Жаңалықтар

Өмiр-дастан

(Жалғасы. Басы газетiмiздiң өткен сандарында)

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткерi
Күндерiмнiң куәсi

(Жарияланбаған жазбалар)

1-2.IX.2007

Сағат туралы мақаланы да, Қобыланды батыр жайындағы баяндаманы да бiтiрдiм. Мақала «Егемен Қазақстанға» ертең, Қобыланды жайындағы материал 6.09 күнi шығатын болды. Әрқайсысы бiр-бiр беттен.

3.IX.2007
Сағат Әшiмбаевтың 60 жылдығына орай жазылған мақалам «Заманынан озып туған Азамат едi» деген атпен «Егемен Қазақстан» газетiне бiр беттей болып шықты.
Алпыс деген денi сау адамға көп жас емес қой, шiркiн, 43 жасында өмiрден озды, жас кеттi. Талантты жiгiт едi. Кезiнде сабақ берген едiм. Бiлгiсi келiп жұтынып тұрушы едi. Ұлт, ұлт тағдыры дегенде iшкен асын жерге қоятын. Үнемi асығып жүрушi едi, өмiрден асығып өттi. Артында бiраз мұрасы, Мәулен секiлдi жақсы ұлы қалды. «Орнында бар оңалар» деймiз ғой, десе де, жарық күнге не жетсiн!

4.IX.2007
Астанада «Орта Азиядағы Ислам өркениетi» атты халықаралық конференция өттi. Конференция алдында сұхбат бердiм.

5.IX.2007
Таңертең Шерхан Мұртаза келдi:
– Көрмегелi көп айдың жүзi болды. Жаз бойы Мыңбұлақта болып, қымыз iшiп, атқа мiндiм, демалдым. Қыс, көктем Астанада боламын. Кейiнгi төрт-бес жылғы дағдым – осы. Осы орталықтың кiтапханасынан материал тауып, Алжирде болған Тұрар Рысқұловтың әйелi Әзиза туралы пьеса жазып театрға өткiздiм. Ендi Көшiм хан туралы материал iздесем бе деп кiтап-ханаңызға келдiм, әрi сәлем бере келдiм. Биыл 75-ке толып жатырмын. Осы қыркүйектiң 30-ына «Аққу» мейрамханасында Қайрат Атабаев бастаған iнiлерiмiз аздаған кiсiге дастархан жаймақ, – дедi.
Ол кiсi кеткен соң, бiраз ойланып, «Шерағаң халқымыздың бiртуар азаматы ғой, әжептеуiр ғып өткiзсек қайтедi», – деп Ақселеуге, Әбiшке, Төленге, Сауытбекке телефон соқтым. Бiздiң осы Президент мәдениет орталығында Шерағаңның шығармашылық кешiн өткiзейiк деп пәтуаластық. Кештi Ақселеу жүргiзсе, өзгелерiмiз сөйлесек, Аманжол арнау айтса, Фәриза, Несiпбек, Серiк өлең оқыса, ән айтылып, күй тартылса жаман болмас деп ойлаймын.
Кештiң материалын Сауытбек «Егемен Қазақстанда» жариялайтын болды.
Кешкiсiн Ержан Исақұлов шәй берiп, бiраз ағайын бас қостық. Iнiлерiммен ақылдасып, Шерағаңның 75-ке толатынын және соны қалай өткiзетiнiмiздi ойланайық дегендi айттым.
Жазушылар Одағының Астанадағы бөлiмшесiнiң төрағасы Әкiм Таразиге ой салып қойдым.
Тiрлiкте сыйласқанға не жетсiн. Исатайдан айырылып:
Тайманның ұлы Исатай,
Ағайынның басы едi,
Алтын да ердiң қасы едi.
Тiршiлiкте сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзiңе,
Өлгенде, сiрә, жылама, –
деп Махамбет айтқандай, тiршiлiкте ағаның ағаша, iнiнiң iнiше iс қылып, қимылдағанына, ниет қосқанына не жетсiн.
Мұны мен Мәдениет министрлiгiндегi жiгiттерге де айттым.

7.IX.2007
Таңертеңгi сағат 10-да Әбiш, Фәриза, Әкiм, Қойшығара, Ермұхаммет, бiраз депутаттар бар, Несiпбек бәрiмiз Ақтөбеге ұштық. Онда Қобыланды батырға арнап ескерткiш-кешен салынып, ас берiледi, конференция өтедi. Мен бас баяндамашымын.
Аэропорттан облыс әкiмi Елеусiн Наурызбайұлы Сағындықов қарсы алды. Бiз Ермұхан екеумiздi жаңа салынған резиденцияға алып келдi. Резиденцияның аумағы кең, әдемi, екi өзеннiң ортасында екен. Мәрия әкiм iнiмiзге айтып Әбiш, Фәризаларды да қаладағы мейманханадан осында алдырды.
Түстен кейiн конференцияға қатыстық. Мен баяндама жасадым, баяндама сол күнi «Егемен Қазақстан», облыстық «Ақтөбе» газеттерiнде жарияланды. Әбiш, Ермұхаммет сөз сөйледi. Әбiш тарихты арыдан бастап, кең толғанды. Кешкi қонақасы берiлдi. Одан соң резиденцияға келiп, киiз үйде шәй iштiк.

