Басты ақпаратҚұқық

Оңай олжадан сақтану қажет

Ақпараттық технологияның дамуы мен азаматтардың қаржылық, құқықтық және компьютерлік сауаттылығының жеткіліксіз болуы салдарынан интернет-ресурстарды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық түрлері өршіп тұр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы 5 жылда елорда ­аума­ғында жасалған интернет-алаяқтықтар саны ­67%-ға артқан. Осы тұрғыда Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Нұрислам Балтабеков көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

– Қазір алаяқтықтың қандай түрлері өршіп тұр?

– Бүгінде алдын ала төлем талап ету арқылы жасалатын онлайн-сатып алу, зиянды ақпараттық бағдарламаларды және әлеуметтік инженерия тәсілдерін қолдану арқылы жасалатын фишинг, претекстинг, яғни бөтен адамның атын бүркеніп жеке ақпаратқа қол жеткізу, жалған инвестициялық жобалар ұсыну және лотореялық ұтыстар туралы хабарлау кеңінен таралған.

– Олардың осы қылмысты жүзеге асыру механизмдері қалай?

– Алаяқтар қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік желілердегі ақпаратты, зиянды бағдарламаларды, сондай-ақ адамды сендіру және алдаудың түрлі психологиялық тәсілдерін қолдануда. Ең қарапайым тәсіл – интернет желісінде арзан бағаға тауар сату немесе қызмет көрсету туралы жарнамалау. Мұндай жағдайда жәбірленуші төмен бағаға қызығып, алаяқтардың құрығына түседі және оның тауар­ды жеткізу немесе алдын ала төлем жасау қажеттігін сылтау етуіне байланысты ақшалай қаражатты өз еркімен аударады.

Тағы бір тәсіл зиянды бағдарламаларды қолданудан тұрады. Атап айтқанда, жәбірленуші интернет сайттарын қарап отырып, оны қызықтыратын кез келген сілтемеге өтуі мүмкін немесе «Ватсап», «Телеграм», «Инстаграм» әлеуметтік желілерінде оған хабар келіп, «туысқаныма конкурста дауыс беруді сұраймын» немесе «мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетіңіз» деген секілді сан түрлі сілтемені алаңсыз басып қалуы мүмкін. Сол сәтте жәбірленуші фишингтік сайтқа кіріп, алаяқтар оның ұялы телефонындағы жеке мәліметтерге, тіпті ондағы экранға қол жеткізе алады. Мысалы, соңғы кездері алаяқтар азаматтардың «Ватсап» желілерін бұзып, олардың атынан таныстары мен туысқандарынан қарызға ақшалай қаражат сұрауда. Әрине, мұндай алаяқтық түрінің бар екендігінен хабарсыз тұлғалар оңай алданып қалады.

Келесі алаяқтық түрі – претекстинг, яғни өзге тұлғаның атын бүркеніп, адамдарды алдау. Мұндай алаяқтар ҰҚК, Ұлттық банк немесе өзге екінші деңгейдегі банктердің қауіпсіздік қызметтері, полиция қызметкері және тағы басқа мемлекеттік органдар мен мекемелердің атынан азаматтарға қоңырау шалып, олардың банктік шотында күдікті операциялар жүргізіліп жатқаны, тексеріс басталғаны туралы және т.б. жалған ақпарат беріп, жәбірленушінің сеніміне кірген соң оның жеке деректеріне қол жеткізеді немесе ақшалай қаражатты тікелей жымқырады. Мысалы, кейбір жағдайда жәбірленушілердің алаяқтарға сенгені сонша, өздерінің банктік шотындағы ақшаны шешіп алып немесе өз атына несие рәсімдеп, алаяқ көрсеткен банктік шотқа аударым жасауы мүмкін. Кей жағдайда азаматтар 3-4 сағат бойы алаяқтардың нұсқауларын орындайды.
Алаяқтық жасаудың басты екі механизмі: барынша сенімді сөйлеу және жәбірленушіге ойлануға уақыт бермеу. Атап айтқанда, алаяқтар сізден тез шешім қабылдауды талап етеді, асықтырады, нәтижесінде сыни ойлау қабілетін әлсіретіп, өз айтқанына көндіреді.

– Олар кәнігі ІТ мамандары ма, әлде кез келген адам жасай ала ма?

– Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, интернет-алаяқ­тықты жасау IT-саласының маманы болуды қажет етпейді. Бастысы, адамды алдаудың психологиялық тәсілдерін жетік меңгеру қажет, қалған зиянды бағдарламаларды қолдану, фишинг әдістерін пайдалану үшін интернет-ресурстарын орта деңгейде игеру жеткілікті.

– Әдетте олардың өз құрбанынан қалай да алуы тиіс ақпарат не?

– Бұл нақты алаяқтық түріне байланысты. Ұялы телефон арқылы немесе жалған жарнамалар арқылы жасалатын алаяқ­тық барысында адамдардың ақшасын жымқыру үшін банк картасының 3 цифрлы кодын білу қажет. Сондай-ақ адамның атынан несие рәсімдеп немесе банктік төлем жасау үшін алаяқтарға оның телефонына келіп түскен растаушы хаттағы сандарды білу керек. Дегенмен, кейбір алаяқтар адамның сеніміне кіріп, оның ақшалай қаражатын өз еркімен аудартып алып жатады.

– Қанша сомаға дейін өзіне аударып ала алады?

