Жаңалықтар

On-line ойласу

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауы елдiң әлеуметтiк жағдайын жақсарта түсудiң негiзiне айналып отыр. 30 наурыз күнi Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов «электрондық үкiметтiң» www.e.gov.kz веб-порталында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған мiндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру барысы туралы интернет-конференция өткiздi. On-line желiсiнде қала басшысы көпшiлiктiң көкейкестi сауалдарына жауап берiп, пiкiр алысты.

Мусинов Арман Сәбетқанұлы:
– Менi қала аумағында жеке тұрғын үй салуға жер бөлу мәселесi толғандырады. Кезекте тұрғаныма – 6 жыл. Өзiм байырғы целиноградтықпын. Бұл мәселе бiрнеше мәрте қозғалды. Жер бөлмеудiң басты себебi – телiмдердiң коммуналдық және инженерлiк желiлермен қамтамасыз етiлмеуi дейдi. Жер алуға үмiттенерлiк жөнiмiз бар ма? Түбiнде қолымыз жетер ме екен? Дайындалған жердiң алғашқы легiн iске қосу мерзiмiн айтуға бола ма? Кезектi сақтау, әрине, өте жақсы. Бiрақ, Целиноградтың байырғы тұрғындары қалаға басқа жақтан келгендер арасында неге басымдыққа ие бола алмайды? Байырғы тұрғындарын қолдамай, қаланың өткенi туралы не айтуға болады? Байырғы тұрғындардың көпшiлiгiнiң үй сатып алуға, тұрмыс жағдайларын жақсартуға шамасы жете бермесi анық. Жеке үй салу пәтер сатып алу қамына жақсы балама болар едi. Жеке үй салатын жер бөлу үдерiсiн тездетуге көмектесер шара қабылдауыңызды сұраймыз.
ЖАУАП:
– Арман Сәбетқанұлы, Целиноград қаласының тумаларына жер бөлу бары-сында арнайы жеңiлдiктер беру жөнiндегi тiлегiңiз Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Жер туралы» кодексiнiң нормаларына қайшы келедi, осыған орай сiздiң кезектен тыс жер телiмiн беру жөнiндегi өтiнiшiңiз қанағаттандырылмайды. ЖТҚ үшiн жер телiмдерiн бөлу iсiн қайта жаңғырту жайына келетiн болсақ, қала әкiмдiгiнiң қолын байлап тастаған бiрқатар дәйектi себептерге байланысты оның мүмкiндiгi болмай тұр. Бiрiншiден, қала аумағында бос жатқан, құрылыс жүргiзiлмеген жер жоқ. Екiншiден, жаңадан ЖТҚ тұрғын алабын салып, кеңейту үшiн алдын ала инженерлiк және коммуникация желiсiн дамытып, әлеуметтiк-тұрмыстық қызмет көрсету нысандарын салу қажет, бұл, ең алдымен, қала бюджетiнiң ауқымды қар-жылық мүмкiндiктерiмен байланысты шаруа. Бүгiндерi Жер қатынастары басқармасында ЖТҚ-на арналған жер телiмiн алу үшiн 90 мың адам есепте тұрғанын айтуға тиiспiн. Бұл жалпы сұраныстың Бас жоспарға сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына бөлiнген қала ауқымындағы жер ауқымынан төрт еседей асып түсетiнiн көрсетедi. Сонымен, қандай жағдайда да, әкiмдiк Астанадағы жер телiмiн алуға өтiнiш берген азаматтардың барлығының сұранысын қанағаттандыра алмайды.

Сариев Әнуар:
– Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы! Сарыарқа даңғылынан Күмiсбеков көшесiне дейiнгi жол бөлiгiн ендi қашан жөнге келтiредi? Жолдың быт-шыты шыққаны соншалық, көлiк қатынауы мүмкiн емес, тiптi, жауын-шашын күндерi жаяу жүре алмай қаламыз. Әр жерiнде шұңқыр пайда болған. Неге осынау шағын жол бөлiгiн жөндемейдi?

