Ақтаңдақтар ақиқаты

Он сан жұртқа олжа салған

Тәуелсіз ел болғалы санамыздан өшіп, жоғалып кете жаздаған қазыналарымыз да табылып, олар халқымыздың игілігіне айналып, рухымыздың жаңғырып жатқаны қандай ғанибет! Менің айтып отырғаным – төл тарихымыздың түгенделуі.

[smartslider3 slider=3574]

Ал енді бәлен жыл патша отаршылығында болған, одан кеңес өкіметінің қыспағын көрген жұртымыздың өшкенін тірілту оңай шаруа емес екені белгілі. Осы орайда айрықша қызмет жасап жүрген азаматтарымыздың бірі, ел тарихының терең тамырларын аршып келе жатқан қаламгерлеріміздің бірегейі Тортай Сәдуа­қасов екені анық.

Автордың бұған дейін көбінесе өлең кітаптары жарық көрсе, кейінгі жылдары әрбір аймаққа қатысты еліміздің ұмыт болған тарихы, жер-судың ежелгі атаулары, аумақ тұрғындарының шежіре-деректері қамтылған өте құнды кітаптары басылып шықты. Басында мұны кейбіреулер тосыр­қай қабылдап, орыс деректері біздің жұрттың жай-жапсарын бұрмалап көрсетуі мүмкін деген теріс пиғылда болған секілді. Бірақ орыс шенеуніктері бұл деректердің бәрін әр ауылдың би, болысынан жазып алған, ол шенеуніктердің қайсыбірі Тоқтамыс, Ерден, Қоңырқұлжа, Тұрлыбек, Маңдай, Құнанбай, Алшынбай, Жайықбай, Шорманның Мұсасы секілді ел ағалары, өз қандастарымыз. Әйтпесе басқа қандай дәлме-дәл деректеріміз бар? Билеріміз куәландырып, болыстарымыз бекітіп берген бұдан артық құнды құжаттар табылмас. Керісінше, бұрын анау айтты, мынау айттымен, дәлелсіз, жорамалмен қиыстырылып жүрген аңыз-әңгімелер, жас шамалары нақты болмағандықтан әртүрлі оқиғаға килігіп кететін кейбір тұлғалардың өмір жолы тиянақталып, жөніне келіп жатыр. Соның арқасында бұл кітаптар елдің үлкен сұранысына ие болып, жұртшылыққа тез арада тарап кетті. Ауылдастар, таныстар ол дүниелерді бір-бірінен сұрап, қалап алып, қатпарлы тарихтың сырына қанығады. Осылайша текті жерден шыққан тегеурінді талант иесінің тарихи-танымдық туындылары туған елінің игілігіне айналды.

Тортайдың талмай талаптанып, ерінбей еңбектене жүріп, мұрағат қойнауларынан іздеп тапқан, ескі кітаптар мен көне қолжазбалардан сүзіп алған жәдігерлері Қазақстанның талай аймағының, соның ішінде атап айтатын болсақ, өзіміздің Ақмола, Көкшетау, сол секілді Қызылжар, Омбы, Қарағанды, Ұлытау, Алатау өңірлерінің ел мен жер тарихындағы энциклопедиялық анықтамалығы деуге болады. Бұл орайда оның «Назарбай би және туған өлке тарихы» (2000), «Ел мен жер» (2003), «Абылай хан мен Аталық» (2005) өлең, зерттеу кітаптарын; Ақмола, Қарағанды, Семей, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының өткен тарихына арналған «Астана аймағы» (2008), Бурабай, Зеренді, Бұланды, Еңбекшілдер, бұрынғы Чкалов аумақтарының ел-жұрты туралы «Шортанкөл ойға шомғанда» (2012) атты көлемді тарихи-мұрағаттық еңбектерін атап айтуға болады. Бұл дүниелер елдің игілігіне айналуымен бірге, олардың ықпал-әсерімен, соларды негізге алған нұсқада әр аумақта бірталай өлкетану жинақтарының жарық көруі зерттеу­ші еңбегінің үлкен үрдіске айналғанын көрсетеді. Өзім де ауылдағы қарттар мен білетін азаматтардан жазып алып, бұрыннан жинақтаған жазбаларым бойынша «Ұрыңқай қырғызы», «Шежірелер жиынтығы» деп аталатын кітаптар шығардым. Сонда сүйенетін дәлел, басты өзек ретінде осы Т.Сәдуақасовтың зерттеулерін басшылыққа алдым. Зерттеу­шінің ел туралы елеулі еңбектерінің басты құндылықтары неде? Ол еліміздің тарихының нақты деректерін береді. Ол ел мен елдің бірлігін айқындайды. Ол халықтың рухын еселейтін, ұрпақтың жадын жаңғыртатын мәнді жайттарды алдымызға тартады. Біздің терістік облыстардағы ежелгі ел, жер атаулары орыстанып кеткенін бәріміз де айта жүріп, біраз атамекендердің атауы қайтарылды. Бұл жағынан да Тортайдың тауып жүрген дерек-мәліметтері әділ таразы болды деп ойлаймын.

