Басты ақпаратБілім

Оқу жылына дайындық ойдағыдай ма?

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Ішкі істер министрі Ержан Сәденов атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады. Сондай-ақ жекелеген өңір әкімдері тыңдалды.

Қазақстанда жаңа оқу жы­лында 3,9 миллион оқушы мектепке барады, оның 360 мыңға жуығы – бірінші сынып оқушысы. 1 қыркүйекке қарай елде 61 жаңа мектеп есігін ашады. 2024 жылға арналған жоспарға сәйкес, елде 536 мың оқушыға арналған 302 жаңа білім ордасы жұмысын бастайды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды екенін баса айтты. Пайдалануға берілгеннен кейін мектептерді бала қабылдауға дайындау үшін үлкен жұмыс атқарылатыны атап өтті. Ғимараттарға, оқу кабинеттеріне, асханаларға қойылатын барлық қауіпсіздік шарттарын, санитариялық-­эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптарды орындау керек, әсіресе, мектептерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханалар мен спорт залдарын жабдықтауды маңызды екенін ескертті.

Үкімет басшысы бірқатар өңірде кейбір оқу орындарының дайындығы алаңдаушылық туғызып отырғанын айтты. Мәселен, жаңа оқу жылына дейін үлгермей қалу қаупі жоғары білім ошақтарының жетеуі Ақтөбе облысында орналасқан.

– Құрылыс жұмысы негізсіз созылып кетті. Осы бағытта барлық күш-жігерді біріктіріп, нысандардың белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуға тиіс. Алайда 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30 пайызы ғана орындалды. Бұл Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облысына қатысты. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу процесі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыз­дар. Оқу жылы басталғанша, физика, химия, биология, робототехника бойынша мыңға жуық пәндік кабинет сатып алынуы керек. Өңір әкімдіктері Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, барлық мектептерде заманауи пәндік кабинеттер ашу үшін кешенді жаңғырту жұмысын уақтылы қамтамасыз етуі қажет. Бұл жұмысқа салғырт қарауға болмайды, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіп­сіздік мәселесі де жан-жақты талқыланды. ІІМ биыл 2 655 нысан тексерілді, 1 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Құқық қорғау органдары арқылы 95 млн теңгеге айыппұл салынып, 340 басшы жауапкершілікке тартылды. Бүгінде көптеген білім беру ұйымы бейнебақылаумен 100 пайыз жабдықталды, алайда жеке құрылымдар камераларының тек 55 пайызы Жедел басқару орталығына шығарылды. Ең нашар жағдай Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласында қалыптасып отыр. Ішкі істер министрі атап өткендей, жекелеген нысандарда күзетшілердің көбі – қарапайым вахтерлер мен зейнеткерлер.

– Өңір әкімдері білім беру ұйымдарын лицензияланған күзетпен, турникеттермен, жедел басқару орталықтарына қосылған камералармен жабдықтауы керек. Ішкі істер министрлігі осы бағытта тексерулерді жалғастырсын. 1 қыркүйекке қарай қауіпсіздік жүйесімен жабдықтау үлесін 90 пайызға дейін қамтамасыз етіп, жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу міндет, – деп атап өткен Олжас Бектенов вице-­премьер Тамара Дүйсеноваға әкімдіктер жүргізіп жатқан жұмысты жеке бақылауына алуын тапсырды.

Сапалы білім – сапалы адами капитал

Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев:

– Әкімдіктер тарапынан тегін тамақтандыруды ұйымдастыру үшін қажетті қаражат бөлініп отыр. Яғни, 1 қыркүйектен бас­тап 1,7 миллион оқушы тегін тамақтанады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыс­тырғанда 100 мың балаға артық. Жыл сайын әлеуметтік осал санат­тағы отбасыларға көмек көрсетіліп келеді. Биыл 510 мың бала мектепке дайындалу үшін тиісті көмекпен қамтылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 22,6 млрд теңге қарас­тырылған» деп мәлімдеді.

Министр мектеп инфрақұ­рылымын жақсарту, пәндік кабинетпен жабдықтау, сапалы интернетпен қамтамасыз ету, білім ордаларының маңындағы жол инфрақұрылымын жетілдіру және кәсіптік білім беруге байланысты іс-шараларды сөз етті.

Қолайлы орта құру мақсатында 280 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оның ішінде 222 мектептегі күрделі жөндеу жұмысы оқу жылының басына дейін аяқталады. 58-інде құрылыс-монтаждау жұмысының белгіленген мерзіміне сәйкес аяқтау көзделді. Министр­лік жүргізген мониторинг шеңберінде 15 нысанды күрделі жөндеу мерзімдерінің бұзылу тәуекелі анықталды. Бұл – Қарағанды, Алматы облысы, СҚО мен ШҚО және Алматы қаласы. Су тасқыны салдарынан барлығы 40 білім беру нысаны (11 балабақша, 22 мектеп, 7 қосымша білім беру нысаны) зардап шекті. Бүгінгі таңда қалпына келтіру жұмысы 5 нысан бойынша аяқталды. Министрдің айтуынша, 16 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар 19 нысан бойынша тәуекелдер бар. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынып жатқан мектептердің 20-сы мерзімінен бұрын биылғы 20 тамызға дейін іске қосылады. Жалпы, 2024 жылы 536,0 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.

