Мерей

Өмірдің баяны бар

Жазған-сызғаны елге елеулі, қаламдасқа қалаулы, оқыр­манға орайлы болған серіктесім – ЕРЕКЕ! Сен, ең әуелі әулетіңе, отбасыңа, ағайын-туғанға, дос-жаранға, әріптеске, жүрегі мен жаны қазақ деп соққан баршаға құрметтінің құрметтісісің! Көп құндылықтар лайықты бағаланбай, адамшылық қамы кәт бола бастаған кезеңде қымбаттының қымбаттысы да – Өзің сынды ер-азаматтар деп білеміз. Өйткені, ел таныған Еркін ҚЫДЫР – еркін ойдың иесі, айтары бар азамат, білімпаз, іскер, әділетті басшы.

[smartslider3 slider=3601]

 

Міне, өмір-өзенде ескегіңді есіп, «алпыстың» желкенін сен де желбіретіп үлгердің, әрбір белестің, алған асудың өз тарихы болады. Оны өмірдің баяны дейді. Туған күнді, яғни жаңа жасты атап өтетін жылдар ұзағынан сүйіндірсін! Зәу-затыңды таныған замандастарыңмен бірге жаса! Құрдастарың сиремесін, құттықтаушың да, қонағың да көп болсын! Қанатың еш талмасын!

Біз ерте де есеймедік, кешеуілдеп қалған да жеріміз жоқ шығар. Кіндік кескеннен кездеспесек те, кісі танып, сәлем беретін сәулелі шағымыздан иықтасып келеміз.

Жасымызға сай табиғатымызды сақтауға, танымды жетілдіруге тырыстық. Ортамыз орнықты, ойымыз орамды, қатарымыз қоғамшыл болып қалыптасты. Көрген-білген тәрбиеміз, жиған-терген біліміміз, Жаратқан иемізге тәуелді болмысымыз, қанмен берілген, сүтпен сіңген қадір-қасиетіміз осы жылдардағы сыйластығымызды қыл өтпестей достыққа, айтқызбай ұқтырар сырлас­тыққа ұластырды. Шынның жүзін көрдік, жалған да сұлбасын жасыра алмады. Сына қақтырмай шыңдалуға бой үйреттік. Ойда ойқастаған неткен сайранды, небір ойранды бастан кешіп келеміз. Өзгелердей мансаптың соңына түссек, қашқан-құшқанды қуып жетіп, әуелеп ұшқанды да үйіріп алар едік. Біз мінез-құлқымыз­ды өзгертпедік, қанағаттың қазығын уыстан шығармадық. Мың шүкірге татитын бір шүкірімізден жаңылмадық.

Мерейің асқан жаста тілектен, тарту-таралғыдан кенде болмассың. Сонда да ақжарылқап тілегімізді ақтардық. Ақ батасын өзіңнен аямаған үлкендер жағы, қазыналы қарттарың – ата-анаң ұзақ жасасын! Тәуір бауырларың – алтын қамал-қорғаның әрдайым бекем болсын! Отбасыңа амандық тілейміз!

Еңбегіңді саудалап, сатсаң да, зейнетін теріп жатсаң да жарасатын кезеңде ұрпақ үшін, ел үшін айтарыңның салмағы бұрынғыдан да мол болсын, сүрер ғұмырдың сыры мен сыны кетпей, мәні арта берсін! Қаламыңның ұшы мұқалмасын, жарық көрер кітаптарыңның қалыңдығы да жұқармасын!

Жаратушы иеміз ниет пәктігін, пейіл кеңдігін, табыс көзін, сабыр байлығын берсін!

Алла тағала жақсы күндерде, мәртебелі мерейтойларда бірге болып, қуанышты бірге бөлісуді жазсын! Өткен дәуірдің, алдағы өмірдің баяны таусылмасын!

 Дархан Мыңбай

Мәжіліс депутаты

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button