Өнертапқыштар мектебі

Ұлттық зияткерлік меншік институтында «Жас өнертапқыш мектебі» атты кезекті оқыту семинары өтті.
Шараның мақсаты – Қазақстанның бәсекеге қабілетті азаматтарын тәрбиелеу, өнертапқыштық еңбек нәтижелерін тиімді пайдалану негізінде шикізаттық экономикадан жоғары технологиялық экономикаға көшу. Өскелең ұрпақ үшін «Жас өнертапқыш мектебі» оқыту семинарларының сериясын 2020 жылы бастаған еді.
Елорданың жас зерттеушілері зияткерлік меншік негіздері бойынша кіріспе дәрістерді қызығушылықпен тыңдады, өнертапқыштық негіздері бойынша танымдық тренингтерге, викториналар мен интерактивті ойындарға қатысты, сондай-ақ патенттеуде тәжірибесі бар жас өнертапқыштармен кездесіп, жоғары сынып оқушыларына арналған республикалық жарыстар өткізілетіні туралы ақпарат алды. Бұл зияткерлік іс-шараға жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық ғылыми жобалар конкурсы қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған Нұр-Сұлтан қаласының 140 оқушысы қатысты. Шара соңында қатысушыларға сертификат табысталып, белсенділік танытқан оқушылар естелік сыйлықпен марапатталды.
Айта кету керек, жақында дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Дінмұхаммед Омар IJSO беделді халықаралық олимпиадасында сәтті өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алды.