Денсаулық

«OMICRON» ойран салмасын десек…

Пайда болғанына екі жылдан асқан корона­вирусқа қарсы жер бетінде толық вакцинациядан өткендер саны 3,33 млрд адамға жетті. Бұл әлем халқының 42,7 пайызы делінген дереккөздерде. Қазақстанда 8 млн-нан астам адам толық вакцина алды. Ұжымдық иммунитет қалыптасып үлгермей жатып вирустың мутацияға ұшырауы, жаңа түрі бұрынғыдан да қауіпті болуы немесе екпемен беті қайтуы мүмкіндігін ғалымдар болжаған. Ақыры, вирустың төртінші түрі «Дельтамен» тоқтай ма деген үміт үзіліп, «Омикронның» сайраны басталды. Оған әлемді ойрандатып қоймауға қазіргі екпелер күші мен халықтың қайрат-жігері жете ме?

[smartslider3 slider=1316]

Ел іші тағы екі пікірге бөлінді. Көбі, әдеттегідей, билікке, дәрігер сөзіне сенбей, әлеуметтік желіде олардың: «Ат қойып, айдар тағып, тек бірінен соң бірін шығара береді екенсіздер», «Осы ауру өзін таныстыра ма? Менің атым «Омикрон» деп», «Шаршадық. Вакцина салғызудың амалы», «Балалар мен жастарға көп жұғады дей ме, енді соларға екпе салуды көздеп отыр ғой…» деген ­сияқты басқа да күдік пен күмәнге, өшпенділікке толы сөздерінен сүріне жаздайсыз. Ал дерттің мутацияланатынына көзі жетіп отырғандар бірден шекараны жабуды сұрайды. ­«Африкадан бөлек, басқа елдерден келетін әуе рейстерін Қазақстан да уақытша жабу керек. Оңтүстік Африкаға Қытай сынақ ретінде жаңа вирусты жіберген ғой шамасы» деуі індеттің қауіпті екенін аз да болса түсінетіндердің пікірі екені көрініп тұр.

Ғалымдар не дейді?

Жаңа түрі шықса да «көппен көрген ұлы той, көрерміз не болса да» дейтін елдің көбі, әдеттегідей, қым-қуыт тірлігімен жүріп жатыр. Алайда тірлігін ойламақ түгіл, тыныс алуы қиындап, өмір сүруі күмәнді болып жатқандар қаншама. Вирустың жалған емес, бар екенін сол өмір мен өлім арасында арпалысып жатқандар дәлелдейді. Сосын барып білгір деген білікті медицина өкілдерінің пікіріне жүгініп, сөзін тыңдауға көшеміз. Осы орайда медицина профессоры Алмаз Шарманның әлемдік және Қазақстандағы індет бойынша жаңалықтарға байланысты Facebook-те жазған пікіріне көз жүгірттік:

«Омикрон»: алаңдауға себеп, бірақ дүрбелеңге түсудің реті жоқ. Штамм анықталғалы жағдай тез өзгеруде, соңғы бірнеше күнде АҚШ, Ұлыбритания және бірқатар еуропалық елдер Оңтүстік Африка елдерімен әуе қатынасын үзді, ал Жапония, Израиль және Марокко болса барлық шетелдіктердің елге келуіне шектеу қойды. Бүгін Калифорнияда «Омикрон» жұқтырған алғашқы пациент анықталды. Бұл нұсқа көп елдерге таралып кеткенге ұқсайды. Таралып үлгермесе, ­әлі-ақ үлгереді. «Омикрон» нұсқасы туралы бірінші болып Оңтүстік Африкадағы Дурбан университеті жанындағы инновациялық эпидемиология орталығының директоры, доктор Tulio de Oliveira мәлімдеді. Молекулярлы әдіспен олар вирустың 50 мутациясын анықтады, соның ішінде 26-сы бұрын-соңды кездеспеген жаңа бірегей түрі болып шықты. Алайда мутацияның осыншама көптігі оның бәрі бірдей қауіпті деген сөз емес. Елу түрінің көбі адамға зияны жоқ болуы мүмкін. Бірақ әлі нақты сипаттама беруге ерте. Бірнеше апта өтсін, жаңа штамм қалай өзгеретінін байқау керек. Осы ретте Pfizer/BioNTech және Moderna компаниялары өз екпелерін жаңа мутацияға қарсы өте қысқа мерзімде қайта бағдарлай алатынын мәлімдеді. Жаңа нұсқа вакцинация дұрыс жүргізілмей жатқан елдерден шығып отыр, сондықтан оның пайда болуына екпе алмаған адамның бойында ұзақ уақыт жүруі себеп болуы әбден мүмкін. Ал ондайлар Оңтүстік Африкада жетіп артылады. Соңғы 24 сағатта COVAX желісі бойынша дамушы елдерге екпелердің 11 млн дозасы жеткізілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сондықтан жақсылықтан үміттіміз» деп жазды ол.

Белгілері қандай?

