Жаңалықтар

Оқулық оңалар күн қайда?

«Театрдың киім ілгіштен басталатыны» секілді білім-ғылым жолындағы үлкен сапардың алғашқы қадамы оқулықпен танысу болса керек. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларына қара танытып, сауат ашуда оқулықтың атқарар рөлі зор. Дегенмен бүгінгі қазақ мектептеріндегі оқулықтар оқушыға ілім үйретуден бұрын қатеден көз ашпай тұрғаны жасырын емес. Көрер көз, естір құлаққа әріптестеріміз оқулықтағы олқылық жайын жеткізіп-ақ жүр.

Шынболат
КҮЗЕКБАЕВ

Әйтсе де жауапты ведомство тарапынан кітаптағы көп қатені түзеуге деген құштарлықты байқай алмадық. Керісінше, жаңа оқу жылы басталысымен мектеп оқулығында әлгі біз айтып жүрген қателіктерді ата-аналар суретке түсіріп, желіге жарыса жүктеп жатыр. Солардың кейбіріне кезекті рет көз жүгіртіп шығып, оқушыларға сауат ашар дүние дайындап отырғандардың өзіне де сауаттылық деңгейін бір пысықтап алу артық болмайды-ау деген ой келді.
Мәселен, әріптестеріміздің бірі өзінің Facebook-тағы аккаунтына 4-сынып оқитын баласының «Математика» кітабының суретін салыпты. Ондағы мысал есептің мәтінінде оқушының дүкеннен сатып алған қаламы үшін рубль және копейкамен есеп айырысқаны айтылған. Тәуелсіздігіміздің айшықты белгісі саналатын төл теңгеміз төрге озғалы 30 жылға жақын уақыт өтсе де, кітап авторларының көрші елдің валютасын мысал етуінің себебі түсініксіз. Әлде олар әлі күнге дейін еңбек­ақысын Ресей валютасымен алып, сауда жасағанда рубльді қолданып жүр ме екен? Ол жағы бізге беймәлім.
Бізге белгілісі өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, елді, жерді сүюге үндеу мектеп партасынан басталады. Ал оларға сол тәрбиені мықтап сіңіреміз десек, оқулықта шетел валютасын мысал етуге, өзгенің мерекесін дәріптеуге жол берілмеуі керек.
Бастауыш сыныпқа арналған оқулықтарды былай қойғанда, олардың көлеңкесіндей қасында жүретін жұмыс дәптерінде де «сүзгіден» өтпеген сөздер жетерлік. Жақында елордалық ата-ананың бірі өзінің мектепке биыл барған қызының жұмыс дәптерінде «өл» деген сөзді көріп, төбе шашы тік тұрғанын айт­қан. Кейін оқушыларға «өл» сөзін қайталап жаздырып жүрген жұмыс дәптерінің мәселесі көпшіліктің арасында қызу талқыланды. Шынында, көпшілікпен бірге біз де мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндердің жұмыс дәптеріне «өл» деген сөзді енгізгендердің түпкі мақсатын түсіне алмадық. Авторлар бұл жолы да тал-шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан бүлдіршіннің санасына әлгі сөздің әсері қандай боларын ескермеген болуы керек. Әйтпесе қит етсе оқушылардың өз-өзіне қол салуға құштарлығы тұтас қоғамның бас ауруына айналып тұр емес пе? Ал осыдан кейін қолына қалам алып, қара таныған сәтінен «өл» сөзін санасының түбіне сақтаған оқушының келесі қадамын болжаудың өзі қорқынышты.
Бұл орайда мектеп оқулықтары мен жұмыс дәптерлерін дайындауға жауапты құрылымдардың жауапкершілігін май шаммен қарау артық болмайды. Әйтпесе кіл профессор, ғылым кандидаттарынан тұратын оқулық авторларының қазіргі әрекеті «Молданың айтқанын да, істегенін де істеменің» кері болып тұр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button