ЖАУАП:
– Әнуар, Кенесары көшесiнiң Сарыарқа даңғылынан Күмiсбеков көшесiне дейiнгi бөлiгiндегi инженерлiк желiлер мен жол табанын салу жобасын жүзеге асырудың тоқтатылған себебi – ысырылып тасталатын тұрғын үй иелерi өте жоғары өтемақы талап етуде. Сметада ондай ақша мөлшерi қарастырылмаған. Жеке үй меншiктенушiлермен келiсiмге келудiң сәтi түспегендiктен, бұрын жасалған құрылыс жоспарына түзету енгiзуге тура келдi. Алайда, қаржыландыруға жеткiлiктi қаражат болмағандықтан, оны жүзеге асыру мерзiмi 2013 жылға ысырылды.

Сансызбаева Әсемгүл:
– Сәлеметсiз бе! Менiң екi сауалым бар:
1.Тұрғын үй беру жөнiндегi бағдарламаны неге жауып тастады? 2.ТҚБ-ндегi тарифтiк бағдарламаның мерзiмiн ұзартасыздар ма? Менiң бiлетiнiм, мемлекет 2012 жылдың соңына дейiн ғана сыйақы аударады екен, ал содан кейiн не болмақ?

ЖАУАП:
– Әсемгүл, ҚР Үкiметiнiң 2008 жылғы 19 шiлдедегi қаулысына сәйкес Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасының екiншi легiн 2008 жылдан бастап 2010 жыл бойы жүзеге асыру қарастырылған. Арнаулы Ережеге сәйкес осы Мембағдарламаға тиянақты құжат қабылдау 2010 жылдың 29 желтоқсанынан бастап 2011 жылдың 29 қаңтарына дейiн жүргiзiлдi. Осылайша, 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау оны жүзеге асыру мерзiмi бiтуiне байланысты тоқтатылып, Қазақстан Үкiметi ҚР Құрылыс iсi және ТКШ жөнiндегi агенттiк әзiрлеген 2011-2014 жылдарға арналған жаңа Мембағдарламаны бекiттi. Оның негiзгi ұстыны – оған қатысушылардың «Қазақстанның ТұрғынүйҚұрылысЖинақбанкi» АҚ-нда жинақтаған қаржысы болуы керек. Бұл бағдарлама жұмыс iстейтiн, тұрақты табысы мен алғашқы жарнаны төлеуге жетерлiк жинағы бар азаматтардың жеңiлдетiлген ақымен эконом-класс пәтерлерiн сатып алуларына мүмкiндiк бередi. Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асырудың шарттары мен сыйақы төлеу жайы туралы толығырақ ақпаратты оны дайындаушылардың – ҚР Құрылыс iсi және ТКШ жөнiндегi агенттiктiң сайтынан, сондай-ақ, мына мекенжайларда: Астана қ. Абай даңғылы, 8-үйде және Қ.Мұңайтпасов к-сi, 37/1-үйде орналасқан «ТұрғынүйҚұрылысЖинақ-Банкi» АҚ-ның филиалынан алуыңызға болады.

Құдайбергенов Әдiлхан Асылханұлы:
– Сәлеметсiз бе!.. Мен Астанаға тiркелгенмiн, қалада тұрып жатқаныма 7 жыл болды. Әйелiм де осында тiркелген, дәрiгер. Баспанаға өте мұқтажбыз. Жас жұбайлармыз, менiң жасым 20-да, ал ол 21-де. 2012 жылғы Мембағдарламаға қайда және қандай құжат тапсыру керек?

