Басты ақпарат

Омбыдағы кезеңнен не білеміз?

Көрнекті ағартушы, ғалым, ақын, журналист, ұлт-азаттық Алаш қозғалысының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы 1929 жылдың 12 мамырында өзінің жазған өмірбаянында туған мекені, оқыған жері, қызмет істеген қалалары жайында қысқаша айтады.

[smartslider3 slider=2110]

Онда Қостанай округы, Торғай ауданы, Тосын болысында туғанын, Торғай училищесінде, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебінде білім алғанын, Қарқаралы қаласында екі сыныптық училищеде меңгеруші болып қызмет істегенін, Семей абақтысында қамауда отырғанын, Орынборда «Қазақ» газетін шығарғанын, Ташкентте жауапты қызметтер атқарғанын көрсетеді. Бұл құжатта ұлт ұстазының Ақмола облысының орталығы болған Омбы қаласында өткізген уақыты жайында айтылмайды. А.Байтұрсынұлының өмірбаяны, негізінен, осы дерек көзіне сүйеніп жазылады да, қайраткердің Омбы кезеңі еленбей жатады. Мысалы, 2017 жылы жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы» тұлғалық энциклопедиядағы «Омбы» атты мақалада «Байтұрсынұлы оқу мен қызметінің біраз бөлігін осы Омбы қаласында өткізген» деп қана қысқаша ақпарат беріледі.

Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай» атты мақаласында А.Байтұрсынұлының Омбыда болғанын айтады: «…1904 жылы июнь айының басында Омскіге барғанымда Абай өлеңдерінің жазбасын алғаш Ахмет Байтұрсынұлынан көрдім. Сонда Байтұрсынұлы айтты: «Естуімше, Абай өз өлеңінің басылып шығуын тілемейді һәм бастыруға ешкімге рұқсат бермейді екен, күз Қарқаралы қаласына барамын, сонда әдейі бұрылып, Абайға сәлем беремін, танысамын һәм өлеңдерін бастыру жайынан сөйлесемін» деп».

Бұл құнды деректен Ахмет Байтұрсынұлының Омбы қаласында 1904 жылы болғанын біле аламыз. Ал көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов 1923 жылы «Ақ жол» газетінде басылған «Ахаңның елу жылдық юбилейі» атты мақаласында Алаш қайраткерінің Омбымен байланысы жайында төмендегідей дерек ұсынады: «…1896 жылы Омбыда Ақмола, Семей школдарын басқарып тұрған Алекторовпен хабарласып, Омбыға барған. Ахаңның Қостанайдан кетуі себептерінің көбі бізге белгісіз. Кетуінің бір себебі қазақтың басқа жерлердегі хал-жайын көріп-білу болса керек. Омбыға барып, Алекторовпен көрісуі – Ахаңның кейінгі күндегі адамшылығы мен ісіне екі түрлі әсер берген. Біреуі Алекторовтың қазақ турасындағы отаршылдық саясатының басын біліп, көздеп жүрген мақсұтын сезген болар… Алекторовпен танысудың екінші әсері – Ахаңның жолы ашылып, пікірі ашылып, бұрынғы білім-өнер жүзіндегі шала білініп, көмескілеу түсініп жүрген нәрселерін таза білуіне себеп болған. Омбыдан соң аз уақыт тұрған жері – Қарқаралы».