Қарап отырсақ, қай заманда да, тіпті бейбіт кезеңде де қазақ баласы томаға-тұйық қалмай, бір-бірімен тығыз байланыста болған. Соның бір куәсіндей Жетісу жерінде ертеректе кіріккен Арқабай, Нұрабай, Алтай, Қарпық, Темеш, Бөрші, Бөгенбай, Қазыбек, Алшынбай сияқты есімдер де кездесіп отырады. Керісінше, Арқа жұртында Қарасай, Қараша, Қанай, Қойсоймас атты ел ағалары ұшырасады. Бізге мәлім болған Қарасай батырға қатысты тарихи құжаттардың бір алуаны осындай. Олай болса Қарасай батыр өткен Қараөткел, Көкшетау жеріне елорданың орнауында да осындай бір тарихи сабақтастық бар сияқты. Аталар дәстүріне зер салсақ, ел мен елдің мұндай үйірлестігі қазақ жұртының тұтастығын сақтаудан, жалпы мемлекеттік мүддені көздеуден туындайтынына көзіміз жетеді.

Жетісу жері қалмақ басқыншыларынан азат етілгеннен кейін де Алатау мен Көкшетау­дың арасындағы байланысы үзілмеген. Одан соңғы жерде Қытаймен, Қырғызбен, Қоқанмен тең дәрежеде иық тіресуге, қалың Найманның қабырғалы сұлтаны Әбілпейізбен бірдей деңгейде болуға Ұлы жүзге Абылайдың құзыреті қажет болды. Жалайыр, Албан-Суан, Дулат, Шапырашты руларының би-бағландарының сұрауымен Абылайдың Әділ деген баласы Жетісуға сұлтан болып сайланғаны тарихтан белгілі. Осы Әділдің және оның балаларының арқасында Алатау мен Көкшетаудың арасындағы байланыс қайтадан жанданып, дами түседі.

Әңгіме арқауы тек Алатау­ға ғана тіреліп қалмайды. Біріншіден, Көкшетау өңірі – Абылай ханның ордасы, сол тұстағы орталық. Екіншіден, Атығай-Қарауыл елі ол кезде Ұлытауға қарай жайлауға шығады екен, одан әрі Шуға дейін баратын болған. Жан-жақтан жиналған ел араласады-құраласады, құдандалы болады, бауыр басады. Сол тұста Шу өңірінен бірнеше үй қоныс аударып, Бағыс, Даңқой-Әйтімбет әулетіне бауыр басқан. Қатар қонған олар қазір де Кіндікқарағай, Мапыраштан 5-6 шақырым жерде жайғасып отыр. Осылайша болашақ Балуан Шолақтың ауылы, Сәмбет ауылы ірге көтереді. Бұл аймақта еншілес болып қосылған елдің елеулі бөлігі – Қырғыз ағайындар. Олардың бір бөлігі Абылай заманынан бұрын, енді бір бөлігі сол тұстан бері осында бауыр басқан.

Одан басқа оңтүстіктен қоныс аударған Тарақтылар тағы бар. Қызылқұмнан Атығай-Қарауылмен бірге көшкен Әйтімбет ішіндегі Алшындар, Керейіттер туралы да осылай деуге болады. Ертедегі сауда-саттық жолының бір тармағы – осы маң. Кезінде Қоқанд саудагері Кенжебай деген керуенбасы да осы жерді басып өтетін болған. Осының бәрі ел тарихының тұтасып жатқанын көрсетеді.

Өзіміздің Арқа өңірінің, Көкшетау мен Қызылжардың, Қарағанды мен Ақмоланың толайым тарихын Тортай ­Сәдуақасов бірнеше жинағында таратып жазады. Онда әр ауылдың, әр қыстаудың аты мен заты, биі мен старшыны, тұрмыс жағдайы, қонған жұртының құрамы түгел көрсетілген. Мұның бәрі үлкенге де, кішіге де, әкімшіліктер мен мәдениет, ағарту мекемелеріне де қажетті рухани мұралар. Түйіндеп айт­қанда, біреулер байлық қуып, қабат-қабат үй салып, біреулер қос-қостан әйел алып, біреулер шетелге шапқылап жатқан нарық заманында, халқының рухани қамын ойлап, құла түзден құндылық іздеп, алты алашына ой салып, он сан жұртқа олжа салып жүрген Тортай Сәдуақасов сол туған жұртының құрметіне де ие болды. Ұлт мүддесін көздеп жазған, жоғарыда атап өткен кітаптарын еліміздің кітапханаларынан алып оқуға кеңес беремін, өйткені мол мұралы шығармаларын бір мақалаға бағындыру мүмкін емес.

 Қайырбек ОСПАНОВ, өлкетанушы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button