Жауап:
– Әдiлхан Асылханұлы, жиырма жастағы азаматты және балалары жоқ жас жұбайларды қамтамасыз етуге арналған бағдарлама жоқ. ҚР «Жер қатынастары туралы» заңында бюджет қызметкерлерi үшiн жеңiлдiктер қарастырылған, оларды есепке алу ХҚО-лар арқылы жүргiзiледi. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаждарды есепке алуға қажеттi құжаттар тiзбесi мынадай: өтiнiш; барлық отбасы мүшелерiнiң жеке куәлiктерiнiң, баланың туу туралы куәлiгiнiң ксерокөшiрмелерi; неке туралы мәлiметтер; мекенжай бюросының анықтамасы немесе үй кiтапшасының көшiрмесi, нотариалды түрде расталған (барлық отбасы мүшелерiне); отбасының барлық мүшелерiне Астана қаласы әдiлет департаментiнен (ХҚО–нан) алған жеке меншiк үйi бары немесе жоғы туралы №6 үлгiдегi анықтама; бұрынғы тұрған жерiнде жеке меншiк үйi жоқтығы туралы барлық отбасы мүшелерiне берiлген №6 үлгiдегi анықтама; жұмыс орнынан және отбасы құрамы туралы анықтамалар; өтiнiш берушiнiң жеңiлдiк иеленетiнiн растайтын құжаттың (ҰОС қатысушысы мен мүгедегiнiң куәлiгi, Чернобыль атом стансасындағы апатты жоюға қатысушының куәлiгi, оралманның куәлiгi, зейнеткер кiтапшасы, көпбалалы отбасы кiтапшасы, 1 және 2 топтағы мүгедектiк, бала мүгедектiгi және т.б. туралы ДКК анықтамасы) ксерокөшiр-месi; құжаттар тiгетiн папка.

Максименко Сергей Владимирович:
– Сәлеметсiз бе, Иманғали Нұрғалиұлы! «Жiбек жолы» және «Целиноград» ТК маңында жолдың ойран ботқасы шығып жатқандығы туралы талай рет жоғарғы жаққа, соның iшiнде, сiздiң блогыңызға да хат жаздым. Тек сiздiң блогыңызда ғана жалғыз жауап қайтарылды: «Өтiнiмiңiз осы мақсатқа қажеттi қаржы-қаражаты бөлiнген жағдайда Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының 2011 жылға арналған жұмыс жоспарын түзу барысында қаралатын болады» деген. Алайда, әлi күнге дейiн ешқандай жұмыс жасалған емес. Тұрғындар өз қалталарынан ақша шығарып, 2011 жылы қиыршық тас сатып алған, бiрақ бұл бәрiбiр жағдайды оңалта алмақ емес. Көктемде көлкiген су, толарсақтан балшық, ұймалы ұра аяқ аттатпайды. Айтыңызшы, қашанғы шыдауымыз керек, үйдiң пайдалануға берiлгенiне үш жыл болды, төңiрегi балшық пен шалшықтан арылар емес.

ЖАУАП:
– «Жiбек жолы» және «Целиноград» тұрғын үй кешендерi қарқынды құрылыс жүргiзiлiп жатқан ауданда орналасқан, оның инфрақұрылымы ендi ғана жасалуда. Сондықтан Жамбыл көшесiн күрделi жөндеуден өткiзу 2013 жылдан ерте қолға алынбайды. Әзiргi айтарым: ағымдағы жылдың бiрiншi жарты жылдығында аталған көше табанына қатқыл материалдар төселедi.

Рудникова Ирина:
– Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы! Қарапайым адамдарға қашан баспана қолжетiмдi болады?
ЖАУАП:
– Ирина, сiздiң сұрағыңызға қарағанда, Астана қаласында осы күйге шейiн қарапайым адамдардың баспанаға қолы жетпей жүргендей көрiнедi. Ал, Астанада соңғы екi жылда 2,780 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Мыңдаған отбасы – ҰОС ардагерлерi, көпбалалы отбасылар, бюджетшiлер, мемлекеттiк қызметшiлер Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша салынған және Мемлекеттiк қордан бөлiнген пәтерлерге ие болды. Жетi мың отбасы проблемалы нысандардағы тұрғынжайларына кiрiп, бiрнеше мың адам ипотекаға баспана сатып алды. Осының өзi Астанадағы тұрғын үй мәселесiн шешiп, құрылыс секторын қолдау жөнiндегi Мемлекет басшысы қолға алған шаралардың арқасында тұрмыс әртүрлi деңгейдегi мыңдаған астаналықтың баспана алуына мүмкiндiк бергенiн көрсетедi ғой.

