Жаңалықтар

өнегесін естіп өстім

555

Қазір жер-жерде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты түрлі шаралар өтіп жатыр. Бұдан күнделікті өзім жаздырып оқитын «Астана ақшамы» газеті де қалыс қалмай отыр. Соның бір дәлелі – «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» айдарымен беріліп жатқан мақалалар легі. Мен де ардагер Мұхамеджан атам туралы жазбаққа қолыма қалам алдым.

Менің нағашы атам Мұхамеджан Омаров Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан. Екінші Белоруссия майданында болған.
«Берлинге 100 шақырым қалғанда сұм фашистерді жеңдік деген қуанышты хабар келді. Ол ақ түйенің қарны жарылған күн еді. Адам қуаныштан да жылайтынын сонда көрдім. Бес жыл оқ пен оттың ортасында жүрген, небір ауыр күндерді өткізген кез артта қалды. Әйтеуір, құдай қолдап, елге аман-есен оралдық қой» деп бастайтын әңгімесін майдангер атам.
Ол соғысқа дейін өз ауылының қызы Тазагүл Бегібайқызымен бас құрайды. Екеуі екі ұл, бір қыз сүйеді. Атам 1995 жылы 91 жасқа келіп, дүниеден өтті. Ол кісінің алдында үлкен ұлы Жұмабайдың жары Бағдат қайтады. Бұл жағдай қарт адамға ауыр соққы болды. Өйткені, олардың бес баласының ешқайсысы да әлі аяқтанбаған еді. Одан кейін Жұмабай мен екінші ұлы Қабдырахим алпысқа жетпей, жүрек дертінен көз жұмады. Бүгінде олардың балалары әр салада қызмет атқарады. Жалғыз қызы Гауһар Астана қаласында тұрады.
Атам соғыстан келгеннен кейін сол кездегі Целиноград қаласындағы №1 ұн тарту комбинатында ширек ғасырдан астам еңбек етті. Табысты жұмыс атқарып, зейнет жасына жеткенде демалысқа шықты. Алған мақтау қағаздары мен марапаттары жеткілікті. Атамның қызы, менің анам Гауһар балалары мен немерелеріне әкесінің, яғни, менің нағашы атамның қандай адам болғандығын үнемі айтып отырады.
Қашанда біреуге жақсылық жасағысы келіп тұратын майдангер атамның немересі болғанымды мақтан тұтамын.

Асылхан Әбілдинов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button