Қала мен Сала

Өнеркәсіп жобалары тиімді ме?

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы Zoom сервисінің бейнеконференциялық байланыс платформасында өтті.

«Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерлан Бекмурзаев пен «Астана-Технополис АЭА» АҚ төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Досқазиев баяндамаларында арнайы экономикалық аймақты, өнеркәсіпті және экспортқа бағытталған жаңа бәсекеге қабілетті өндірістерді, Нұр-Сұлтан қаласының инфрақұрылымын дамыту туралы баяндады.
«Нұр-Сұлтан қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерлан Бекмурзаев өнеркәсіптің дамуы бойынша әкімдіктің жұмысына тоқтала отырып, өткен жылы елорданың өнеркәсіптің дамуы бойынша Қазақстанның өзге өңірлері арасында алдыңғы орынға шыққанын мысалдармен келтірді. Теміржол машина өндірісі, қорғаныс, құрылыс және тамақ өнеркәсібі, металлургия, т.б. салалар қарқынды дамуды көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда қайта өңдеу өнеркәсібі екі есеге өскен. Спикер «Кока кола» зауыты мен «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауытына ерекше тоқталды. «Тау-Кен Алтын» аффинаж зауыты 2019 жылғы қараша айында өзінің жобалық қуатына қол жеткізіп, 25 тонна алтын өндірген.
Бүгінгі таңда антикризистік жағдайда өнім өндіруде жаңа қадамдар жасалуда. Сонымен бірге медициналық құрал-жабдықтарды импорттау жоспарлануда. Жаңа жобалардың тиімділігін арттыру бойынша әлем елдерінің тәжірибесін басшылыққа ала отырып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. «№1 паркті дамыту бойынша жұмыстар аяқталды, енді №2 парк бойынша жобалар қолға алынған. Мемлекеттік бюджетке салмақ түспеуі үшін ол жобаларды біртіндеп, яғни 2030 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асыру көзделіп отыр» деді ол.
«Астана-Технополис АЭА» АҚ төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Дос­қа­зиев­ елордадағы арнайы экономикалық екі аймақтың жұмысына тоқталды. «Елбасының өзі бизнестің дамуына технологиялық парктер үлесінің жоғары екенін айтып, жұмысына оң баға берген болатын. «Астана – жаңа қала» аумағында 316 құрылыс жобасы жүзеге асуда, өндіріс жағына келсек, индустриалды паркте 50 зауыт жұмыс істеп тұр, 17 зауыт салынуда, 16 зауыт жобалау және қағаздарын рәсімдеу кезеңінде. Ал, «Астанатехнополюс» туралы айтсақ, Назарбаев университетінде 9 жоба іске асуда, ол жоғары технологиялық, медицина және машина құрастыру бағытындағы, сонымен бірге ғылымға байланысты жобалар. Оның екеуі қала бойын­­ша жұмыс істеп жатыр, «iKomek», «IQala», «102» деген жүйені пайдаланатын жоба, екіншісі ауыл өнеркәсібіне көмектесетін «Егістік» деген жоба. Бұл егістіктің, жердің құнарлылығын арттыруға арналған бағдарлама» деп оның тиімділігін түсіндірді. Оның айтуынша, индустриалды паркте 2018, 2019 жылдарға қарағанда шығарылатын тауарлар 63 пайызға өскен. 2010 жылы 467 адам жұмыс істесе, бүгінгі таңда жұмысшы саны он есеге көбейген. Нұр-Сұлтандағы арнайы аймақта өндірілген тауарлар Қазақстанда шығарылатын өнімнің 76 пайызын құрайды. Сонымен бірге 2019 жылдары пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайтару бойынша жұмыстар жалғасуда, мысалы, 37 гектар жер қайтарылса, оның 29 гектары жаңа инвесторларға таратылған. Сегіз айда аялдама салу, жол жөндеу, т.б. жұмыстар жасалған болса, оның бәрі инвесторлар арқылы жасалған. Спикер индустриалдық паркте жылу тапшылығы бар екенін де айтып кетті, 12 мекеме автономиялық жылуға қосылатынын мәлімдеген, 20 мекемені биыл, 2 мекемені келесі жылы жылуға қосу жоспарланып отыр. Сонымен бірге биылдан бастап елордада лифттер, канцелярлық тауарлар, тұрбалар, сұр бояу, электрондық құрылғылар мен жиһаздар шығарыла бастайды.
Индустриалдық паркте 98-99 пайызға жуық жұмыс­тар жасалған, бос орын жоқтың қасы, сондықтан қала басшылығымен, президент тапсырмасымен №2 индустриалды паркті дамыту қолға алынған. 432 гектар жер бар, 2042 жылға дейін жобалар үшін өндіріс алаңдары жасақталады.
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында бая­н­дамашыларға өнеркәсіп жобаларын тиімді жоспарлау және индустриалдық паркте жылу тапшылығына қатысты сын-ескертпе айтылды. Қарас­тырылған мәселелер бойын­ша қаулылар қабылданды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button