Мыңбаев Берiк:
– Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы! Қаладағы жұмысқа орналастыру мәселесiн мемлекет қалай шешiп жатқанын бiлгiм келедi. Жоғары оқу орнын ендi ғана бiтiрген жас мамандарға арналған қандай бағдарламалар бар?

ЖАУАП:
– Берiк, жоғары оқу орны түлектерiнiң жұмыссыздығы мен жұмысқа орналасу мәселесiн мен айрықша бақылауға алып отырмын. Бiз осы саладағы ахуалға күн сайын мониторинг өткiзе отырып, оның өзгерiстерiне жiтi көңiл бөлемiз. Бұл маңызды нәрсе, өйткенi, тұтастай алғанда, бүкiл қо-ғамның молшылыққа кенелуi әркiмнiң жұмыс iстеп, өзiн және отбасын асырау мүмкiндiгiне ие болуына байланысты.

Придатченко Владимир Иванович:
– Сәлеметсiз бе, Иманғали Нұрғалиұлы!. Мен бұл жөнiнде бұрын да жазғанмын. Мен темiржол орамындағы Төңкерiс көшесiнде тұрамын, бiзде көлiкке де, адамға да арналған жалғыз жол бар. 2009 жылы құбыр тартып, колонка орнатып, 20 жыл күткен суымызды жеткiзiп бердi, көп рахмет! Бiрақ, жолды қопарып қазып тастады да, көлiк қатынамай қалды. Жұмысқа жаяу бара алмаймыз, аяғымыз балшыққа тiзеден кiрiп кетедi, суырып алуға әлiмiз келмейдi. Бiздiң көшенiң тұрғындары көшеге қатпақ материал төсетiп, жол жөндеуге ықпал етуiңiздi сұрайды. Осы мәселе қашан шешiлер екен, соны айтыңызшы?
Жауап:
– Владимир Иванович, ағымдағы жылы қала төңiрегiн дамыту бағдарламасы бойынша, Өндiрiс кентiндегi үш көшеге – Лунин, Құсжол және №85 көшелерiне жөндеу жүргiзудi жоспарлап отырмыз. Жұмыс шамамен осы жылдың екiншi тоқсанында басталады.
Заманауи тiрлiк желiлерiн қамтитын жол құрылысының 2013-2014 жылдарға арналған басқа жобалары қала бюджетiнен қаржы iздеп-тапқан жағдайда жүзеге асырылады. Сонымен бiрге мен Астана қ. Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының бастығына осы елдi мекендегi қималы жол бөлiгiне қатқыл материал төсеу мүмкiндiгiн табуды тапсырдым.

Ахметова Динара:
– Құрметтi Иманғали Нұрғалиұлы! Бiз «Сапа-2007» ТК-нен («Ромул» ЖШС) пәтер сатып алғымыз келедi, алайда құрылыстың созылып кететiн түрi бар. Оны қашан салып бiтiретiндiгi туралы ақпарат бар ма, мерзiмi белгiлi ме?
ЖАУАП:
–Динара, «Ромул «ЖШС «САПА-2007» ТК-iнiң құрылысын ағымдағы жылдың 1 шiлдесiне дейiн бiтiруге мiндеттеме алды. Қазiргi кезде аталған нысанда iшкi сылақ жұмыстары жүргiзiлуде.

Мұхамедиева Роза Оразханқызы:
– Қайырлы таң, Иманғали Нұрғалиұлы! Онлайн-конференция өткiзгенiңiзге рахмет. Мен мемлекеттiк бағдарлама аясында тұрғын үй ала аламын ба? Көптеген сайтта осы тақырыпқа қатысты ақпарат бар. Бiрақ, еш жерде қысқа да нұсқа түрде: қандай талап қойылатындығы, қандай үй берiлетiндiгi, құжаттар қайда тапсырылатындығы және қандай мүмкiндiктерi бары жөнiнде ештеңе айтылмайды. Кiмнен кеңес алуға болады? Жауабыңызға алдын ала алғыс айтамын.
Жауап:
– Роза Оразханқызы, 2011-2014 жылдарға арналған Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасын ҚР құрылыс iсi және ТКШ жөнiндегi агенттiк дайындаған, осы органның сайтынан оның жүзеге асырылуы жөнiнде ақпарат алуыңызға болады. Оның жай-жапсарын мына Интернет конферен-цияның барысында баяндап шығу мүмкiн емес, сондықтан, оның екi бағытта жүзеге асырылатынын ғана айта кетейiн.

