Басты ақпаратСараптама

Онлайн-сауда: триллиондардан еншіміз қандай?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта бизнес саласын қолдауды жалғастыруды, көлеңкелі экономиканы мейлінше қысқартуды және саланы цифрландырудың маңызына тоқталды. Қазір бизнесте табысты болу – онлайн-сауданы жолға қоюдан көрінеді. Бөлшек саудаға қарағанда онлайн сауда төрт есе жылдам өсуде. Дүние жүзінде 2,71 миллиард адам тұрақты онлайн-саудаға иек артады. Біздің Үкімет 2030 жылға дейін электрон сауданың үлесін 20 пайызға жеткізуді басымдық етті. Жыл сайын электрон сату арналары арқылы басқа елдермен сауда көлемін 100 миллион долларға ұлғайтуды көздеп отыр.

Онлайн-сауданың қарқыны

ХХІ ғасырдың басты тенденциясы – дәстүрлі дүкендердің орнын онлайн-сауда басып, елдер арасындағы шекараны елеусіз етеді. Бір жағы, жаһанданудың бір нышаны деуге болады. Онлайн-сауданың перс­пективасы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін қосымша мүмкіндік бар. Бұл бағытта Қытайдың көш бастап тұрғаны сөзсіз. Онлайн- сауданы дамыту аса маңызды. Бұған жаппай шектеулер кезінде көзіміз анық жетті. Қытайдың Alibaba Group, JD COM сияқты интернет алпауытының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орта Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады. Бұл жұмыстарды «С5+Сhina» бірыңғай электронды сауда платформасын енгізу арқылы үйлестіруге болады, – деді.

2027 жылға қарай бөлшек саудадағы сатып алудың 23 па­йызы интернет арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде. 2024 жылы электронды коммерция көлемі артып, онлайн сатылым 8,8 пайызға өседі деп межеленуде. 2021 жылы әлемде электронды коммерцияның жалпы көлемі 4,98 триллион долларды құраса, 2022 жылы – 5,29 триллион доллар, 2023 жылы – 5,82 триллион доллар, 2024 жылы 6,33 триллион долларға жетеді екен. Ал 2025 жылы 6,86 триллион доллар, 2026 жылы 7,41 триллион доллар, 2027 жылы 8 триллион долларға жуықтайды деген болжам бар.

Бүгінде табысты болуды мақсат еткен компаниялар сауда-саттықты ұйымдастыратын онлайн платформалар – веб-сайт, веб-портал жасауды басымдық етуде.

Электрондық коммерция сатылымының 37,6 пайызы Amazon-ға тиісілі. Ал Walmart-ға 6,4 пайыз сатылыммен, Apple 3,6 пайыз, eBay 3 пайыз құрайды. Әлеуметтік желілерде онлайн- сауданың танымалдылығы артуда.

2023 жылғы статистика бо­йынша Қытай – ең үлкен электронды нарығы бар ел. Translated.turbopages.org мәліметінше, 1411 миллион қытайлық онлайн коммерция­ны тұрақты қолданса, тауар айналымы 3 триллион доллардан асады. InsiderMonkey-дің дерегінше, жыл өткен сайын АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея, Франция, Үндістан, Канада, Италия, Индонезия, Бразилия, Мексика, Аустралияда интернет саудасының көлемі кеңейіп, тауар айналымы еселеп артуда.

Қазақстан билігінің электронды сауданы дамытуға мүдделік танытып жатқаны түсінікті. Әлемнің озық елдері жаппай цифрланып, соған сай онлайн-сауда басымдыққа ие. Үкімет көздеген мақсатқа жетуде қазақстандықтардың электрондық сауданы мәдениеті мен сауаты арттыру маңызды. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтан сұрадық.

– Елімізде электрондық сау­даның мәдениеті жыл сайын артып келеді. Мамыр айында біздің министрлік пен «Атамекен» ҰКП бірлесіп шағын және орта бизнес субъектілеріне кешенді мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында өңірлерде оқыту орталығын аштық. Оқыту курсында маркетплейстерде тіркелуден бастап, тауарды жылжыту әдістеріне және логис­тиканы құруға дейін қамтиды. Бүгінде 800-ден астам кәсіпкер біліктілігін жетілдірді, – деп жауап берді вице-министр.

