Мәдениет

Өнері өрлеген полковник

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының концерт залында ақын, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, доғарыстағы полиция полковнигі Сланқожа Қарақыс­тықтың «Біз Отанның сарбазы» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш Қазақстан ішкі істер органдарының 30 жылдығына арналды.

[smartslider3 slider=3307]

 

Кешке Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев қатысып, ведомство басшысының ыстық ықыласын жеткізді. Елордалық филармонияның қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айт­қали Жайымов кеш иесімен кезінде консерваторияға қатар түскенін айтып, кешімен құттықтады. Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Сланқожа Қарақыстық пен Айтқали Жайымов марапатталды.

Кеш иесі Есік қаласындағы педучилищеде оқып, Тараздағы М.Әуезов атындағы мәдени-ағарту училищесін тәмамдады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына түсіп, осы оқу орнынан Шымкент шаһарындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтына ауысты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан жиырма жылдан астам уақыт ішкі істер органдарында еңбектенді. Ішкі істер министрлігінде мемлекеттік тілді дамыту басқармасын құрып, оның алғашқы басшысы болды. Қорғаныс министрлігінде де осындай басқарманың құрылуына бас болып, соны басқарды.

Өнерден де қол үзбеді. «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінде жұмыс істеді. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар штабының бастығы. Кеште осы оқу орны атынан да құрметтеліп, «Күлтегін» медаліне ие болды.

Кеш барысында Сланқожа Қарақыстықтың өлеңдері оқылып, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен белгілі өнер шеберлері әндерін шырқады. Бір айта кетерлігі, оның «Өлеңім – өмірімнің айнасындай» атты жыр жинағы жарық көрген. Көрермендер автордың оқуында жаңа жырларын да тыңдады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button