Президент пәрмені

Өнер өрені өсіреді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында­ айтылғандай, бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Елбасы өз сөзінде білім беру саласындағы басымдықтардың бірі ретінде «Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке­ дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек» деп айтып­ ­өтті. Президент­ айтып отырған сондай жаңа әдістердің бірі деп қосымша білім беру мекемелерінің көптеп ашылуын айтар едім. Өйткені, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, жалпы өнерге баулу, таным өрісін кеңейту үшін қосымша білім беру мекемелерінің маңызы зор.

Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, саланың құрметті қызметкері Бақыт Әбдірашитова басшылық ететін Астана­да­ғы №1 өнер мектебі осы тұрғыда қыруар шаруа атқарып келеді.

Мектепте музыка, көркемөнер, хореография, дайындық және 3-6 жастағы бүлдіршіндер­дің ой-өрісін дамыту үйірмелері жұмыс істейді.
Ұжымымызда 34 педагог қызмет етеді. Осы жандардың еңбегінің арқасында мектеп оқушыларының ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бар. Біздің балалар қалалық, рес­пуб­ли­ка­лық және әлемдік байқауларға қаты­сып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Жаңа оқу жылы басталғалы Мемлекеттік Тіл мерекесіне арналған мектепішілік «Болашағың жарқын сенің, Қазақстан!» атты интеллектуалды ойын, Қазақстан Республикасы Ата Заңы мерекесіне орай «Адам және заң» ІІІ қалалық сурет байқауы ұйымдастырылды.

Оқушыларға тәуелсіздік жолында құр­бан­ болған аға ұрпақтың ерлігін үлгі ету мақ­са­тын­­да «Туы биік, тұғырлы ел» концерт­тік­ бағ­дар­­ла­­масы өткізілді.

Жаңа жыл қарсаңында «Ең үздік жаңа жылдық киім» атты ІV қалалық балалар­ бай­қауы да өнер мектебі ұжымының ұйым­дас­ты­руы­мен өтті.

Байқауға жалпы білім беретін 49 мектептен 8-10 жас аралығындағы оқушылар қатысқан болатын. Бас жүлдені жеңіп алған жеңімпаз Президенттік шыршаға, І орын иегеріне қала әкімінің шыршасына, ал екінші, үшінші орын иелері елорда аудандары ұйымдастырған Жаңа жылдық мерекелік кешке қатысып қайтты.

Тәрбиелік мәні зор халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүрлерінің бірі, күн мен түннің теңесетін Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлау да мектептің оқу-тәрбиелік жоспарына сәйкес ерекше аталып өтті.

Мерекеге қатысқан әрбір жан жер шарын­да­ғы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің тарихы туралы толық мағлұмат алып және ата салтын сақтауға, отан­сүй­гіштік, ұлтжандылық қасиеттерін бой­ын­­да қалыптастыру арқылы өздерінің шығар­ма­шылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, сәуір айында Оңтүстік Африка Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне орай Астанадағы Оңтүстік Африка Республикасы­ елші­лігімен бірлесіп мәдени шара өткізу дәс­түрге айналған.

Ұлы Жеңістің тағылымдарын жас ұрпақтың бойына дарыта білу, сол арқылы олардың отансүйгіштік сезімін арттыру да мектеп ұжы­мы­ның назарынан тыс қалып көрген емес.­ Жыл сайын 7 мамырда Ұлы Отан соғысы арда­гер­леріне арнап «Ардагерге кәдесый» атты қалалық қолөнер байқау-акциясы өткізіледі.

Өзім 2009 жылдан бері осы мекемеде ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп келемін. Астаналық жас таланттарды тәрбиелеуде менің ұжымымдағы оқытушылардың үлесі зор деп сенімді айта аламын.

Эльмира АЛТЫНБАЕВА,
№1 өнер мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button