Ел аумағында ең танымалы және көп сауда жасалатын платформалар – Kaspi.kz, OZON, Wildberries, Halyk Market, Forte Market, Jmart.kz, Clever, Arbus.kz, Flip.kz. Sulpak.kz, Airastana.com, Technodom.kz, Glovoapp.com, Wolt.com, Kolesa.kz, Olx.kz.

– Қазір халықаралық маркет­плейспен ынтымақтастық белсенді дамуда. Мысалға, Alibaba.com-мен ынтымақтас­тық 290-ға жуық отандық өндірушіні халықаралық электронды платформаға шығаруға мүмкіндігі бар (Gold Supplier преференциялық аккаунт ұсынумен). Сонымен қатар, jd.com электронды платформасында Қазақстанның Ұлттық павильонының ашылуы қазақстандық тауарлардың 30-дан астам түрін (қапталған шай, күнбағыс майы, құрғақ түйе сүті, кондитерлік өнімдер мен алкогольді сусындар) сатып алуға мүмкіндік береді және 1 мил­лионнан астам жазылушыны қамтиды, – деді Қайрат Төребаев.

Бүгінде Alibaba платформасында 7500 отандық тауар, ал JD.com-да тауарлардың 30 түрі ұсынылады. 1 млн жазылушысы бар маркетплейстің арасында қазақстандық 30-ға жуық өнім бар. Бұл отандық онлайн бизнестің іргелеуіне алғышарт болады.

20 пайызға жеткізу мүмкін бе?

Қазақстан жыл сайын e-commerce арнасы арқылы басқа елдермен сауда көлемін 100 млн долларға ұлғайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта Сауда және интеграция министрлігі Орталық Азиядағы серіктес­терімен әлемдік деңгейдегі мар­кетплейстерде бірлескен павильонның ашылуын талқылауға ниетті. Яғни сауда-­саттықтың жаңа бағытын дамытуға мүдделі.

2023 жылғы қорытынды бойынша Алматы мен Астана қалалары және Қарағанды мен Батыс Қазақстан облыстарында онлайн-саудадағы белсенділік байқалады. Жыл өткен сайын елордалықтардың онлайн-сау­дадағы үлесі артып келеді. Қазір азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, автобөлшектер, гүл және тағы басқасын онлайн алдырады.

– Magnum және Dyken.kz плат­формасының онлайн-сөресінен азық-түліктің барлық түрін табуға болады. Жақсы болды, қазір базар аралап, ауыр заттарды көтеруден арылдық. Тез дайын болатын фастфуд өнімдеріне де онлайн тапсырыс беріп, кезектен құтылдық. «Diona» интернет-магазині арқылы косметика заттарына қол жеткіземін. Бұрынғыдай вокзалға немесе әуежайға барудың еш қажеті жоқ, пойызға да, ұшаққа да онлайн билет аламын. Жұмысбасты адамдар үшін тиімді, ыңғайлы болды, – дейді қала тұрғыны Айкерім Боранбай.

Рас, онлайн-сауданы меңгеріп, уақытын және қаржысын үнемдейтіндер көбейді. 2023 жылы 3,2 миллион қазақстандық онлайн сатып алуға жүгінді. Бұл 15 жастан асқан бүкіл интернет аудиториясының 24 пайызын құрайды. Интернетті сатып алушылардың басым көпшілігі – 20-54 жас аралығындағы әйелдер.

SPD Express компаниясының менеджері Раушан Қашқымбаеваның сөзінше, ел бойынша логистика белсенді өсуде және курьерлік жеткізу қызметінің нарығы жыл сайын 30 пайызға артып келеді.

Онлайн-сауданы дамытуда инфрақұрылым және логистика саласын жетілдіру маңызды. Онсыз электронды нарықтың көлемін арттыру қиын.