Күнедiлова Анар:
– Сәлеметсiз бе! Менде «Балапан» бағдарламасына қатысты сұрақ бар едi. Қанша балабақша жұмыс жасай бастағанын бiлуге бола ма? Менiң қызым 2007 жылы туған, кезекте 4423-iншi орында тұр. Осы жылы мектепке дейiн бiлiм алу мүмкiндiгiне қол жеткiзе аламыз ба? Жауабыңызға алдын ала көп рахмет!
Жауап:
– Анар, балабақшалардан қосымша орындар ашу мен мемлекеттiк мекемелерде мектепке дейiнгi бiлiм беру жетiмсiздiгiн жою туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау кезiнде бiрқатар нәтижелерге қол жеттi. Мен нақты сандарды мысалға келтiре кетейiн. Егер, 2008 жылы Астанада бар болғаны 38 мемлекеттiк және 15 жекеменшiк балабақша болған, олар тек 14605 баланы қабылдаған. Ал, 2009 жылы «Балапан» бағдарламасының аясында 3120 балаға арналған 13 балабақша ашылды. Бұған қоса, бұрын балабақша болған 14 мекеме мемлекет меншiгiне қайтарылды. Оларға 3360 бала орналасты. 5-6 жасар балаларға арналған мектепке дейiнгi даярлықтан өткiзетiн 11 мини-орталық ұйымдастырылды. Жекеменшiк балабақша ашу үшiн бiрқатар процедуралар жеңiлдетiлдi. Соның арқасында мемлекеттiк емес 41 балабақша iске қосылды. Мiне, осындай iстердiң нәтижесiнде 2011 жылы мектепке дейiнгi балаларға 35 000 орын әзiрлендi. Орын тапшылығы 21402 орынға қысқарды. Соның нәтижесiнде бiз мектепке даярлық топтарындағы бала санының қалыптан тыс көптiгiн 20 пайызға азайтуға қол жеткiздiк.

Сыздықова Нәзира Бүркiтбайқызы:
– Кенесары көшесi мен Республика даңғылының қиылысында Амангелдi Иманов атында аялдама бар. Сол аялдамада маршруттар мен аялдамалар кестесi iлiнiп тұр. Сол кестеде «остановка Иманова» қазақша «Иманова көшесi аялдамасы» деп аударылыпты. Бiлуiмше, мұнда мәселе батырымыз Амангелдi атындағы көше хақында айтылады, әйелдерге еш қатысы жоқ. Осы қателiктi түзетудi қолға алуыңызды өтiнем.
ЖАУАП:
– Нәзира Бүркiтбайқызы, бұл қателiктi Жолаушылар көлiгi мен автомобиль жолдары басқармасы 2 сәуiр күнi түзейдi. Бұл тапсырманы орындау мiндетi басқарма бастығы Р.М.Аманжоловқа жүктеледi.

