Оқырманнан он сұрақ

Өмірқұл АЙНИЯЗОВ: ӘНДЕРІМНІҢ ИІРІМДЕРІ ҚАЗАҚЫ ҚАЛПЫНДА

Омиркул

Өмірқұл АЙНИЯЗОВ, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

– Сахналық киімдеріңіз өзіңізге өте жарасымды. Арнайы тіктіресіз бе?
Іңкәр, дизайнер
– Жылы лебізіңізге рахмет! Иә, киімді арнайы тіктіремін. Өйткені, әр әншінің өзіндік ерекшелігі болуы керек. Сондықтан Талдықорған қаласындағы «АР салон» шебер­ханасының ісмерлеріне тапсырыс беріп тұрамын. Халықтың алдына шығатын өнерпаздың киімі, сөзі, жүріс-тұрысы да ерекшеленіп тұрғаны жөн. Бұл – сахна мәдениеті, көрерменді сыйлау.

– Дәстүрлі әншілердің көпшілігі халыққа тез танылу мақсатында эстрадалық бағытқа ауысып жатады. Сіз де сөйттіңіз бе?
Айжан, оқырман
– Өз басым дәстүрлі әндерді эстрадалық бағытқа салып орындасам, тыңдарманның көбейетінін түсіндім. Дегенмен, дәстүрлі әндер бағаланбайды деп отыра бермей, қолынан келетін адамдар бұл салаға елеулі үлес қосып жатса, халық қошеметіне бөленеді деп ойлаймын. Алайда, көптеген адамдардың музыкалық деңгейі дастарқан басында айтылатын әндерді ғана түсінетін деңгейге түскен.

– Көп өнер иелері Астанаға қоныс аударып жатыр. Бас шаһарға көшіп келу ойыңызда жоқ па?
Динара, қала тұрғыны
– Алматы және Талдықорған қала­ла­рында үйлерім бар. Бас қалаға бо­лашақта қоныс аударып қалуымыз мүм­кін. Өйткені, елордамыз жыл емес, күн санап дамып жатыр. Қала тазалығымен, жаңалығымен ұнайды.

– Бүгінде әншілерді асырап отырған – той. Сіз де табысты тойдан табатын шығарсыз?
Нартай, студент
– Жасыратыны жоқ, ел-жұрт қадірлеп тойына шақырып жатса, бас тартпаймын. Тойларда ән салып жүр деп, әнші­лерді кінәлауға болмайды. Өйткені, әншілер гастрольдік сапарларда бар шығын­дарын өздері көтереді. Бізде байлар, үлкен шенеуніктер дүрілдетіп той жасап жатады. Олар шетелден әншілерді шақырады. Ол қандай атақты болғанына қарамастан келеді. Әнін айтады. Сосын тиесілі ақшасын алады да кетеді. Көрдіңіз бе, қазақ әншілері ғана емес, атағы жаһанға кеткен атақтылардың өздері де тойға келіп ән салып, нәпақа тауып жүр. Той иесі қызықшылығында жақсы әндер айтылса дейді. Сондықтан, шақырған жерге неге бармасқа?

– Аға, өнерге деген қызығу­шылы­ғыңыз қай кезден оянды?
Мара
– Жастайымнан құлағыма жыр-терме­лерді сіңіріп өстім. Әкемнің інісі Өтепберген ағам өнерге жақын болды. Сол кісінің ық­палы десем, артық айтқандық емес. 4-5 жа­сым­да домбыра тартуды үйреніп алдым да, 5-6 жасымда жыр-термелерді жатқа айттым. Мектепте бес жыл баяннан дәріс алдым.

– Тағы бір сұрақ, ең алғашқы орын­даған әніңіз есіңізде ме?
– Ең бірінші орындаған әнім – Нұртуған жыраудың «Қанеки, тілім, сөйлеші» деген термесі болатын. Ауылда қой кезекте аттың үстінде жүріп Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» деген әнін айғайлап айтатынмын. Жаттаған әндерімді бірінен соң бірін айтып қой қайыратынмын.

– «Ер-азаматтың бағы – асыл жары» деген ата-бабаларымыз. Келіншегіңіз қандай жан?
Зерде
– Жақсы адам. «Ер жігіт­тің атын жақсы ат немесе жақсы әйел шығарады» деп жатады. Ол кісі жаман болса, мен осылай жүрмес едім ғой. Консерваторияда 2-курста жүргенде үйлендім. Мамандығы – мұғалім. Музыка мектебінде сабақ береді, домбырашы.

– Сізді тыңдайтын әншілер көп. Сіз кімді тыңдайсыз?
Саяжан, тігінші
– Өзіміздің Жұбаныш Жексенұлы, Қыдырәлі Болманов, Медеу Арынбаев, Алтынай Жорабаева, Бейбіт Сейдуәлиева сияқты әншілерді тың­даймын. Ғалымжан Жолдасбаев деген жас әншінің жыр, термелерді орындауы ұнайды.

– Бұрын айтылған, қазір ешкім орындамай жүрген, жоғалып бара жатқан әндерді іздеу әдетіңізде бар ма?
Жұлдыз, биотехнолог
– Әрине, репертуарын толық­тырып отырмайтын әнші әнші емес. Қоржынымда «Дүрдараз», «Ақжайнақ», Тұрмағамбет Ізті­леуовтің «Ел үшін туған ер бол­саң», Ақтангерейдің термесі «Ай­намкөз», «Сәулем-ай» әндері бар. Жалпы бұлар­дың бәрі эстра­далық аспаптармен сүйемел­денгені болмаса, ұлттық бояуы сақталған. Сонау бала күнімнен халықтық ән мен термелерді айтқандықтан шығар, иірім­дері мен мәнері қазақы қалпында. Жыраулар шығар­машылығы телегей-теңіз. Сон­дықтан, алдағы уақытта да жаңа әндер қарап, репертуарыма енгіземін.

– Өнер адамдарының барлығы шетелде демал­ған­дарын айтып жатады. Сіз де басқа елде демаласыз ба?
Гүл, медбике
– Елімізде табиғаты тамаша, талай тарихты қойнауына басып жатқан мекендер жетеді. Сондықтан жаз айында отбасы­мызбен Қазақстанның керемет жер­лерін аралауды жөн көреміз.

Еркежан СӘТІМБЕК

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button