Басты ақпарат

Оқушы сөмкесі ауыр ма?

Оқушы қызым сөмкесіне оншақты кітапты салып, таңғы алтыда дірдектеп мектепке бара жататын. Әр кітаптың салмағы – 1,5-2 кг шамасында. Сонда оншақты кг-ды өзі 45 кг болмайтын қызым күнде таңғы алтыдан кешкі жетіге дейін көтеріп жүретін. Биге қатысатыны жақсы болды, арасында жаттығу жасап, денесін икемге келтіреді, болмаса мына салмақтан адамның мүгедек болып қалуы ғажап емес.

Менің сөздерімді он баласы бар, оның ішінде 8-і мектеп жасындағы Мира Жиеналина растайды.

«Оқушы балаларым күніне оншақты кітапты арқалап мектепке бара жатады, кейбір кітаптарды тастап кет десем, апай ескерту жасайды деп азарда-безер болады. Денсаулығына нұқсан келе ме деп қорқамын» дейді оқушының анасы.

Осы мәселеге қатысты Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 орта  мектебінің директоры Арай Мухаметжанова былай дейді: «Бүгінгі таңда оқушы жүктемесінің азаюына байланысты оқушы күнделікті 3-4 оқулық қана әкеледі.Ол оқулықтар сабақ барысында ресурс ретінде қолданылады. Оқулықты қолдану – құрдастар тобында білім алуда қажет құрал екені белгілі.

Санитарлық талаптарға сәйкес, оқушының сөмкесі (рюкзак) бос сөмкенің салмағы бір келіден аспауы қажет. Арқаға тиіп тұрған жері қатты болуы шарт. Иықбау­лары жалпақ, мойынға салмақ түсірмеуі тиіс. Сосын сөмкеге жарықтан шағылысатын арнайы белгілерді орнатқан жөн. Сонда түнгі уақытта көлік жүргізушілері балаларды алыстан көре алады. Сондай-ақ санитар дәрігерлер қолда ұстайтын портфельді алмауға кеңес береді. Себебі бала бір жаққа қарай қисайып жүруі мүмкін.

«Мектеп сөмкесінің салмағы оқушының бойы мен жас ерекшелігіне сай болуы шарт. Мәселен, 1-3 сынып оқушыларының сөмкесі 2 келіден аспауы тиіс. 4-5 сыныпта – 2,5 келі, 6-7 сыныпта – 3,5 келі, ал жоғары сынып оқушылырының сөмкесі 4,5 келіден артық болмауы қажет. Ауыр рюкзактың салдарынан сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың туындайтынын ұмытпауымыз қажет» дейді олар.

Санитар дәрігерлер мектеп формасын таңдау бойынша да кеңес береді. Оның сөзіне қарағанда, ата-аналар мектеп формасы мен аяқ киімді дұрыс таңдаса, балалар сабақ кезінде ештеңеге алаңдамайды. Сондықтан ыңғайлы әрі сапалы киімді алған дұрыс. Сонда аллергиялық реакциялар да болмайды.

«Мектеп сөмкесінің салмағы оқушының бойы мен жас ерекшелігіне сай болуы шарт. Мәселен, 1-3 сынып оқушыларының сөмкесі 2 келіден аспауы тиіс. 4-5 сыныпта2,5 келі, 6-7 сыныпта3,5 келі, ал жоғары сынып оқушылырының сөмкесі 4,5 келіден артық болмауы қажет.

Ең бастысы, форма табиғи талшықтардан тұратын матадан тігілуі шарт. Олар – жүн, мақта, зығыр және жібек. Сапасыз формамен балалар емін-еркін жүре алмайды, себебі ондай матадан ауа өтпейді.

