қаласында іссапарда болдым. Онда тұратын Күнтуған, Әбдуәхит атты қазақтар және Халифа Алтайдың ілік-жақындары менен елорда көшетін Ақмола өңірі жөнінде, онда тұратын тұрғылықты халықтар жайында, өлкенің табиғаты мен жер-суы төңірегінде көп сұрады. Жазылған қандай кітап, шежіре, тарих бар деп әбден қазбалады. Еуропада оқып, білім алған әлем астанасы атанған Нью-Йоркта тұратын қандастарымыздың болашақ елордаға байланысты бәрін білгісі келетін сергектіктері мен тілектестіктері ұнады. Әбдуәхиттың үйінде Қараөткел – Ақмола – Целиноградтың ежелгі тарихы мен Тың өлкесінің қазіргі жағдайы туралы әңгімелеп бердім. 1983 жылы Целиноградта іссапарда болып, қаланы аралап, облыстық өлкетану мұражайына кіріп, «Өлкенің өрнекті шежіресі» атты мақала жазғанымның сонда пайдасы тиді. Аталған мақала 1984 жылы 2 нау­рызда «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланып, оқырманды елең еткізген еді. Мұражай мұрағаттары бойынша жазылған мақаладағы шежіре, дерек, тарихи оқиғаларды неге екені белгісіз жаттап алған болатынмын. Сөйтіп, америкалық қазақтарға ол кезде Ақмола аталатын қала жөнінде біраз мәлімет бердім. БҰҰ-ға Семей полигонының қасіреті жөнінде оның Қауіпсіздік кеңесіне петиция тапсырып, шеру акция өткізген бізді оншақты күн үйіне жатқызған Алтай жақтың қазағы Әбдуәхит «Көш көрікті болсын» деп тілек тілегені жадымда мәңгі жатталып қалды. Дүние жүзінің елуден аса елінде болған бизнесмен Әбдуәхит қайтар күні «Ораз, бауырым, Ақмола туралы жазған мақалаңды және тағы да басқа қаламгерлердің еңбектері болса тауып, жинап қой. Мен құдай қаласа, келесі жылы Қазақстанға барамын, алдымен өзіңді тауып аламын» деп, мекенжайымды толық жазып алған еді. Өкініштісі, Әбекең Қазақстанға келуді жоспарлап жүргенде аяқ астынан қайтыс болды. Қазаны 1996 жылы ЫСтамбұлда жүргенде естідім. «Өлкенің өрнекті шежіресі» атты мақаланың көшірмесін оған дайындап қойған едім. Бұйырмады.
Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Орталық мұражайға, Ұлттық академиялық кітапханаға бұдан 35 жыл бұрын жазылған осы мақаланы өзім арнайы барып, тапсырдым. Астанаға байланысты жазылған еңбектер, зерттеулер мен анықтамалықтар, кітаптар қазір жетіп артылады. Мен жазған мақаланың артықшылығы сол – бұдан 35 жыл бұрынғы өндірістік қала мен өлкенің сол кездегі көрінісі мен дамуы көз алдыңа келеді. Сондықтан шетелдік қазақтар үшін кезінде керек болған, бұдан 34 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақаланы елордалық басылымға ұсынуды жөн көрдім.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button