– Алаяқтар банктік шоттағы барлық қаражатты аударып алуы мүмкін. Сондықтан интернет-­алаяқтық фактілері бойынша ұсақ-түйек жымқыру қылмыстық құқық бұзушылықтары (2 АЕК-ке дейін) мен аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық қылмысы тіркелуде (4000 АЕК-тен жоғары).

– Бұған дейін ұсталған алаяқтардың жалпы сипаты қандай?

– Қылмыстық қудалау органдарымен ұстап алынған алаяқ­тардың сипатына көшсек, бұл – әдетте 16-35 жас аралығындағы, тұрақты жұмыс орны жоқ, орта білімді тұлға. Жыныс жағынан алғанда мұндай қылмысты ер азаматтар да, әйелдер де жасауда.

– Адамдар қандай ақпарат беруден қалай сақтану керек?

– Алаяқтық қылмыстардан сақтану үшін азаматтарды жеке және банк деректерін жарияламауға және ешкімге айтпауға, интернет желісінде бейтаныс адамдарға сенбеуге, алынған ақпаратты бірнеше рет тексеріп алуға, оңай табыс көздеріне қызықпауға, бөтен тұлғалармен сөйлесу барысында асықпауға және жылдам шешім қабылдамауға шақырамыз. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде өзіне қатысты ақпаратты жария етпеу де қажет, себебі көп алаяқтар тұлғаға қатысты ақпаратты ашық дереккөздерден алады. Ең бастысы, банкке қатысты құпия сөздер, реквизиттер, ЖСН мен паспорттық деректерді, сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен хат-хабарларды мұқият сақтау қажет.

– Бұл мәселенің асқынуы немен байланысты? Цифрлық технология дамуымен бе? Әлде басқа қандай үрдіс байқалады?

– Цифрлық технологиялардың дамуы қоғамдық қатынастың жылдам және шұғыл дамуына әкелуде. Әрине, мұндай жағдайда жаңа ақпараттық ресурстар мен бағдарламаларды игеру оңайға соқпайды. Мұны алаяқтар өз мақсаттарына пайдаланып, аңқау және ғылыми-техникалық жаңалықтардан бейхабар азаматтарды алдауда. Дегенмен, азаматтардың оңай ақшаға қызығып, өз еркімен алаяқтардың құрығына түсіп жатқан жағдайлары да аз емес. Сондықтан ғаламтор желісіндегі түрлі табыс көздерін жарнамалайтын сілтемелерге сенім деңгейін азайту қажет.
Қазіргі уақытта жасанды интеллект арқылы жасалатын алаяқтықтың алғашқы түрлері кездесуде. Атап айтқанда, интернет-алаяқтар азаматтардың дауысын, оның түрін жасанды интеллект көмегімен қолдан жасап, оның атынан туыстарын, таныстарын немесе бөтен адамдарды алдап бастауда. Өз кезегінде, жасанды интеллект саласының қарқынды дамуы алаяқтық тәсілдерінің одан да ілгерілеп кетуіне әкеп соғуы мүмкін.

– Оларды тоқтату үшін құқық қорғау органдары тарапынан қандай шара жасалуда?

– Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыру құқық қорғау және уәкілетті органдардың қыз­метіндегі басты мақсаттардың біріне айналды. Қазір барлық Полиция департаменттерінде Киберпол құрылымдық басқармалары құрылып, жасалған интернет-алаяқтықтарға қарсы жедел-іздестіру және тергеп-тексеру амалдары күшейтілуде. Сонымен қатар, қылмыс іздерін жылдам анықтау және жолын кесу үшін отандық және шетелдік ақпараттық-бағдарламалық кешендер сатып алынып, жұмыста пайдаланылуда. Бұдан бөлек, 2024 жылдың шілде айында ҚР Ұлттық банкінің қарамағында «Антифрод-орталығы» ашылып, құқық қорғау органдары, екінші деңгейдегі банктер мен өзге де қаржы мекемелерінің өзара іс-қимылы арқылы жымқырылған банктік қаражаттарды уақытылы бұғаттау және заңды иесіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ азаматтардың қатысуынсыз алаяқтармен онлайн-несие рәсімделген жағдайда полиция қызметкерлері екінші деңгейдегі банктерге ұсыным енгізіп, «Банктер және банктік қызмет туралы» заңының 34-бабының тәртібінде несие төлемдері тоқтатылып отыр. Тағы айта кететін жайт, интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша әрбір жәбірленушіге АК-нің 953-бабының талаптары жеткізіліп, сот арқылы дропперлерден негізсіз байлықты қайтарып алу мүмкіндігі түсіндірілуде.

Құқық қорғау органдарының алаяқтық қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашу бойынша жұмыстары ұдайы бақылауға алынды, алдағы уақытта бұл бағыттағы іс-қимыл сапасы арта түседі. Дегенмен мұндай қылмыстарды болдырмау үшін азаматтар арасында түсіндірме жұмыстарын күшейту, олардың құқықтық, қаржылық және компьютерлік сауаттылығын арттыру жұмыстарын да қолға алу қажет. Осыған орай, барша елорда тұрғындары мен қонақтарын, азаматтар мен ұйымдарды құқық бұзушылық профилактикасына белсенді атсалысып, туыстары мен таныстарын алаяқтық қаупі туралы ескертуге шақырамыз.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button