Биыл 1383 робототехника, химия, биология, физика, STEM пәндік кабинеттерін сатып алу жоспарланды. Дегенмен, жоспардың орындалмау қау­пі Алматы, БҚО, Қостанай және Ұлытау облыстарында байқалады.

Starlink спутниктері 1879 мектептің 1731-де орнатылды. 137 шекара маңындағы мек­тепте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі терминалдарды жандандыру жұмысын жүргізуде. Дегенмен, Жамбыл, ШҚО, Атырау, Павлодар, Түркістан, БҚО және Ұлытау облыстарының әкімдіктері интернет жылдамдығы төмен мектептердегі мәселелерді тезірек шешуі тиіс.

Ғылым дамымай, ел өркендемейді

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарының қызметін өндірістің нақты сұраныстарын шешуге қарай бағыттай отырып, ғылыми нәтижелерді коммерцияландырудың жаңа тетіктерін әзірлеуге қатысты тапсырма аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Бірінші кезекте жоғары ғылыми-техникалық комиссияның жұмысы өзгертілді. Комиссия құрамына елдегі ең ірі кәсіп­орын басшылары шақырылды, бұл ғылым мен экономиканың негізгі салалары арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Қазақстандағы әрбір ірі кәсіпорын жанынан келісім бойынша түйткілді мәселелерге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі арнайы комитеттер құрылады. Мәселен, мұндай комитеттер Kazakhmys, ERG, Qarmet кәсіпорындары жанынан құрылып, отандық ғалымдар комбинаттардың қызметіне ғылыми қолдау көрсетумен айналысатын болады.

– Енді біз тапсырысты, ғылыми өзекті тақырыптар мен ғылыми зерттеулер бағыттарын ғалымдардан сұрамаймыз. Біз өндіріске барып, ондағы шешімі ғылымның үлесін қажет ететін нақты технологиялық мәселелерді зерттеп, жинақтаймыз. Яғни, ғылыми ортаның алдына тапсырысты сол өндіріс қояды, – деді министр Саясат Нұрбек.

Трансформация өңірлік жоғары оқу орындарына да әсер еткені атап өтілді: универ­ситеттер халықаралық ынты­мақтастықты нығайта отырып, неғұрлым тереңдетілген ғылыми-зерттеу жұмыстарына көшуді бастады.

Биыл қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң аясында Ғылым қоры салаға қосымша инвестиция тарта отырып, бизнеспен тығыз байланыста жұмыс істей бастады.

Қауіпсіздік –басты мәселе

Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаңа оқу жылына дайындық аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

Басқарма басшысы барлық өңірлерде жүргізілген жол-көлік инфрақұрылымын тексерудің қорытындысы туралы хабарлады. Ішкі істер министрлігі ұсынған ұсыныстардан кейін әкімдіктердің қатысуымен қажетті қауіпсіздік элементтері: жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар, жылдамдықты шектейтін жасанды кедергілер, жол белгілері мен ақпараттық панельдер, қоршаулар мен автотұрақтар орнатылды. Құқық қорғау органдары арқылы барлық білім беру нысандары тексерілді. Қазіргі таңда білім ошақтарының 70 пайызы талапқа сәйкес деп танылған. Алайда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында аталған жұмыс­ты жандандыру қажет.

«Оқу жылы қарсаңында 26 тамыз бен 5 қыркүйек аралы­ғында республика бойынша «Абайлаңдар – балалар!» атты алдын алу шарасы ұйымдастырылмақ. Басты мақсат – балалар жарақатын азайту және балалардың жол қозғалысы ережелерін сақтау дағдыларын қалыптастыру. 1 қыркүйектен бастап патрульдер білім беру ұйымдарына жақын маңға орналастырылады. Әрбір мектеп пен колледжге учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бекітілген. Мектептер қауіпсіз мінез-құлық негіздері бойынша сабақтар өткізеді. Оқу-ағарту министр­лігі оларды ұйымдастыру мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек» деді Ержан Сәденов.

Биыл Ішкі істер министрлігі 2655 білім беру нысанының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексерді. Оның барысында 1 мыңнан астам бұзушылық анықталып, 340 басшы жауапкершілікке тартылды. 95 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қазіргі таңда еліміздегі оқу орындары бейнебақылау­мен жабдықталған. Алайда жекелеген ұйымдардағы камералардың тек 55 пайызы Жедел басқару орталығына шығарылған. Ең нашар жағдай Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында.

Жеке нысандардың 85 пайы­зы дабыл түймелерімен жабдықталған. Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары дабыл түймелерімен ең аз орнатылған аймақтарға жатады.

Министр 700-ден астам адам оқитын ұйымдар радио­байланыспен, қызметтік қарумен және мобильді жедел әрекет ету топтарымен жабдықталған лицензиясы бар күзетшілерд жалдау керектігін атап өтті. Бүгінгі таңда мемлекеттік мекемелердің 79 пайызы қорғалған. Төмен көрсеткіштер Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында тіркелді.

«5234 жекеменшік ұйымдардың 65 пайызы қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы жұмыс­тар Жетісу, Ақтөбе, Атырау облыстарында нашар ұйымдас­тырылған. Күзетшілердің көпшілігі – зейнеткерлердің арасынан шыққан қарапайым вахтерлер. Мұндай жағдайларда оқушылар қауіпті заттарды кедергісіз кіргізе алады. Мекеме әкімшілігі күзетке қойылатын талаптарды техникалық шарттарда көрсетуге құқылы екенін атап өткім келеді» деді Ержан Сәденов.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button