Сөмке қымбат болса да, ­сапалысын таңдау қажет. Жас және жыныс ерекшелігіне сай таңдау керек. Өз формасын өзгертпеген сөмке болу керек. Түс және сурет бұл өте маңызды. Бала өз қалауымен таңдаған жөн. Ресейлік мамандар осы мәселеге бас ауырта келе, портфельдің салмағы оқушының салмағының 1/10 болуы тиіс дегенді айтады. Балаңыз 27 келі тартса, сәйкесінше, мектеп «дорбасы» да 2,7 келіден артық болмау керек. Ал төменгі сынып оқушыларының сөмкелері 1200 грамның шамасы болса құп.  Өз кезегінде ресейлік санитар-мамандар бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, 5-6 сыныптар үшін – ­400 гр, 7-9 сынып оқушыларына 500 грамнан аспауы керектігін есептеп шығарған. Сонымен қатар сөмкені арқаға ілгенде, сөмке екі иыққа бірдей ілінуі керек.

Бала денсаулығына әсері қандай?

Жалпы, мектеп оқушыларының іші толы «қоржындарының» ауырлығы мен шамадан тыс заттарды тасуы денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды екен. Баланың қан қысымының қалыптан шығуына септігін ­тигізеді. Тіпті әлі қатая қоймаған оқушының кеуде сүйектерінің қисаюына әкеп соғады. Ол аз болса, мұның салдары мидың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізеді.

Қандай да болмасын ауыр салмақ оқушының омыртқа жотасымен арқа бұлшық ­еттеріне нашар әсер етеді. Және жас ұлғайған сайын оның зардабы үлкейе түседі.

Зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек дұрыс таңдалмаған мектеп сөмкесі 50% скалиоздың пайда болуына әкеледі. ­Скалиоз – омыртқа жотасының бір бүйірге қарай қисаюы. Сонымен бірге бір иыққа сөмкені асуға болмайды. Өйткені ауыр салмақ бір иыққа түсіп дене сүйегі бір жаққа қисайып бүйректің төмен түсуіне әкеліп соғады.

Өнімнің қауіпсіздігі қандай?

Біздің елімізде мектеп сөмкесінің қандай болу керектігін қадағалайтын мемлекеттік стандарттар жоқ. Тек бізде өнімнің қауіпсіздігі туралы талаптар бар.

Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы «Кеден одағының техникалық регламентін қабылдау туралы» талаптарда былай делінген:

  • Бір жастан асқан балалар мен жасөспірімдер үшін тоқыма материалдарынан жасалған киім мен тігін бұйымдары биология­лық және химиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі тиіс;
  • Былғары галантерея бұйымдары биологиялық және механикалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуі тиіс;
  • Оқушы портфельдері мен сөмкелерінің алдыңғы, бүйір беттері мен жоғарғы клапанында жарық шағылыстыратын элементтері бар детальдары және (немесе) фурнитурасы болуға және олар қарама-қарсы түсті материалдардан жасалуға тиіс. Бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған оқушы сөмкелері формаға төзімді арқамен жабдықталуы тиіс;
  • Сөмкелерге, оқушы рюкзактарына, портфельдерге арналған материалдардағы зиянды заттардың құрамы химиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес нормативтерден аспауы тиіс.

Аяқ киім мен былғары галантерея бұйымдарына арналған материалдардағы зиянды заттардың құрамы, сөмкелерден, оқушы рюкзактарынан, портфельдерден басқа техникалық регламенттің химиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес былғары үшін-аяқ киім, киім, бас киім және былғары галантерея бұйымдары үшін көзделген нормативтер; тоқыма материалдары үшін – осы техникалық регламентке химиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес нормативтер.

Біз мақаламызда оқушы мен ата-ананың, оған қатысты мемлекеттік заңдарды, талаптар тізбесін бәрін келтірдік. Бұл жекелеген ата-ананың немесе баланың жанайқайы ғана емес,  ұлт денсаулығына, ел болашағына алаң еткен ұсыныс. Осыған қатысты алдағы уақытта жауапты қызметкерлердің, құзырлы органдардың, мұғалімдердің пікірін тыңдағымыз келеді.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button