Мәдениет

Өлмес, өшпес әндер иесі

«Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Сағындым сені» атты көрнекті әнші-композитор, ҚазКСР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескендір Хасанғалиевті еске алу кеші өтті. Осы концертпен елорданың Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның үрлемелі оркестрінің XXI концерттік маусымы ашылды. Композитордың жары Дарико Хасанғалиева мен ұлы Біржан кештің арнайы қонақтары болды. Елорда әкімдігі атынан оларға қала басшысының орынбасары Асхат Оралов құрмет көрсетті.  

[smartslider3 slider=767]

Үрлемелі оркестрдің (көркемдік жетекші Никита Почиталин, бас дирижері Дархан Рахымғалиев) сүйемелдеуімен жанды дауыста композитордың өлмес, өшпес туындылары шырқалды.

Ескендір Хасанғалиевтің өнердегі жолы әншіліктен басталды. 21 жасында ақын Оспанәлі Иманалиевтің өлеңіне өзінің алғашқы «Анаға сәлем» әнін жазды. Бұл туындының жазылғанына биыл тура алпыс жыл толды. Өзінің шығармашылық ғұмырында 200-ге жуық әні жазылды. Соның ішінде бейресми түрде елдің әнұранына айналған «Атамекеннің» дүниеге келгеніне жартығасырдан асты.

Композитор көрнекті ақын Бәкір Тәжібаевпен бірге шығармашылық байланыста болып, екеуі жемісті еңбек етті. ­Хасанғалиевтің сәтті туындыларының көпшілігі осы ақынның қаламынан туған. Сондай-ақ Қадыр Мырза Әли, Тұрсынай Оразбаева, Хамит Ерғалиев, басқа да ақындардың өлеңдеріне ән жазды. Сондай ел сүйіп тыңдайтын «Әдемі-ау», «Алматының алмасы», «Жанарым», «Келші, келші, балашым», «Гүл сезім» секілді және т.б. әндері кеште айтылды.

Оларды белгілі әншілермен қатар жас әншілер шырқады. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Майра Ілиясова мен Нұрлан Өнербаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Арайлым Рахымқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдын Жұмабаев, Нұрбол Балапанов, Әйгерім Ораз, Парасат Отан, Талғат Аллабиринов, Ақбота Кұснадин, Әкімхан Мәженов, Мұратбек Хайролда, Нұрбол Балапанов, Бақдәулет Жақыпов, Аружан Қойшықара салды. «Alem» эстрадалық би ансамблі, Ұлттық гвардияның «Құрмет» қарауыл ротасы өнер көрсетті.

Нұрлан ӨНЕРБАЕВ:

– Бүгінгі кеште сіздер мен біздердің басымызды қосып отырған, әрқайсымыздың жүрегіміздің төрінен орын алған – қанатты әндер. Сол әндерді дүниеге алып келген – қазақтың біртуар азаматы, таутұлға, ұлы композитор Ескендір Хасанғалиев. Бұл кеш еске алу кеші болып жарияланды. Ал негізінен, Ескендір ағамыздың өзінің қатысуымен өту керек еді. «Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» дейді. Артында сүйікті тыңдарманы бар да, тұяғы, өзінің ізін жалғау­шы ұлы бар да, бүгін ортамызда отырған Дарико жеңгеміз бар да ағамыздың есімі де, ұлы шығармалары да ешқашан өшпейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button