Он томдық жарық көрді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада қазақ ғылымының атасы, академик Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағының салтанатты тұсаукесері өтті.
Ғұлама ғалымның туған күні және ғылым күні қарсаңында өткен мәдени-рухани іс-шараға Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентіндегі Президент және Үкімет өкілдері, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, Ұлттық құрылтай мүшелері, министрлік қызметкерлері мен жоғары оқу орындарының ректорлары, зиялы қауым мен баспасөз өкілдері қатысты.
Академиктің мұралары енген бұл жинаққа оның 1923-1963 жылдар аралығындағы ғылыми еңбектері, зерттеулері, баяндамалары мен рухани жазбалары жүйеленіп, қазіргі заманғы стандарттарға сай жарық көріп отыр.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ұжымы және «Халықаралық Сәтбаев қорының» атсалысуымен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, ҚР Парламенті Сенатының тікелей қолдауымен «Атамұра» баспасынан шыққан бұл кітап 10000 дана таралыммен республикадағы ғылыми мекемелер мен өңірлердегі жоғары оқу орындарына тегін таратылды. Цифрлық нұсқасы да көпшілікке қолжетімді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