8.IX.2007
Таңертең сағат 11-де Жирен Қопаға – Қобыланды батыр жатқан жерге келдiк. Кешен ашылды, бата оқылды, театрландырылған көрiнiстi қызық-тадық, түстендiк, сөйтiп, тiкұшақпен Оралға ұштық. Әбiш, Фәриза, Қой-шығара бiрге болды. Облысқа жаңа келiп жатқан әкiм Бақтықожа Iзмұ-хамбетов нөкерлерiмен қарсы алды. Жуынып-шайынып, мейманханадан драма театрына келiп, Сырым Датұлының 265 жылдығына арналған шара-ларға қатыстық. Облыс әкiмi мен Әбiш сөз сөйледi.
Кешкi қонақасынан өте кеш тарадық.

9.IX.2007
Сырым Датұлы ауданына таңертең жолға шықтық. Жол-жөнекей ол кiсiге арналған ескерткiштi аштық. Мен сөз сөйледiм.
Аудан орталығы Жымпитыда бiраз шаралар өткiзiлдi: музей ашылды, театр-ландырылған көрiнiстi қызықтадық, ат жарысы болды, түскi ас берiлдi. Жел тұрып, аппақ шаң борады. Аузымыз қиыршыққа толып, көзiмiздi аша алмадық. 1992 жылы 250 жылдығында да болған едiк, сол жолы да дауыл тұрып, боран соғып, жауын жауып, қар борап әбiржiгенбiз. Бұл жолы да даланың алай-дүлейi, астан-кестенi шықты. Дауылпаз адам ғой жарықтық, әлi де ойындағысын таппай жатырмыз ба, кiм бiлсiн, сөйтiп, ақ боранға оранып кешкiсiн әуежайға келiп, Астанаға арнайы ұшақпен оралдық. Бақтықожа iнiмiзге құтты болсын айттық. Онда көптен бiлетiн Бейсен ағамызбен ұшырастық. Ол кiсi Қаратоқайда, Көкшетауда, Батыс Қазақстанда талай жыл обком хатшысы болған, атақты Мұрат ақынның ұрпағы, жақсы кiсi. Жасы 85-те. Коньякты жақсы-ақ сiмiрдi. Iшкiш деп айта алмайсың. Құдайдың берген қуаты да, былқ еткен жоқ. Жаны таза кiсi, тарихты да, ол өлкенiң жағдайын да жақсы бiледi.
Сөйлеген сөзiмде:
– Қазақта озған кiсi жоқ Дат баласы Сырымнан, – деген Мұрат бабасының сөзiн келтiргенiмде, Бейсекең мәз болды.

13.IX.2007
Кеше сағат 20:30-да айтыскер ақын Аманжол Әлтайдың жұбайы Ақмарал мен қызы Ханзада Осакаровканың ар жағында автомобиль апатына ұшырап-ты. Рульде келiннiң өзi екен. Обал болды, жас кеттi. Артында екi қыз, бiр ұл қалды.
Бүгiн барып көңiл айттық. Аманжол егiлiп жылап отыр. Жыламай қайтсiн, екi бiрдей қымбатынан айырылып қалды.

21-22.IX.2007
Атырау облысының әкiмi Бергей Рысқалиевтiң шақыруымен Атырауда болып қайттық. Мәрия екеумiзбен бiрге Әбiш-Кларамен, Фәриза және менiң 70 жылдығыма арналған шығармашылық кештi атқарушы 25 кiсi барып қайтты. Әкiм iнiмiз жақсы қарсы алды. Кеш Махамбет атындағы драма театрында өттi. «Атырау» облыстық газетi бiрiншi бетке Әбiш екеумiздiң суретiмiздi басып, «Қазақтың заңғарлары – Атырауда» деген тақырыппен материал берiптi газетке, теледидарға сұхбат бердiм.

26.IX.2007
Мұқағали Мақатаев атындағы I республикалық жас ақындардың конкурсы өттi. Мен қазылар алқасының төрағасы ретiнде сөз сөйлеп, қорытындыладым.

27.IX.2007
Қалалық ономастика комиссиясы Астанадағы жүзге жуық көшенiң атын өзгерттi. Асығыстау, атүстiлеу болды ма, кейбiр көше аттарының мән-мағынасы болмай кеткен секiлдi көрiндi.
(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button