Мерсағатова Айгүл Мұратқызы:
– Қымбатты Иманғали Нұрғалиұлы! Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан бiр жылдан астам уақыттан берi пәтерiмдi ала алмай жүрмiн, соған араласуыңызды өтiнемiн. 2011 жылдың 17 тамызындағы Сарыарқа аудандық сотының, сондай-ақ 2011 жылдың 22 желтоқсанындағы Жоғарғы соттың шешiмi бойынша 2011 жылдың 1сәуiрiндегi Тұрғын үй комиссиясының шешiмiн жою туралы қаулы қабылданды. Қаулыда көрсетiлгендей, менi Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж жандардың тiзiмiнен сызып, бюджеттiк мекеме қызметкерi ретiнде тұрғын үй кезегiнiң тiзiмiне енгiзген едi. Осы уақытқа дейiн Тұрғын үй басқармасының қызметкерлерi жоғарыда аталған соттар шешiмiн орындамай келедi. Тұрғын үй комиссиясы өзiнiң жиналысында өтiнiшiмдi қарап шықты. Бiрақ, Тұрғын үй қорынан пәтер алу үшiн менiң тiзiмдегi орнымды сақтау туралы ортақ шешiмге келмей отыр. Тұрғын үй комиссиясының мүшелерi менiң кезегiмнiң заңды түрде жүзеге асуы жөнiндегi күдiктерiн сейiлту үшiн менiң құжаттарымды Астана қаласы әкiмi аппаратының Мемлекеттiк-құқықтық бөлiмi қызметкерлерiнiң талқылауына жiбердi. Олар қарап шығып, қорытынды жасаған соң бұл мәселенi Тұрғын үй комиссиясының жиналысында қайта қарауға жiберiледi. Менiң бiлуiмше, Сарыарқа аудандық сотының шешiмi мен Жоғарғы соттың шешiмi Астана қаласы әкiмi аппаратының Мемлекеттiк-құқықтық бөлiмiнiң қатардағы қызметкерлерiнiң қайта қарауына және шағым беруiне жатпайды!!! Сот актiлерiн қайта қарауға тек ҚР Бас прокуратурасы ғана құқылы. Неге Тұрғын үй басқармасы қызметкерлерi ҚР Үкiметiнiң 2011 жылғы 8 қарашада шыққан №1309 қаулысын орындамай келедi. Онда көрсетiлген созылмалы сырқаттар ауыр түрiне шалдыққандықтан (науқасым осы қаулыдағы 2-тармақта көрсетiлгендей, органикалық және жарақаттан соңғы орталық жүйке жүйесiнiң бұзылуы салдарынан орын алған аяқ пен жамбас зақымы), маған Тұрғын үй қорынан пәтер алуға басым құқық берiлуге тиiс. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда да көрсетiлгенiндей, менiң баспана алуға толық құқым бар. Солай емес пе? Құрметпен, Айгүл.
ЖАУАП:
– Айгүл Мұратқызы, Тұрғын үй қорынан сiзге пәтер беру туралы мәселе осымен бiрнеше мәрте қаралды. Бастапқы тiзiмде бюджеттiк қызметкер ретiнде тiркелген едiңiз. Алайда, соңғы жаңарту кезiнде сiз жекеменшiк мекемеге жұмыс ауыстырғандығыңыз туралы анықтама өткiздiңiз. Осыған байланысты Тұрғын үй комиссиясының отырысында мемлекеттiк тұрғын үйге мұқтаждар тiзiмiнен шығарылдыңыз. Бiрақ, кейiн жекеменшiк мекемедегi жұмысыңызды қайтадан мемлекеттiк органға ауыстырдыңыз. Содан кейiн барып тұрғын үйге мұқтаждар тiзiмiндегi орныңызды бұрынғы қалпына келтiрудi талап етiп, сот органдарына жүгiндiңiз. Олар Тұрғын үй комиссиясының сiздi тiзiмнен алып тастау туралы шешiмiн жоққа шығарды. Сол соттардың шешiмiмен танысқан Тұрғын үй басқармасы сiздiң мәселеңiздi қайтадан Тұрғын үй комиссиясының талқылауына жiбердi. Алайда, құрамында «Нұр Отан» ХДП мүшелерi, депутаттар, қадағалау органдары, БАҚ өкiлдерi және тағы басқалары бар комиссия мүшелерi сiздiң құжаттарыңыздың заңдық нормаға сай екенiн нақтылау үшiн Астана қаласының әкiмi аппараты мемлекеттiк-құқықтық бөлiмiнiң қарауына жiберу үшiн дауыс берген. Мемлекеттiк-құқықтық бөлiмнiң қорытындысы шыққан соң мәселеңiз тағы да Тұрғын үй комиссиясының отырысында талқыланады. Айта кететiн бiр жәйт, сiздiң мүгедектiк туралы анықтамаңыз Тұрғын үй қорынан пәтер алу тiзiмiнде қалуыңызға еш ықпал ете алмайды. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңында көрсетiлгендей, III топтағы мүгедектер пәтер алу үшiн басымдыққа ие азаматтардың санатына жатпайды.

