Жаңалықтар

ӨНЕРГЕ ҚҰШТАР ӨРЕНДЕР

IMG_8637_новый-размер

Елордада №2 Балалар музыка мектебінің 40 жылдық мерейтойына арналған «Шалқысын асқақ әуенім» атты шығармашылық кеш өтті.

Ізгі шара әуелі ұзақ жылдар бойы жас жеткіншектер бойына сиқырлы саздың нәрін сіңіріп, олардың қабілеттерін шыңдап, өнер өріне талмай қанат қағуға мүмкіндік берген музыкалық мектептің мерейтойына арналған ғылыми-педагогикалық конференциямен басталды. Онда музыкалық мектептің алтын арқау секілді үзілмей кешегіден жалғасқан тарихы мен бүгінгі жеткен жетістіктері туралы тереңірек айтылды. Жиынға Алматы, Қарағанды, Көкшетау аймақтарынан арнайы қонақтар қатысып, саз мектебі жайында байыпты ой-пікірлерін білдірді. – Мен осы өнер мектебін жеті жыл басқардым. Сондықтан да айтулы оқу ордасы өзіме ыстық көрінеді. Қырық жылдық бай тарихы бар мектептің жеткен биігі де зор. Қаншама дарынды балалар түлеп ұшты. Бүгінгі таңда олардың алды көпке танылып, ел абыройын асқақтатып жүр. Әсіресе, маған осы музыка мектебінде оқитын балаларға сабақ беретін ұстаздардың кәсіби білігі жоғары екендігін айтқым келеді. Өйткені, сахнаға шығып өнер көрсеткен жасөспірімдердің барлығы саз аспаптарын шебер орындайды, – дейді Оспан Сүлейменов. Айтулы шара соңы музыкалық мектепте тәлім алып жатқан оқушылар және ұстаздардың қатысуымен үлкен концертке ұласты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button