Басты ақпаратЖаңалықтар

ОН ЖЕТІСІНДЕ ОТ КЕШКЕН

Мінайдар Боранбаев 1926 жылы 10 мамырда дүниеге келген. Ол – Қостанай облысы, Амангелді ауданының тумасы. Ұлы Отан соғысы басталғанда әлі буыны бекімеген бозбала болатын. Тылдағы ауыр жұмыстың әйелдер мен жасөспірімдердің мойнына артылған ауыр кезін бастан кешірген. Бірақ соған қарамастан 1944 жылы жасын ұлғайтып жаздыртып, 17 жасында өз еркімен соғысқа кетеді. Жылға жуық соғысып, Ұлы Жеңістің туын желбіретіп елге оралған жеңімпаз сарбаздың бірі атанды.

Алғаш қолға қару ұстай сала бірден ІІ Белорусь майданының 6 гвардия армиясы құрамындағы жаужүрек жауынгерлердің қатарына қосылады. Алты ай ішінде немістерді тықсыра қуып, Белоруссияның Белосток аймағынан Польшаның жеріне аяқ басады. Одра өзенінің сағасын бойлай жүріп соғысады. Сөйтіп, немістердің Штеттен деген қаласына жете бере сойқан ұрыс салады. Дрезденді азат етуге қатысады. Екінші дүниежүзілік соғыста Дрезден бүтіндей қираған қалалардың бірінен саналған. Алайда қазір күллі Саксон мемлекеттік кітапханасы орналасқан керемет дамыған үлкен қалалардың біріне айналған.
Сөйтіп, Мінайдар ата Балтық теңізі жағалауындағы Росток деген портты қаланы басқыншы фашис-терден азат етушілер қатарында да болған. Немістің өкшелей қуып келе жатқан кеңестер армиясы порт арқылы ағылшындарға қашпақшы болған неміс солдаттарының алдын алып, тұтқындап отырды. Сол жерде 1945 жылы 8 мамыр күні генерал К.Рокоссовский бастаған армия мақтаныштары Жеңіс парадын өткізеді. Мінайдар ата сол парадқа қатысушы көп солдаттың бірі болыпты. Соғыс біткенше қатардағы жауынгер М.Боранбаев аға сержанттыққа дейін өскен. Ол І санаттағы радист-байланысшы болды. Қазіргі таңда да ұмытыла қоймаған «Морзе әліппесінің» жетік маманы. Соғыс біткен соң оларды Кавказ әскери округіне жібереді. Сол жерде бес жылға жуық әскери қызметін өтейді. Радиобайланыстың бастығы болып елге оралған. Елге келісімен соғыстан кейін қаңырап қалған ауыл мен қалаларды қайта тұрғызу жұмыстарына белсене атсалысады. Өзі оқи жүріп, отбасын құрады. Арқалық қаласында көп жылдар бойы мектеп директоры қызметін атқарған ардақты ұстаз. Кейін Арқалық ауылдық парткомы болады. Идеология жөніндегі хатшы қызметін де істеген. Одан да басқа көптеген жауапкершілігі мол қызметтерді атқара жүріп, зейнетке шыққан. «Әскери ерлігі үшін» медалі, «Ұлы Отан соғысының ардагері» ордені, «Германия азат ету» медалі, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және тағы да басқа отызға тарта марапаттары бар екен. Сүйіп қосылған жары Алма апа екеуі 60 жыл бірге қол ұстасып өмір сүріп келеді. Қол ұстасып өмір кешкен қос ұстаз өмір айдынына бірнеше буын қазақ балаларын тәрбиелеп ұшырды. Жеті бала өсіріп, немере-шөбере сүйіп отырған ақсақал Арқалық қаласының құрметті азаматы.
Жасы 86-ға қараған атамыздың өскелең ұрпақ алдында жасаған ерен ерлігі ешқашан халық жадынан өшпейді. Оның жалынды жастығы өмір үшін күреспен өтсе, бүгінгі егемен елдің ұландары дегдар текті аталар аманатын арқалап өмір сүреді.

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button