Оқырманнан он сұрақ

Өнерді өрге сүйрейтін еңбек – Құдайберген Бекішев, әнші, ҚР мәдениет қайраткері:

– Ел ішінде «Қазақ тілді әнші­лерді той асырайды» деген сөз бар. Сізді ше? Құпия болмаса, бір тойға қанша аласыз?
Руслан
– «Тек тоймен күн көреді» деу артық болар. Бармаймын демеймін, шақырса, қалмауға тырысамын. Дүрілдеген той жасалып, оған шетелден әншілерді шақыртып жатса, несі жақсы? Біз ғана емес, кезінде Ақан сері, Біржан, Саралар да тойдың көркін қыздырған. Ел болған соң той тойламай отырмайды. Қонақтарының көңілін көтер­гілері келеді. Сонан соң әртіс­терді шақырады. Тойдан тап­қан табысымды өнер жолына жұм­саймын. Қатып қалған баға жоқ. Кейде өздерінің жағдайын айтып жа­тады. Ол кезде әнімді тегін айтып берем. Мен – халықтың баласымын. Ендеше, олардың тілегін орындауға міндеттімін.

– Сіз кімді және қандай әнді тыңдайсыз?
Аслан, студент
– Мен классикалық бағыттағы ән­­дер­ді тыңдағанды жақсы көрем. Ал, қазақ эстрадасында небір жақсы әншілер мен әндер бар. Құ­­лақ құры­шын қандырып, жүрек қылын шер­те­тін, жағымды әндердің бар­лы­ғын тың­даймын.

– Биылғы оқу жылы да аяқта­лып қалды. Бала кезіңізде қан­дай оқушы болдыңыз? Сынып­тас­та­ры­ңыз­бен араласып тұрасыз ба?
Лаура, оқушы
– Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы мектептің түлегімін. Мектепте сегіз жыл оқып, одан кейінгі үш жылымды техникалық лицейде өткіздім.
Қанша аңсағаныммен, балалық кезді қайтару мүмкін емес. Мен өзі мектеп жасында көп қиыншылық көргендіктен, оқушы кезімді керемет өтті деп айта алмаймын, бірақ ол заманның да өз қызығы болатын. Өзіміздің аудандағы «Алтын арай» ансамблінің белсенді әншісі болдым. Сыныптастарымнан қол үзіп кеткен жоқпын. Осы Алматыдағы сыныптастарыммен кездесіп, хал сұрасып тұрамыз.
Сабақты кілең бестікке оқыған жоқпын. Көбіне мәдени шаралар жағында жүретінмін. Тәртібім де онша болмады, сыныптағы бұзық­тардың біреуі мен болатынмын. Бұ­зық болғанда ешқашан бас жарып, көз шығарған емеспін, тек мұға­лімдерге жиі пародия жасай­тынмын. Мұның бәрі сәл-пәл ерке­ліктен деп ойлаймын. Оқушы Құдайбергенді таза білімсіз деуге де келмейді. Кейбір пәндерден белсенді болдым. Жалпы ортаңқол балалардың санатынан едім. Осыдан екі жыл бұрын мектеп ұжымы шақырған соң, сөздерін жерге тас­тамай барып, шағын концертімді беріп қайттым. Негізі, елге көп бара бермеймін. Сағынғанда арнайы ат басын бұрып, мауқымды басып қайтамын.

– Өнер адамының бойынан қан­­дай қасиеттердi көргiңiз ке­ледi?
Самал, психолог
– Өзегіне өнер ұялаған әрбір азамат үшін ең бірінші еңбекқор­лық қажет деп есептеймін. Еңбек түбі – зейнет. Екіншіден, қарапайым­дылық керек. Қызғаныш, көреал­мау­­шылық деген жаман қасиет. «Ашу­шаң адам – аурушаң» деген сөз бар ғой. Әркез сабырлы болған­ға не жетсін?! «Кең болсаң, кем бол­майсың» дегендей, қате­лікке ке­ші­ріммен қарап, бір-бірінің жаманын жасырып, жақсысын асыру бар қазақта болуға тиіс қасиеттер деп есептеймін.

– «Ер жігіттің басын төрге сүй­­рей­тін де, көр­ге сүйрейтiн де – әйел» дей­ді қазақ. Үйдегі жеңгей ту­ра­лы ай­тып беріңізші…
Гүлзира
– Өте дұрыс айтылған сөз. Жеңге­лерің әрқашан менің тілеуімді тілеп үйде отырады. Өте жақсы адам. Ша­ңырақ көтергенімізге биыл 30 жыл толады. Бір ұлымыз бар.

– Аға, шығармашылығыңыз қалай жүріп жатыр?
Дария, қала тұрғыны
– Қазір біраз жұмыстар жасалып жатыр. «Әндер мен Жылдар» де­ген концерт ұйымдастырған болатын­мын. Алдағы уақытта телеарналардан көрсетеді. Осы концертті жыл сайын ұйымдастырып тұрсам ба деген ой бар. Сосын аудио-видео дискілер шығармақпын. Өнер ака­де­­мия­сындағы студенттерім де оқу бітіріп жатыр. Қазір өзім Түр­­кия­­ның Бодрум қаласына дема­­лыс­қа кетіп барам. Келген соң осы жұ­мыс­тарымды бір ретті қылмақпын.

–Мақтанғанды демей-ақ қоя­йын, жалпы мақтауды сүйесіз бе?
Сәкен, қала тұрғыны
– Лайықты дүниені бағалап, қол­паштаса ғана адамның жан дүниесі рахаттанады, өнер өрістейді деп ойлаймын. Патша да мақтағанды сүйеді. Біз жанымызды салып дәріптеп жүрген, атадан-балаға мирас болып келе жатқан ән өнері бүгінгі ұрпақтың рухын оятып, сабақтастық тауып жатса, ұмыт қалмай жанданып, өсіп-өркендесе, онда кім мақтаса да еш айыбы жоқ.

– Өте қарапайым мінезді адам екенсіз. Мұндай болуыңызға кім немесе қандай оқиға әсер етті?
Панаркүл
– Бұл – маған табиғаттан, тәр­бие­ден келген мінез. Ауылда, қара­пайым отбасында өстім. Бәрі­міз адамбыз, шамам келгенше адам­гер­ші­лік­тен аспауға тырысамын.

– Қазіргі жас әншілер туралы не айтасыз?
Ақылбек
– Жастың аты жас. Егер жастың ру­ха­ни байлығы болса, естияры бол­­са, жақсы. Әрбір әннің рухы бо­луы ке­рек. Біздің жігіттеріміз сері, қыз­­да­рымыз сұлу болған. Тіпті қыз ба­ла­­ла­рымыз да қиын-қыстауда ба­тыр­ла­рының жолын түзеп отыр­ған. Ба­тыр болған жігіттерден тек рух­ты ән шығуы керек. Не басқа­ның емес, не қазақтың тілінде емес дү­­­ние жа­­сайтын әншілер бар. Мүм­­­кін, олар да іздену үстінде шы­­ғар. Олар­ды сынап-мінегеніміз дұрыс емес.

– Құдайберген аға, әншілік өнер­­­де жүргеніңізге неше жыл болды?
Баян, студент
– Әншілік өнерде жүргеніме ба­қандай 30 жыл болыпты. 200-ге тарта әнім бар…

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button