Рамазанова Гаухар:
– Сәлеметсiз бе! Сұрақ-жауап айдарына қандай да бiр сауал жолдап, уақтылы жауап алу мүмкiндiгiнiң болғаны үшiн Сiзге зор алғыс бiлдiргiм келедi. Әсiресе, электрондық әкiмдiктiң дамуы қуантады. Кабинеттердiң есiгiн қақпай-ақ, кез келген қызмет түрiн пайдалану мүмкiндiгiнiң болғаны қандай тамаша! Сiздiң iскер адам екенiңiздi бiлгендiктен көптен берi көкейде жүрген сауалымды қойғым келедi. Кейбiр адамдар ақшаны үш түрлi валютада сақтаған жөн деп айтып жатады. Теңге, доллар және евро түрiнде. Сiз ақшаны қалай сақтайсыз? Қалай сақтауға кеңес берер едiңiз? Сiздiң жеке қаржы жинақтау жөнiндегi кеңесшiлерiңiз бар ма? Әлде ақша сақтауда белгiлi авторлардың кiтаптарынан алған бiлiмiңiзге сүйенесiз бе?
ЖАУАП:
– Гаухар, адамның қандай капиталы бар екенiн, оның көлемiн бiлмей тұрып, өмiрлiк жоспарынан, немен шұғылданатындығынан бейхабар жағдайда оған кеңес беру өте қиын. Сондықтан, тiкелей кеңес беруден бас тартайын. Дегенмен, әлемдiк дағдарыс түрлi мемлекеттерге сан алуан қиындық тудырып жатқанын көрiп жүрсiз. Оның арасында батыс еуропалық елдер де бар. Бұл көптеген елдердiң кредиттiк рейтингiне және халықаралық валюталардың бағамына да әсер ете бастады. Құбылмалы ауандағы валюта-лардың тұрақсыздығына қарамастан, бiздiң төл теңгемiз әзiрге айтарлықтай өзгерiске бой алдыра қойған жоқ. Осыған байланысты сiздiң жинақтаған қаражат қорыңызды, алдағы жоспарларыңызды, мiндеттерiңiз бен шығындарыңызды ескере отырып, өзiңiзге қолайлы валютада сақтағаныңыз ләзiм. Егер ұзақ мерзiмдi жоспарларыңыз болса, онда жинаған ақшаңызды бiрнеше валютада сақтаған абзал. Ол валюта ауыстырғанда шығынды азайтады. Жуық арада қаржы жұмсамақ ниетiңiз болса, онда бiр валютадан екiншiсiне ауыстыра берудiң еш пайдасы жоқ деп ойлаймын. Менiң жеке шығындарыма қатысты ешқандай қаржы жөнiндегi кеңесшiм жоқ.