Әлихантанушы Сұлтанхан Жүсіп Алаш көсемінің өмірі мен шығармашылығы туралы «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» атты монографиясында Әлихан мен Ахметтің қашан, қандай жағдайда алғаш танысқаны туралы жазады. Зерттеудің «Әлихан. Ахмет. Міржақып – үш ұстын» бөлімінде Алаш арыстары қалай танысты, бір-бірін қашаннан бері таныды деген сауалға жауап іздейді: «Демек, 1901 жылы Әлихан-Ахмет тандемі пайда болды және оған сәл кешірек Міржақып Дулатұлы қосылған» деп жазады алаштанушы. Бұл кітапта С.Жүсіп ХХ ғасыр басында Омбыға шоғырланған төмендегі қазақ азаматтарын атайды: Райымжан Марсекұлы (1902 жылы С.Петербург университетінің заң факультетін бітірген), Айдархан Тұрлыбайұлы (1902 жылы С.Петербург университетінің заң факультетін бітірген), Жақып Ақпайұлы (1903 жылы С.Петербург университетінің заң факультетін бітірген), Жағыпар Айманұлы (Шәкен Айманов әкесінің бауыры, Ә.Бөкейханмен С.Петербург орман институтын бірге бітіріп, Омбыға қызметке оралған), Ережеп Итбайұлы, Иса Қашқынбайұлы, Сатылған Сабатайұлы, Жүсіп Сатыбалдыұлы.

А.Байтұрсынұлы Омбыда болған кезеңде қалада Отыншы Әлжанұлы (Омбы мұғалімдер семинариясының түлегі, Ақмола облыстық сот қызметкері, Алашорда үкіметінің мүшесі), Сейілбек Жанайдарұлы, Мұсылманбек Сейітұлы, Асылбек Сейітұлы, Мұқан Айтпенұлы, Көлбай Тоғысұлы сынды оқыған қазақ азаматтары да білім алғанын, қызмет істегенін атай аламыз. Бұл зиялы азаматтармен Ахмет Байтұрсынұлы Омбыда кездесті, бірге жүрді, жақын араласты деуге негіз бар. Олар кейін Алаш қозғалысының көрнекті тұлғасына, 1917 жылғы қазақ тағдырын шешкен сиездердің ұйымдастырушысына, белді өкіліне айналды.

Омбы облысының тарихи архивінде Ахмет Байтұрсынұлының Ақмола облысының орталығында қызмет істегенін растайтын құжаттар сақталған (8-қ., 1-оп., 1-іс). «Ақмола облысы Бірінші ауданы Халық училищелерінің инспекторы (1902-1917)» деп аталатын қорда Халық училищелерінің директоры Алекторовтың кеңсесінде Алаш қайраткері іс жүргізуші қызметін атқарғанын көреміз. Ахаң сол уақытта отыз жаста болғанын анықтаймыз. С.Петербург қаласынан 1904 жылы жарық көрген Ресей империясы толық заңдарының ХХІІ томынан Ахмет Байтұрсынұлы Омбыда қызмет атқарған лауазым 1902 жылдың 1 қаңтарында тағайындалғанын, оған мемлекет тарапынан жалақы есептелгенін білеміз.

Міржақып Дулатұлының жоғарыда аталған мәліметін дұрыс десек, А.Байтұрсынұлы 1904 жылы әлі Омбыда болған. Яғни біздің есебіміз бойынша қайраткер Омбыда 1901-1904 жылдар аралығында екі жарым, үш жылдай уақытын өткізген.

1905-1907 жылдары аралығында жүргізілген Бірінші орыс төңкерісі, Қарқаралы құзырхатының жазылуы патша билігін қатты үрейлендірді. Соның ізімен оқыған қазақ азаматтары қызметтен қуылды, орталық қалалардан шеттетілді. Ұлт-азаттық қозғалыстың күшейе бастағанын түсінген билік оның отын өшіруге тырысты. Осы кезеңде Әлихан Бөкейхан – Самараға, Отыншы Әлжанұлы – Лепсіге, Жақып Ақбайұлы Қапал уезіне жер аударылды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы абақты мен қуғын-сүргін көріп, Орынбор қаласына қоныстанды.

М.Әуезовтің тануында «Қазақ жастарының ойына елшілдік пікір сіңірген», «санасы тұман қазақ жұртына елдігін жоғалтқаны жайында сездірген» Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт тарихындағы бірегей тұлға өмір жолының әр жылы, әр күні Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңде мұқият зерделену керек. Бұл орайда қайраткердің қазақ халқы үшін орны бөлек қала – Омбыда өткен күндерін әлі де жан-жақты зерттеу қажет деген ойдамыз.

 Қайырбек КЕМЕҢГЕР,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының
меңгерушісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button