Оңтүстікафрикалық ғалымдар «Омикрон» штамының белгілеріне бастапқыда қатты шаршаңқылықты жатқызған. Енді жаңа белгілері – құрғақ жөтел, тершеңдік, дененің дел-сал болуы, қалтырау екенін жариялады. Мамандар вирустан сақтанудың жаңа, әлдеқайда тиімді әдісін іздестіруде. Оңтүстік Африка дәрігерлерінің айтуынша, «Омикрон» штамын жұқтырып, ауруханада жатқандардың 10 па­йызы – 2 жасқа дейінгі балалар. Бұл инфекцияға жастардың көбірек ұшырайтыны белгілі болған. Бірақ нақтысы біреу – жұғу жағынан жаңы штамм да «Дельтаға» ұқсас, шапшаң. Бұл штамда жүрек соғысы жиілегенмен, дәм мен иіс сезу жоғалмайды, тіпті, дене қызуы да көтерілмейді. Бұрын вируспен ауырып жазылғандар да «Омикрон» вирусына шалдығуы әбден мүмкін. Әлем дәрігерлері коронавирустың бұл штамы аса қауіпті екенін, оны анықтайтын тест екі аптаның ішінде пайда болатынын айтты. Бүкіләлемдік медицина қауымдастығының төрағасы Франк Ульрих Монтгомери бұл штамм «Дельта» секілді жұқпалы, «Эбола» секілді қауіпті болады деп алаңдаулы.

Қазақстанға келуі мүмкін бе?

Отандық эпидемиологтар бір-екі айдан кейін Қазақстанға коронавирустың «Омикрон» штамы келуі мүмкін дейді. Себебі алдағы мерекелер жаңа штамның таралуын тездетуі мүмкін. Қазірдің өзінде жаңа штамм әлемнің 58 еліне тарап үлгерді. Әзірге ол вирустың африкалық нұсқасы бар бірде-бір науқас жансақтау бөліміне түскен жоқ. Дегенмен Қазақстан Үкіметі коронавирус­тың жаңа штамының пайда болуына қатты алаңдап отыр. «Омикрон» Африкада анықталды және бір аптадан аз уақыт ішінде ондаған елдерге тарады. Иммунолог ­Рафаэль Розенсонның айтуынша, Оңтүстік Африка – АИТВ-инфекциясының таралуы бойынша жетекші елдің бірі. «АИТВ жұқтырған науқастардың денесінде вирус өте оңай мутацияға ұшырайды. Ол тұмау сияқты тарайды деп үміттенеміз, біз оның таралуын бәсеңдетуге болатыны сөзсіз, бірақ толық таралуының алдын ала алмаймыз» дейді ол. Оның болжамы бойынша жаңа штамм бір-екі айда Қазақстанға келеді. Ғалымдар жаңа штамның «Дельта» штамынан үш есе жұқпалы екенін айтады. Сондықтан бетперде киіп жүру және екпе алу маңыз­ды. Қазақстандық дәрігерлерді алаңдататын тағы бір маңызды жағдай – қыс мезгілінде барлық вирустың қайта қозатыны. Жақында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы арнаулы сессиясында «Омикрон» штамы жаңа қауіп төндіріп отырғанын, осы ретте Қазақстанның барынша сақтық шараларын жасап, ДДҰ шешімдерін толық қолдайтынын атап өтті. «Өкінішке қарай, әлем күрделі кезеңді бастан кешіп жатыр. Қазір коронавирустың жаңа штамы – «Омикрон» анықталды. Біз індетпен күресте әрдайым бірге болуымыз керек» деді Президент. Бүгінде жаңа штамға вакцинаның әсері әлі зерттеліп жатыр. Бірақ ұйымның баяндамасында вакцина коронавирустан болатын өлім қаупін азайтып, аурудың асқынуына қарсы тұра алатындығы жазылған.

Төртінші толқын тудырды

Оңтүстік Африкада коронавирустың «Омикрон» штамынан туындаған пандемияның төртінші толқыны басталды. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК баспасөз қызметі хабарлайды.

БАӘ Денсаулық сақтау ­министрі Джо Фаахланың айтуынша, жаңа мутация туралы хабарланғаннан кейін Оңтүстік Африкада инфекция жұқтыру жағдайлары көбейген және негізінен коронавирустың сол жаңа түрі тарауда. «Өткен бейсенбіде елде вирусқа шалдығудың 2465 жаңа дерегі тіркелді, 3 қарашадағы жағдай бойынша 11535 дерек анықталды. Тәуліктік өсім жеті күн ішінде 9000-ға артты» деп атап өтті министр. Фаахланың айтуынша, «Омикрон» нұсқасы тез арада елдің жеті провинциясына таралды және ел билігі бұл процесті бақылау үшін барлық іс-шараны жасауда.

Елордада жаңа штамм бақылауда

Қазір қаламызда «Омикрон» штамы анықталған елдерден, яғни Мысыр, Германия, Ұлыбританиядан келген 227 адам үй карантинінде жатыр. Әрі оларды тұрғылықты жері бойынша медицина мамандары да бақылауда ұстап отыр.

Бұл туралы кеше қала әкімдігінде «Елордадағы эпидемиология­лық жағдай және тұрғындарды вакцинациялау барысы» деген тақырыпта өткен брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты. ­«Омикрон» штамы бұрынғыларына қарағанда жұқпалырақ. Қазіргі уақытта шетелге ұшудан бас тарта тұруға шақырамын. Оған қоса, екпе алуды да жалғастыра беру керек. Қай вакцинация болса да тиімді, олар аурудың ауыр өтуінен қорғайтынын айтып келеміз. Бүгінде елордада екпелердің 1 компонентін 65,6 пайыз, ал екіншісін 61,4 пайызы салдырды. Ал ревакцинациядан 2100 елордалық өтті. «Комирнати» екпесін 9 мың адам салғызды» деді ол.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button