Елорда тынысы

Өнім қауіпсіздігі – бақылауда

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігі жыл сайын артып келеді. Өйткені бұл – адам денсаулығын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Осы мақсатта санитарлық-­эпидемиологиялық бақылау органдары ЕАЭО-ның техникалық регламенттерінің және гигиеналық норматив талаптарының сақталуына санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жасау үшін арнайы мониторинг жүргізеді.

[smartslider3 slider=1900]

Мониторинг кезінде тамақ өнімдерінің барлық түрлерінің, атап айт­қанда, ет, балық, кондитерлік, сүт және т. б. өнімдердің қауіпсіздігі бақылауға алынады. Осы бағытта 2021 жылы тамақ өнімдерінен 2239 сынама зерттелді. Нәтижесінде 8 пайыз немесе 183 сынама ЕАЭО ТР талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған, оның 64 пайызы – импорттық, 36 пайызы – отандық өнімдер. Сонымен қатар 30 пайыздан 70 пайызға дейін тағам өндірушілер таңбалау қағидаларын бұзады, нақтырақ айтқанда, өндіруші туралы ақпарат, дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау уақыты және т. б. деректері болмайды. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша да қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін деректер бар. Мәселен, өнімдерде ішек таяқшасының бактериясы немесе патогенді флораның анықталуы, микроорганизмдердің рұқсат етілген санынан асып кетуі немесе жаппай өсуі, яғни «шіруі», «көгеруі» және т. б. кемшіліктер кездеседі. Одан бөлек, тұтынушыны алдау немесе жаңылыстыру, яғни өнімнің құрамы бойынша таңбалауда мәлімделген өнімге сәйкес келмеуі, мысалы, жануарлар ДНҚ-сының немесе ГМО табылуы сияқты қателіктер анықталды. Санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша, белгілі бір химиялық заттардың анықталуы немесе рұқсат етілген концентрациядан артық болуы – сәйкессіздік. Өкінішке қарай, жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерін сату өте жиі кездеседі.

Сауда нысандары жеткізушілерден тез бұзылатын кондитерлік, дайындау күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілмеген, құжаттарсыз өнімдерді қабылдап, оларды одан әрі сатуды жалғастыруда. Мұның бәрі жұқпалы аурулар тарап, тамақтан улануға әкеліп соқтыратыны белгілі. Санитарлық ережелер талаптарына сәйкес сауда нысандарында белгіленген жарамдылық мерзімі жоқ немесе жарамдылық мерзімі өткен тамақ өнімдерін өткізуге, өнімдердің қауіпсіздігі мен сәйкестіктін растайтын бағалау құжаттарынсыз сатылуына, өнімнің таңбалануындағы ақпаратқа тексеру нәтижесі бойынша сәйкес келмейтін тамақ өнімдерін қабылдауға, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге жол берілмейді.

Осыған орай, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушыларды өнімді таңдау кезінде аса мұқият болуға шақырады. Өйткені айналымдағы өнім белгіленген жарамдылық мерзімі ішінде пайдалануға қауіпсіз болуы тиіс. Сауда желілерінде сыртқы түрі бойынша сәйкессіздіктер, сақтау және таңбалау шарттарының бұзылуы, олардың сәйкестігі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап ету бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, белгіленген тәртіппен аумақтық санитарлық-эпидемиология­лық бақылау органдарын хабардар етуі қажет.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button