Қала мен Сала

Оқушылар ой-өрісін кеңейтеді

Елордалық оқушылар «Нұр Әлем» сферасы – «Болашақ энергиясы» мұража­йын аралап, балама энергия көздерімен жақынырақ танысты. Бұл «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы және Астана қаласы Білім басқармасымен бірлескен жоба аясында ұйымдастырылды.

6-28 ақпан аралығында қала мектептерінің 5 мыңға жуық оқушы ЭКСПО-2017 көрме кешенінің нысандарын аралайды. Мақсат – балаларды былтыр жазда өткен «ЭКСПО-2017» көрмесінің мұрасымен таныстыру.
Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының директоры Мэлс Әбеновтің сөзіне сүйенсек, шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы өлкетану бағыты бойынша ұйымдастырылуда. «Биыл Астана қаласында өлкетану бағыты бойынша кең ауқымды 19 шара өтеді. «Нұр Әлем» павильонына келуіміз – солардың алғашқысы. 2018 жылдан бастап «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған 5 жылдық жоспар жасалды. Осы уақыт аралығында түрлі шараларға 50 мың оқушыны тартамыз. Биыл 5 мың оқушыны, келесі жылы – 7,5 мың, одан кейін – 10 мың, 12,5 мың, 15 мың оқушыны қатыстыруға ниеттіміз» дейді Мэлс Әбенов. «Мұның барлығына Үкімет бюджеттен ақша бөліп отыр. Одан бөлек, демеушілерді өзіміз іздестіреміз. Балалардың «Нұр Әлемге» баруына биыл 2,5 млн теңге бөлінді, бұл – билеттердің құны. Жалпы, 2018 жылға 77 млн теңге қаржы беріліп отыр. Біз бұл ақшаға он мектеп қабырғасында музей ашып, әртүрлі байқаулар ұйымдастырамыз. «Нұр Әлем» павильонынан басқа оқушылар Алжир, КарЛАГ сияқты лагерьлерге, экспедициялық жорықтарға, киелі жерлерге саяхаттауға жібереміз» деп сөзін жалғастырды ол.
Әр мектепте өлкетану, экология, туристік жорықтар бағыты бо­йынша экспедициялық құрам жасақталады. Сол құрамдағы оқушылар өздері қызыққан нысандарға бара алады. «Нұр Әлемдегі» экскурсиялық бағдарлама 5 сағатқа арналған. Оқушылар сферасының 8 қабатын аралап, кейін «Үздік тәжірибелер аймағына» барады. Экскурсия аяқталған соң сынып сағаттары өткізіліп, балалар алған әсерлерімен бөліседі.
Ал ұлттық компания бас менеджері Роза Асанбаева бұл саяхатты білім туризмін дәріптеуге арналғанын айтты. «Күндіз-түні компьютерге телмірген оқушыларға осындай ашық алаңда сабақ өткізу маңызды. Көзбен көріп, құлақпен ести отырып, балалар ақпаратты жеңіл қабылдайды. Біз мұндай ашық сабақтарды «Kids Future Energy» деп атадық. Бұл ашық сабақтар оқушыларға пәндерді жақсы меңгеруге көмектеседі. Келешек ұрпақтың тұлға ретінде қалыптасып, ғылымға деген қызығушылығын танытсақ, мақсатқа жеткеніміз» деп өз ойын білдірді ол. Ұлттық компания болашақта астаналық мектептермен қатар өңірлерден келетін оқушыларға саяхат ұйымдастыруға ниетті. Сондай-ақ, жақын арада көрме нысандарына ғалымдарды, ғарышкерлерді және өнер қайраткерлері келіп, оқушылармен физика, математика, жаратылыстану ғылымдарындағы білімдерімен бөліспек.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button