Sport

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

54229f5144160

Кеше Оңтүстік Корея елінің Кванджоу қаласында өткен ХХVIIІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада салтанатты түрде жабылды. Әлемнің 146 мемлекетінен келген 12 986 студент спорттың 21 түрінен 272 медальдар жиынтығын сарапқа салды. Еліміздің еншісінде – 6 алтын және 4 қола жүлде. Осы көрсеткішпен спортшыларымыз командалық есепте 10-орынды иеленді.

Бұл – Дүниежүзілік Универсиада тарихындағы Қазақстанның ең үздік нәтижесі. Осыған дейінгі үздік көрсеткіш 2007 жылы Бангкок қаласында тіркелді. Ол уақытта жерлестеріміз 5 алтын медаль алып, командалық есепте 11-орынға тұрақтаған еді.
Сонымен, жаһанның саңлақ студенттері бақ сынаған Универсиадада Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 2014 жылғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Дмитрий Баландин салды. Ол жүзудің 100 м брасс түрінен алтын, ал 50 м қашықтықтан қола медаль алды. Дмитрий бұл жолы өзінің тек Азияның ғана емес, әлемнің үздік жүзушілерінің бірі екенін дәлелдеді.
Осы университеттің студенті Виктория Зябкина жеңіл атлетикадан 100 м және 200 м жүгіруден қос алтынға қол жеткізді. Онымен тоқтамай 4х100 м жүгіруден Юлия Рахманова, Светлана Иванчукова, Анастасия Тулапина сынды жүйріктермен бірге тағы бір алтын медаль иеленді.
Таэквандо жарысында 58 кг салмақта М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұрсұлтан Мамаев алтын алды. Сондай-ақ, жеңіл атлетикадан 5,50 м биіктікке секіруден ҚазҰУ студенті Никита Филиппов алтын жүлдемізді еселеді.
Ерекше атап өткен жөн, 6 алтын медальдің бесеуін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жеңіп алды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button