Басты ақпарат

Өнері ұлына дарыған…

Қазақ «алып анадан» деген сөзді текке айтпаған. Бала бойындағы дарын мен қарымның ананың ақ сүтімен бірге бала бойына сіңетіні талассыз шындық.

[smartslider3 slider=2338]

 

Бүкіл әлемді там­сандырған Димаш Құдайбергеннің де бүгінгідей нә­ти­жеге жетуі – сондай өнерлі әке мен өнегелі шешенің тәрбиесінен екені талассыз шындық. Бұған анасының «алма ағашынан ұзаққа түспейді дегендей, Димаштың қазақтың бір әншісі болып өсіп, жетілуіне біздің өнер адамы болғанымыздың да әсері мол болды. Себебі ол кішкентайынан ән мен күйдің ортасында ер жетті» деген сөзі айғақ. 8 наурыз Халықарлық әйелдер мерекесіне орай Димаштың анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаевамен хабарласып мерекесімен құттықтадық. Газет тілшісі екенімізді білген соң Светлана да сөзді өзінің нәзік жандыларға деген мерекелік сәлемімен бастады.

– Көктемнің алғашқы шуағымен қосарланып жететін осы бір мереке бүкіл назік жандылар үшін мереке біткеннің төресі сияқты сезіледі. Себебі 8 наурыз – аналар күні, апаларымыздың, әжелеріміздің, құрбыларымыздың, сіңлілеріміздің, қыздарымыздың мереке шаттығына шомылып, гүлдей құлпырып кететін шағы. Мен үшін бұл мереке мейірімнің, еркеліктің, әдеміліктің символы сияқты сезіледі. Сондықтан осы әсем мерекемен барлық аруларды шын жүректен құттықтаймын. Еліміздегі барлық нәзік жандылардың басы аман, дені сау болып, отбасы бақытқа шомсын деген тілек айтамын. «Әйелдің кіндігінде әлем айналады» дегендей, әр әйел – бір отбасының ғана емес, бір ұлттың, бір елдің тірегі. Ұрпақтың тәртіпті, тәрбиелі, жақсы азамат болуы да әйелдің тәрбиесімен қатысты. Осы тұрғыдан алғанда да, ананың бақыты әлемнің бақыты дер едім, – деп өз тілегін білдірді Светлана Айтбаева.

Әрине, Светлана Айтбаеваның аты аталса, Димаш еске түсетіні белгілі. ­Димаш – Қанат және Светлана Айтбаевтар отбасындағы үш баланың тұңғышы. Димаштың Раушан есімді қарындасы, Әбілмансұр есімді інісі бар. Димаш үйдің тұңғышы болғандықтан, сәби кезінен ата-әжесінің тәрбиесінде өскен. Бұл жөнінде Димаштың анасы былай дейді: Ата-әженің бала үшін де, жас отбасы үшін де орны бөлек. Мен өзім атам мен әжемнің қолында өстім. Мектепке барған кезде барлық қазақ ауыз әдебиетіндегі ертегі-аңыздарды, жырларды, өлеңдерді біліп бардым. Атам күнде ертегі, аңыз-әңгіме айтатын. Біздің балаларымыз да дәл сондай тәрбие көріп өсті. Біз ата-енемізбен бірге тұрдық. Димаш 1-1,5 жасынан бастап ата-әжесінің жанында болды. Біз алаңсыз жұмысымызды істедік. Ата-апасының қасындағы балалар еркін өсті. Жасқану деген жоқ. Өйткені жастау кезімізде балаға қаттырақ бірдеңе айтайын десек, әке-шешемізден қаймығып тұратынбыз. Сол себепті бала ата-әженің қорғанында, ата-ананың қамқорлығында өскені жақсы деп ойлаймын, – дейді ол. Светлананың бұл сөзі оның ата-енесінің алдын кесіп өтпеген қазақ келіндерінің қасиетін бойына сіңірген өнегелі келін болғанының да айғағы айқын айғағы секілді.

Димаштың аты аспандағалы көп адам Светлана Айтбаеваны «Димаштың анасы» ретінде көбірек біледі. Дегенмен Светлана да – елімізге танымал өнер адамы. Бала күнінен өнерге бейім өскен ол кейін ­Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің музыка факультетіне оқуға түседі. «Ән салу және музыка» мамандығы бойынша мектеп тауысқаннан кейін Ақтөбе филармониясына жұмысқа орналасты. Қазақ әндерін, соның ішінде халық әндерін нақышына келтіріп шырқай білген Светлана Айтбаева өнер сахнасында ұдайы халқының ықыласына бөленіп жүрді. 2007 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. 2010 жылы ол облыстық филармония жанындағы Балалар студиясының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. 2011 жылы байқауда оған «Ақтөбе ханымы» атағы берілді. 2019 жылы елордаға қоныс аударған әнші қазір Е.Рахмадиев атындағы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік Академиялық филармония­сында солист болып жұмыс істейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button