Білім

ОҚУШЫЛАР КӨШБАСШЫСЫ АНЫҚТАЛДЫ

ERA_9441

Оқушылар сарайында Тұңғыш Президент күніне орай Білім басқармасының қолдауымен «Көшбасшы- 2014» байқауы өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өт­кізіліп жүрген бұл сайысқа бағын сынау үшін 70-тен аса оқушы ұсыныс білдірген. Солардың ішінен тест сұрақтары мен эссе жазу конкурсы бойынша іріктеліп шыққан 15 талапкер ақтық кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Аталған іс-шараға білім және ғылым саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Алғашқы сөз кезегін алған Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева: «Еліміздің ертеңі кемелді, болашағы өрелі болу үшін әр оқушының интеллектуал болуы қажет. Елбасы Жолдауын насихаттау үшін өткізіліп отырған шараның оқушыларға берері көп деп есептейміз» деген пікірі арқылы қатысушыларды жігерлендірді. Содан кейін Ұлыбритания жерінде білім алып, тәжірибе алмасу үшін берілетін жолдаманы жеңіп алған өткен жылдың көшбасшысы Назгүл Дүйсембек қатысушыларға сәттілік тіледі. Төрт турдан тұратын білім бәсекесінде әр оқушы өзінің ой ұшқырлығы мен ақыл тереңдігін танытты. Көрермендер залында ине шаншар жер қалмады. Әр мектептен достарына жанкүйер ретінде келген  оқушылар қол­дауларын аямады. Сайыскерлерге берілген сұраққа оңай жауап беріп отырған жас көрермендерді де байқадық. Осы шараның ұйымдастырушылары болып табылатын «Астана дарыны» өңірлік-ғылыми практикалық орталығының директоры Майра Иманбаева: «Былтыр бұл бәсекеге 10 оқушы қатысса, биыл 15 оқушы келіп отыр. Көшбасшы болсам, білімімді дәлелдесем деген оқушылар қатары жыл сайын артып келеді. Президент күнін ерекше үмітпен күту үрдіске айналған. Келесі жылы үміткерлердің қатысу мүмкіндігін арттыру үшін доданың форматын өзгерту керек» дейді. Қазылардың шешімі бойынша көп ұпай жинаған №66 мектеп-лицейдің оқушысы Ке­же­нева Баян байқаудың Гран-при иегері атанды. Қаты­сушылардың барлығына мақ­тау қағаздары мен бағалы сый­лықтар табысталды.

Бағлан ОРАЗАЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button