Сания Рауфовна:
– 2011 жылдың қарашасында Үкiметтiң селекторлық жиналысында сiздiң бiрiншi орынбасарыңыз Сергей Хорошун «1990-2005 жылдар аралығында Астанаға қосылып, қалыптасқан қала бөлiгiндегi берiле бастаған тұрғын үй кешендерi мен жеке меншiк тұрғын үй құрылысы аумағына тиесiлi инже-нерлiк-көлiктiк жүйенi жүргiзуге қатысты барлық жұмыстарды 2012 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз» деген едi. Сұрақ: Интернациональный кентi (Гольфклуб) осы аумаққа кiре ме?
Жауап:
– Сания Рауфовна, қала шекарасының әкiмшiлiк құрамына кiрген елдi мекендердi дамыту жүйесiнiң мәселелерiн былтырдан берi қарастырып жатырмыз. Ол үшiн 2014 жылға дейiнгi қала аумағына қосылған тұрғын алаптарын дамытуға арналған бағдарлама жасалды. Бағдарламада жоспар-ланғандай, былтыр бiр мезгiлде 9 елдi мекенде жөндеу жұмыстары басталған. Оның iшiнде Интернациональный кентi де бар. Бiр айта кетерлiгi, бiз тек жолға асфальт төсеп қана қоймай, айналасындағы аумаққа инженерлiк торап-тарды да орналастырдық. Бiр жыл аясында осы бағдарламаның нәтижесiнде 24 км жол салынып, 44 км коммуникация торабы жүргiзiлдi. Бiрақ, мұндай iрi жобаларды жүзеге асыруға көп уақыт пен мол қаржы қажет екенiн түсiнетiн боларсыз. Сондықтан, жұмыс жүйелi түрде сатылап жүргiзiледi. 2011 жылы Интернациональный кентiнде жол-құрылыс жұмыстары тек Жы-лыбұлақ орамында ғана жүргiзiлдi. Ол 530 м қашықтықты қамтып отыр. Жолдың төменгi қабатын қалыптау жұмыстары атқарылды. Ағымдағы жылы маусым басталысымен осы аталған аумақта жол құрылысы жанданып, ком-муникация жүргiзу iсi жалғасады. Интернациональный кентiнде тағы да бiрнеше көшенi жөндеу жұмысының жобалары жасалды. Олар 2013-2014 жылдарға арналған қала бюджетiнiң қаржылық ахуалына қарай жүргiзiлуi мүмкiн.

Нишанов Бахрам Джураевич:
– Астана қаласы әкiмдiгi жанынан құрылған комиссия мен Астана қаласы әкiмдiгi жанынан құрылған «Жаңа құрылыс» ЖШС екi және одан да көп пәтерге салым салған үлескерлерге тек бiр ғана пәтерден бөлiп жатыр. Ол пәтерлер екi және одан да көп пәтерге салым салған үлескерлердiң пәтер көлемiне мүлде сай келмейдi. Мұндай үлескерлер қатарында жағдайы төмен отбасылар көп. Мүгедек балалары барлар, өздерi мүгедек, Ауған соғысы ардагерлерi, Чернобыльде қиындық көргендер, Ұлы Отан соғысы кезiндегi тыл ардагерлерi және тағы басқалар… Олар мемлекетке салмақ салмай, үй құрылысына қарыздана жүрiп салым салып, несие алып, бүкiл отбасылық табыстарын жұмсады. Заңды түрде алынған пәтерлерiне қашан қол жеткiзедi?
Жауап:
– Бахрам Джураевич, мұндай шешiмiн таппаған құрылыс нысандарын бiтiру мемлекеттiк бюджеттiң бөлген қаржысымен ғана мүмкiн болды. Әлемдiк дағдарыс кезiнде Қазақстаннан басқа бiрде бiр мемлекет үлескерлер мәселесiне көңiл бөлiп, оларға көмек қолын созған жоқ. Қарапайым халықтың коммерциялық тәуекелдерiн мемлекет өз мойнына алуы – ерекше жағдай. Өйткенi, дағдарыс ел азаматтарының өмiрлiк қызығушылығына қауiп төндiрген едi. Сондықтан, мемлекет үлескерлердiң баспанасыз қалмауын қадағалауды өз мiндетiне алды. Алайда, үлескерлердiң барлық салымын өтеп беруге уәде берген жоқ. Мемлекеттiң араласуымен бiтпей тұрған үй құры-лыстары аяқталып, Астана қаласында ғана 7 мыңнан аса үлескер мен олардың отбасы мүшелерi баспаналы болды. Үлескерлер мәселесiн шешуге мемлекеттiк бюджеттен жұмсалған қыруар қаржыға кем дегенде 170 балабақша немесе 50 мектеп салуға болар едi. Алайда, мемлекеттiң қатысуынсыз екi және одан да көп пәтерге жауапсыз құрылыс иелерiмен келiсiм жасаған үлескерлер бiр пәтерден алса да, соны қанағаттанбай, тек өзi-нiң жеке басының қамын күйттеуi орынсыз. Мемлекет олардың бар шығынын өтеп бере салады деп ойлаудың өзi қате.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button