Мәдениет

ӨНЕР ШАШТЫ ШЕТЕЛДЕГІ ҚАНДАСТАР

IMG_9945

Қазақ гуманитарлық заң университетінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен шетелдерде тұратын қазақтар арасында халықаралық өнер фестивалі өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған екі күндік шараға әлемнің 21 елінен 60-қа жуық қандасымыз жиналды. Фестиваль бағдарламасына ақындар мүшәйрасы, суретшілер байқауы және жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілер сайысы кірді.

Мүшәйраға Қытай, Моңғолия, Өзбекстан елдерінен келген 13 ақын қатысты. Әрқайсысы екі өлеңнен оқып, ақындық қуатын байқатқан олар Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы бастаған қазылар алқасының талқысына негізінен эпикалық сарындағы жырларын ұсынды.
«Ақындардың барлығында тіл төгіліп тұр. Өлеңдерін көне сарынға салып, ата-бабалардың арманын, сонау замандардан бері қарайғы қазақтың тағдырын жырлап жатыр. Мысалы, Үмітбек Бағдат деген жігіттің екінші оқыған өлеңі мені қатты тебірентті. Көптеген өлеңдер абстракцияға, нақты емес оқиғаларға құрылса, Үмітбектің жырында Шығыс Түркістанның бүкіл тағдыры көрінеді. Ол азаттық үшін басын бәйгеге тіккен Таңжарық сынды тұлғалардың образын туындысына тамаша сыйдырған. Атамекенге деген сағыныштың да лебі еседі. Негізі тарихи отаныңа оралу бақыт болғанымен, оның екінші көлеңкелі, қасіретті жақтары да бар. Туған топырақ деген ұғымды алсақ, адамның кіндік қаны тамған жері тебірентпей, табындырмай, тұн ұйқысын төрт бөлдірмей тұрмайды. Сондықтан адам қақ жарылып жатады. Мұндай тағдыр өз басымда да бар. Ақындық өзі намыстан, ел басына түскен тағдырдан туады. Бүгінгі бәйгеге қатысып жатқан ақындар жас та болса, елдің ішкі қасіретін сезінген, жүректеріне үлкен салмақ түскен балалар екен. Сондықтан олардан болашақта тамаша ақындар шығады деп ойлаймын» деді Несіпбек Айтұлы.
Суретшілер байқауына негізінен этнографиялық тақырыптағы туындылар ұсынылды. Олардың арасында өзбекстандық Гүлжан Тәшмұхамедованың жұмыстары өзімізді ерекше қызықтырды. Талапкер суретші Қазақ хандығының қазығын қағып, іргесін бекіткен Керей мен Жәнібек хандардың, айбарымен жерімізге көз алартқан жауды жасытқан Абылай ханның бейнелерін кескіндеп, «Тараз – тарихымның алтын бесігі» атты суретті салыпты.
Гүлжанның ата-анасы Ташкент қаласында тұрып жатыр екен. Өзі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дизайн кафедрасында білім алып жатыр. «Осындай байқауға бірінші рет қатыстым. Өзіңіз көріп отырған суреттерді салуыма түсіндіруге келмейтін ішкі сезімім итермеледі» деді жас суретші.
Суретшілерге баға берген қазылар алқасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші, мүсінші Сембіғали Смағұлов басқарды. Оның ұсынылған жұмыстар жөнінде пікірін білдік. «Байқауға қатысып жатқан талапкерлер өздеріне-өзі сыншы бола білуі керек. Сол кезде олар өседі. Өзін бағалай алатын адам шығармашылық табыстарға жетеді. Атап өтер жайт, Қазақстандағы бейнелеу өнері көп елдерден озық. Мәселен, Қазақстанға бұл өнер түрі Кеңес өкіметі орнаған кезеңмен бірге келді. Ал, Қытай бұл жағынан, тіпті, кенжелеп қалды. Бірақ, бүгін өзіміз көрген суреттердің арасында жақсы жұмыстар да кездесті» деді ол.
Жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілер сайысына қатысқандар екі шығармадан орындады. Біздіңше, бұлардың арасында ерекшеленгені Түркиядан келген Ертоғырұл Хусейн болды. Ол Жетісу ән орындаушылық дәстүріне жататын Сәдіқожаның «Сарыбидай» әнін тәп-тәуір айтып шықты. Қытайдан келген бірнеше қандасымыз Бердібек Құржықайдың «Мен қазақпын» термесін таңдапты. Бұл туындыларға қоса «Майлықожаның термесін», Кенен Әзірбаевтың «Тік шырқау», ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рахимовтың «Сәби болғым келеді», Есенқұл Жақыпбектің «Алдай-ау» т.б. елімізде және Алтайдың арғы жағында жиі орындалатын әндерді тыңдадық. Алайда, аталмыш сайысқа қатысқандардың көпшілігінің дайындығы дұрыс болмады. Оны жыршы-термешілер мен дәстүрлі әншілерге баға бергендердің арасында болған белгілі әнші Ерлан Рысқали өз сөзінде атап өтті. «Жылт еткен таланттар да жоқ емес екен. Қатысушылардың бәрі лайықты бағасын алады» деді ол.
Халықаралық өнер фестивалі гала-концертпен жабылды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталып, елімізге танымал дәстүрлі әншілер мен эстрада жұлдыздары ән салды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button