Он бір жылда зейнетақы активтері 5 есе өсті

2014 жылдан бері зейнетақы активтері 5 еседен аса өсті. БЖЗҚ зейнетақы активтері 22,3 трлн теңге болды. Бұл туралы елордада зейнетақы активтерін инвестициялау тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында Ұлттық банк Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
— 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтері 22,3 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіш 2014 жылдың сәуірінен, яғни зейнетақы активтері БЖЗҚ-да біріктірілген сәттен бері 5 еседен аса өсті. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің қазіргі портфелі мынадай құрылымнан тұрады: 60 пайызы — теңгемен бекітілген қаражат, 40 пайызы шетел валютасында. Бұл тұрғыда валютадағы активтердің үлесі ақшалай есептегенде 17,7 млрд АҚШ долларын немесе 9 трлн теңге, — деді Нұржан Тұрсынханов.
Оның айтуынша, теңгедегі портфель құрылымында негізгі инвестициялар мемлекеттік бағалы қағаздарға тиесілі. Оның көлемі 9,3 трлн теңгені немесе теңгелік портфельдің 69 пайызы болды. Бұл бағалы қағаздар Қазақстан қор нарығындағы ең сенімді әрі өтімді қаржы тетігі саналады.
— Сонымен қатар, зейнетақы активтері квазимемлекеттік сектор субъектілерінің облигацияларына инвестицияланды, бұл шамамен 15%. Мұнымен қоса, екінші деңгейлі банктердің облигацияларына да инвестицияланады, яғни 5% шамасында болды. Айта кету керек, БЖЗҚ зейнетақы активтері тек нарықтық мөлшерлемелермен инвестицияланады. Мұндай тәсіл зейнетақы активтерінің тұрақты инвестициялық табыс әкелуіне, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді. 2016 жылдан бері зейнетақы активтеріндегі валюталық үлес кезең-кезеңімен 17%-дан 40%-ға дейін ұлғайды. Валюталық активтердің болуы инвестициялаудың географиясын кеңейтіп, қаржы құралдарының түр-түрін пайдалануға, сондай-ақ инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді ҰБ өкілі.