Білім

ОҚУ АҚЫСЫ ҚЫМБАТТАМАЙДЫ

35326797

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов білім беру қызметкерлерінің Тамыз кеңесінің қорытындыларына тоқталып, жаңа оқу жылына дайындық барысынан хабар берді.

Биыл Тамыз кеңесінің тақырыбы «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның дамуының факторы» болғаны белгілі. Өз сөзін осыдан бастаған министр «Білім берудегі технологиялық инновация – оқу бағдарламасына енгізілетін жаңалықтардың санына емес, сапасына, мазмұнына байланыс­ты. Елдің интеллектуалдық болашағы тек қана білімде. Сондықтан, қарқынды дамып жатқан қоғамда тәлім алып жатқан оқушы келешекте алған білімін қолдана білуі қажет. Білім – қоғам талабына, жұмыс беруші талабына сай болуы керек» деп атап өтті.

Одан кейін бірнеше жылдан бері өзекті болып келе жатқан балаларды балабақшамен қамту мәселесіне ойыс­ты. Аслан Бәкенұлының айтуынша, бұрынғымен салыстырғанда қазірде аталған тараптағы жағдай жақсы жағына өзгерген. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту бойынша Қазақстан Австралия, Канада, Финляндия, Польша, Швейцария және Түркия сынды мемлекеттермен бір сатыға орналасып, 3-6 жас балалардың 73 пайызы балабақшаға барады.

Мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалмай келеді. Олардың 35 мыңына, яғни 25 пайызына оқуға жағдай жасалған. Мүгедек балалардың 3,7 мыңы он екі мүшесі сау құрдастарымен бірге оқиды, яғни инклюзивті білім алып жатса, 10,1 мыңы үйден оқиды.

Дуальді оқыту жүйесі жайлы министр мұндай жүйе еліміздің 176 колледжіне енгізіліп жатқанын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, қосарлы жүйемен оқытатын колледждердің үлес салмағын 2016 жылға таман 20-дан 50 %-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Министр студенттер мен олардың ата-аналары үшін жағымды жаңалықтан да хабардар қылды. Жоғары оқу орындары жыл сайын оқу ақысын көтеріп жатады. Аслан Сәрінжіповтің сөзіне сенсек, биыл оқу ақысы қымбаттамайды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button