Мәдениет

ӨНЕРІМЕН ӨРЛЕГЕН ӨРЕНДЕР

Астанадағы Оқушылар сарайында  халықаралық балдық би орындаушылардың  «SILK WAY» фестивалі өтті. Оған 600-ден астам жеткіншектер қатысты.

Silkway

Айтулы шараның мақсаты – Ұлы Жібек жолында тоғысқан мемлекеттердің достығын нығайтып, мәдени және шығармашылық байланыстарды жетілдіру. Байқауға  Израиль,  Грузия,  Ресей, Беларусь, Украина, Корея, Әзербайжан,  Өзбекстан және Қазақстан секілді елдерден  дарынды балалар қатысты. 7-17 жастағы жас өрендер жеті аталым бойынша бақ сынасты. Әсіресе, олар баяу вальс, вена вальсі, классикалық би, әлем халықтарының билері, халық биі секілді бағыттар бойынша өз өнерлерін жұртшылыққа ұсынды. Әсем қимылдарымен көрермендерді тәнті ете білді. Бала болса да, бидің қыр-сырын жетік меңгерген шеберліктері де сүйсінтті. Халық биі мен бүгінгі заман билерін ұштастырған қабілеттері де керемет.  Біздің елдің намысын қорғаған балғындар да мың бұралып, тамаша биледі.

Silkway (2)

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Біздің балалар өзге елдерден келген қатысушылардан еш кем емес. Киімдерімен де, техникалық жағынан өзгеше көрінді. Сонымен бірге биыл жас санаттары өзгертілді, байқауға кіші топты да қатыстырдық, – деді Оқушылар сарайы директорының орынбасары Қымбат Іргебаева.

Сонымен, фестиваль қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Украина бишілері топ жарды.  Екінші жүлдені – Израильден келген өрендер иеленсе, үшінші орын біздің елдің жеткіншектеріне бұйырды. Сондай-ақ, Оқушылар сарайынан қатысқан «Нұршашу» мен «Жігер» би топтары  «Ұлттық би» және «Заманауи билер» аталымында үздік шықты.  Халықаралық байқауға қатысқан  жас өнерпаздардың барлығы бағалы сыйлықтармен марапатталды.

                                                                                 Еңлік  АХМЕТЖАНОВА,

Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия   ұлттық университетінің 2-курс студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button