Мәдениет

Өнерлі өрге жүзеді

Кеше «Қазақстан» орталық концерт залында елордалық жоғары оқу орындары студенттері арасында өткізілген «Jastar jalyny – 2021» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Бір жұма бойы 10 номинация үздік анықталған байқау Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Қазақстан жастар фракциясы өткізді. Фестивальде қаладағы 15 университеттің студенттері бар өнерін салды.

[smartslider3 slider=615]

Шараға қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев пен бір топ руханият пен мәдениет саласының өкілдері де болды.
Алғаш болып ҚР Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы «Поэзия» номинациясы бойынша үздік атанған студенттерді марапаттады. Бұл аталымда бас жүлде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Али Бекмұхамедовке бұйырды. Ал «Медиа» аталымы бойынша Қазақ ұлттық хореография академия­сының студенті Ғұмар Сұлтанбектің туындысы үздік деп танылды. Би арқылы қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселені көтеріп көптің көңілінен шыққан талапты жасқа жүлдесін «Қазақстан КВН Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есен Елеукен тапсырды.
Кіл жүйріктен, шын жүйрікті анықтаған «Айтыс» аталымы бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Ақбота Манарбектің жұлдызы жанды. Сөз додасынан оза шапқан жас ақынды филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы марапаттады.
«Ұлттың би» номинациясы бойынша Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің өнерпаздарынан құралған «Шаттық» бишілер тобы үздік атанса, жас суретшілер арасындағы сайыста Аруай Тасмағамбетованың өнері жоғары бағаланды.
«Жастар қуаты» аталымы бойынша Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерінен құралған «Самұрық» тобы мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік шықты. Олардың жүлдесін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев табыс етті.
«Музыкалық аспаптар» номинациясында да Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерінен құралған шығармашылық ұжымның бағы жанды. Сәйкесінше олар жүлдені Нұр-Сұлтан қалалық Мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі бас дирижері Айтқали Жайымовтың қолынан алды.
«Театр» номинациясы бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері бас жүлдені жеңіп алды. «Заманауи би» және «Эстрада» аталымдарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің биші студенттері жеңіс тұғырынан көрінді.
Шара соңы фестиваль жеңімпаздарының гала-концертіне ұласты. Сонымен бірге елордалық өнерпаз жастардың қуанышымен бөлісуге Ринат Малцагов, Жанар Дұғалова сынды эстрада жұлдыздары келіп, әннен шашу шашты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button