– Аймақтық қойма инфрақұ­рылымын дамыту үшін 3 фул­филмент орталығының құрылысы жүргізіледі. 2024 жылы екі орталық Алматы қаласы (Wildberries және Ozon), 2027 жылы Астана қаласында құрылады. Қазақстан мен Қытай арасындағы электрондық сау­даны ілгерілету, сондай-ақ Қытай – Орталық Азия – Ресей және Еуропа арасындағы сауда алмасуды дамыту мақсатында электрондық сауданың логистикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Трансшекаралық электрондық коммерцияны ынталандыру үшін қытайлық «YM Trans Post» пен «Қазпоч­та» АҚ бірлескен кәсіпорны аясында Алматы облысында тарату орталығы және Алматы әуежайы аумағында заманауи мультимодальды қойма салу мәселесі қарастырылуда, – деді Сауда және интеграция министр­лігі Электрондық сауда және цифрландыру басқармасының басшысы Вера Григорьева.

Міне, осындай ауқымды бастамалар аяқталса, онда Қазақстан онлайн-сауда желісі бойынша әлемде өзіндік орнын қалыптастырып, электронды саудан көлемін 20 пайыздан да асыруы мүмкін.

E-commerce-нің трендтері

Адамзаттың келешегі VR, AR және AI саласына тиесілі. Бұл – шындық. Қазір жасанды интеллект барлық салаға қарқынды енгізілуде. Енді онлайн-сауданың жаңа трендтері өмір шындығына айналады.

Вера Григорьева e-commerce дамуындағы әлемдік төрт тенденцияны атады. Әлем жаңа бәсекелестік, деректің құпия­лылығы, сауда стандарты мен төлем қабілеті ережесін, деректерді оқшаулау туралы заңдарды қарастырып жатқанын атап өтті.

– Электрон коммерцияның дамуындағы негізгі тендецияға тоқталсам, біріншісі – электронды коммерция транзакциясының сәнді тауардан маңызды тауарларға ауысуы, екіншісі – тауардың кең ассортиментін ұсынатын маркетплейстер арқылы сатып алу, үшіншісі – технологиялар және жасанды интеллектіні пайдалану. Соңғысы – мобильді коммерцияны дамыту. Бұл бағытта компаниялар сату көлемін арттыру үшін мобильді қосымшаларды әзірлеу маңызды, – деді министр­лік өкілі.

Маман интернет-коммерция­ның өсуімен онлайн төлемдер де өсетінін атады. Банк карталарын көп пайдаланбайтын немесе енгізілуі төмен аймақтар балама цифрлық төлем жүйе­сіне көшеді.

Электрон коммерцияның бір артықшылығы – тауар түрлеріне делдалсыз қол жеткізуге болады. Бұл сатушыға да, тұтынушыға да қолайлы. Мемлекет елдегі сауда айналымын барынша қадағалап, көлеңкелі экономиканың көлемін азайта алады. Осы себепті Үкімет онлайн- сауданы дамытуға мүдделі.

D2C-де ауқымды үнемдеу арқылы ішкі экономиканы қолдауға болады. Жаңа брендтерді, жаңа қызметтерді нарыққа шығаруға және оларды цифрлық арналар арқылы қолжетімді етуге болады.

Open AI америкалық ғылыми-зерттеу орталығы смартфондарға онлайн-сауданы жетілдіретін функцияларды қарастыра бастады. Дауыстық тапсырыс беру арқылы халық­аралық маркетплейстерден арзан бағаға сапалы өнімдерді алуға мүмкіндік пайда болады.

Онлайн-саудаға тиімді мобильді оңтайландырылған веб-сайттар UX дизайнда (өнім­нің барлық аспектілерін ескеретін дизайн тәсілі) дайындала бастады. Өйткені тұтынушылардың 91 пайызы мобильді құрылғы арқылы сатып алады. 2024 жылы мобильді коммерция барлық электрондық сатылымның 40,4 пайызын құрайды деп күтілуде. Сондық­тан е-commerce-ның негізгі трендтері мобильді платформалар арқылы дамиды.

P.S: Бизнес субъектілері бәсекеге қабілетті болуда веб-платформаларды жаппай игеріп жатыр. Мемлекеттер де табысты болудың және көлеңкедегі қаржыны қысқартудың жолы – интернет ресурстары арқылы орындалатын саудада екенін жақсы түсінді. Сондықтан онлайн-саудаға басымдық беріп, әлемдік электронды коммерция айналымындағы триллиондардан өз еншісін алуға тырысады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button