Оқу-ағарту министрі елорда мектептерінің басшыларымен кездесті
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елордалық білім беру ұйымдарының директорларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында білім беру сапасын арттыру мәселелері, өткен жылдың қорытындылары және биылғы жылға арналған жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астана қаласы білім басқармасы басшысының мәліметінше, өткен жылы елордада 24 жаңа мектеп ашылды, оның 16-сы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Мемлекеттік тапсырыстың артуы және ваучерлік қаржыландыруды енгізу арқылы балабақшалардағы кезектілік саны екі есе қысқарды. 20 балабақшада «Тілге бойлау» жобасы жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада алты бағыт бойынша 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Мектептер мен колледждерде «Жаңа кәсіптер атласы» жобасын іске асыру жалғасуда. Сондай-ақ биыл колледждерде мемлекеттік тапсырыс көлемін 10 мың орынға ұлғайту жоспарлануда. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру жүйесін дамытудың негізгі міндеттері мен басымдықтарын атап өтті. Ол жергілікті әкімдікпен бірлесіп, елордалық білім беру жүйесін дамытудың 2029 жылға дейінгі Жол картасы әзірленгенін және оның өзекті мәселелерді кешенді шешуді көздейтінін атап өтті.
Бүгінгі таңда Астананың 877 білім беру ұйымында 400 мыңға жуық бала оқиды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға артық. 2027 жылға дейін 131 мың оқушыға есептелген тағы 63 мектеп салу жоспарлануда.