Мәслихат

Оқу гранттары берілді

Елорда мәслихаты мен Amanat партиясы Астана қалалық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен елордалық 12 талапкерге жоғары оқу орындарында оқуға білім гранты берілді.

Білім грантын табыстау іс-шарасына Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, қалалық мәслихат депутаттары мен «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

«Белсенді жастарға білім грантын беру салтанаты жыл сайын дәстүрлі негізде жүзеге асып келеді. Басты мақсат – талапты әрі мақсатшыл жастарға көмек көрсетіп, еріктілер мен белсенділерді ынталандыру. Жыл сайын мемлекет тарапынан бөлініп жатқан грант саны артып келеді. Себебі кез келген саланы алға бастап, жаңа қырдан дамытатын жастар көп болса деген үміт бар. Биылғы жылы қаланың қоғамдық өміріне елеулі үлес қосып, сыни жағдайларда бастамашылық пен жауапкершілік танытқан жастарға ерекше назар аударылды. Сондықтан сіздердің жаңа оқу жылындағы жолдарыңыз ашық болсын!» деп қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов ізгі тілегімен бөлісті.

Елорданың жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқуға арналған гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға, оның ішінде көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ су тасқыны салдарымен және елорданың басқа да әлеуметтік маңызды іс-шараларымен күресте өзін көрсеткен еріктілерге берілді. Грант алған жастың бірі – Amanat партиясы Астана қалалық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі Жалалиддин Наддибулла.

«Мен «Синергия» университетіне грантқа түстім. Мектеп пен колледждегі оқуымды аяқтап, енді жоғары оқу орнында білім алатын боламын. Өз басым «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі ретінде көптеген іс-шараларға, оның ішінде су тасқыны, Қос­танай және Абай облыстарындағы өртті алдын алуда қатарластарыммен бірге жұмыла атсалыстым. Қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімнің арқасында оқуға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын!» деді белсенді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button