Қала мен Сала

Өнеркәсіптің даму деңгейі қандай?

Бүгінде бас қала қай салада да серпінді дамып келеді. Әсіресе, елорданың өнеркәсіптік даму көрсеткіштері көңіл қуантады.

[smartslider3 slider=3929]

 

Еуразиялық континент орталығындағы ыңғайлы географиялық орнын, сондай-ақ жоғары экономикалық өсу қарқынын ескере отырып, бас қала инвесторлар және бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді дамытуда. Экономиканың нақты секторы бойынша еліміз тәуелсіздік алған жылдар ішінде өнеркәсіп өнімдері, инвестициялар, тауар айналымы және басқа экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштер көлемінің өсуі бойынша үрдістер тұрақты.

Шаһардың өнеркәсіп өндірісі, негізінен, құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Мұндағы ірі кәсіпорындар қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрас­тыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша елорданың жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда  8 417,6 млрд теңге және соңғы бес жылда 1,5 есеге өсті. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі жалпы көлемде 7,7 %-ға қамтамасыз етілді немесе 650,5 млрд теңгеге тең.

Бүгінде елорда Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді, 62 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Құрылысқа жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниясы қатысты. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жыл басында Нұр-Сұлтан қаласында 63 018 жұмыс істейтін заңды тұлға тіркелген. Соның ішінде 62 194 шағын, 473 орта және 351 ірі кәсіпорын бар. Жұмыс істейтін кәсіпорындардың 2 398-і, яғни 2 355 шағын, 28 орта және 15 ірі кәсіпорын өңдеу өнеркәсібіне жатады, бұл жалпы кәсіпорын санының 3,8%-ды құрайды.

Өңірдің өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2021 жыл қорытындысы бойынша 1 543,9 млрд теңгеге тең. Соның ішінде 1 390,5 млрд теңге – өңдеу өнеркәсібі, жалпы өнеркәсіптік өндіріс көлеміндегі үлесі 90,1%, 2020 жылы ол 91,3%-ды құраған.

Экспорт көлемі бойынша елорда Қазақстанның басқа өңірлері арасында екінші орында тұр. Ол жалпы көлемнің 10,2%-ын қамтамасыз етіп отыр. Өңдеу өнеркәсібі өнімнің экспорты көлемі бойынша 9,5% үлеспен бесінші орынды иеленіп отыр. Соңғы жылдары өңірлік экспорт номенклатурасы төмендегі өнімдермен: электровоздар және жолаушы вагондармен толықты.

Индустрияландырудың басынан Индустрияландыру картасы мен Кәсіпкерлікті қолдау карталары шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласында сомасы 227,3 млрд теңге тұратын 45 жоба пайдалануға берілді. Осылайша, 4,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Енгізілген жобалардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 37 жоба немесе 82%-ы елорданың Алматы ауданында орналасқан. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібі жобаларының арасында құрылыс индустрия­сы және инвестиция көлемі бойынша енгізілген жобалар саны бойынша көш бастап тұр. Мәселен, құрылыс индустриясы саласында 13 жоба немесе 32% жүзеге асырылса, инвес­тиция көлемі бойынша 57,4 млрд теңгеге немесе 51,1%-ға орындалған.

2025 жылға дейін елордада 5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл ретте жалпы сомасы 156,4 млрд теңгенің 57 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге биыл сомасы 38,4 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске жосу көзделген. Елордада енгізілетін жобалардың негізгі салалары – құрылыс индустрия­сы мен машина жасау саласы. Осылайша, кәсіпорындар KIA Bongo автомобилі, респираторлар, лифттер және басқа өнім өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.

Тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі елорданың тұрақты дамуы Қазақстанның бас мегаполисінің болашағы бұдан да зор болатындығын айқындады. Қорыта айтқанда, өзінің 30 жылдық өсу үрдісінде Нұр-Сұлтан экономиканың даму драйверіне айналды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button