Оқулық түзелмей, оқушы өзгермейді

Мектептегі оқулық – білімнің өзегі әрі ұлттық тәрбиенің құралы. Мыңдаған оқушы бірдей пайдаланатын оқулықта бір әріптің қате жазылуы, тарихи оқиғалардың бұрмалануы немесе ғылыми деректердің нақтыланбауына жол берілмеу керегі сөзсіз. Алайда бүгінде ата-аналар мен ұстаздардың да баланың қолындағы кітаптан қате тауып, одан жарқ етіп жаңалық жасауы үйреншікті жағдайға айналды. Орфографиялық қателіктердің бұрын мазмұн жағынан сапасы сын көтермейтін оқулықтардан оқушылар опық жейді. Жоғары аудиторлық палата есебіне сәйкес, соңғы 5 жылда мектеп оқулықтарын қайта жазудан мемлекет бюджеті 16 миллиард теңгеден астам шығынға ұшырады. Баланы лайықтап оқытатын оқулық қашан туып, мәселе қайтсе оңалады?
Бір жүйеге келе ме?
Жақында Жоғары аудиторлық палата орта білім беру саласына мемлекеттік аудит жүргізді. Тексеріс нәтижесінде саладағы стратегиялық құжаттардың үнемі ауысып отыруы бұрынғы бастамалардың аяқсыз қалуына әкеп соққаны анықталды.
«Білім беру стандарттары саласындағы реформалар жүйелі жүргізілмейді. Оқу жоспарларындағы жиі өзгерістер шығарылып қойған оқулықтарды қайта қарауға және бюджеттің тиімсіз шығыстарына әкеледі. Соңғы 5 жылда оқулықтарды қайта қарау салдарынан экономикалық шығындар 16 млрд теңгеден асқан. Оқулықтардың сапасын сараптау мен бақылауда кемшіліктер анықталды. 5 жыл ішінде бағалау өлшемшарттары 12 рет өзгерген, бұл орнықты бағалау жүйесінің жоқ екенін көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бақылау ақпараттық жүйесі арқылы сараптама тәртібі іске асырылмаған, рәсімдер қағаз жүзінде жүргізіледі» делінген Жоғары аудиторлық палата есебінде.
Бір ғана оқулықтың шығуы бірнеше кезеңдерді қамтып, оған бір топ мамандар атсалысады. Алдымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әр пәнге сай оқу бағдарламасын әзірлейді, авторлар ұжымы бар баспалар оқулық басуға кіріседі, кейін бірқатар сарапшысы бар республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы оны сүзгіден өткізіп, республикалық комиссияда оқулық тағы бір мәрте тексеріледі. Кезең-кезеңді қамтитын оқулықтан қате де, экономикалық залал да шықпайтындай көрінеді. Десе де, 5-11-сыныптарға арналған бірқатар оқулықтардың авторы, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенқызы оқулықтағы олқылықтардың басты себебі білім беру стандарты мен оқу бағдарламасына тікелей байланысты деген пікірде.
«Оқулық айналасындағы олқылықтың бір себебі – уақыт тапшылығы. Авторлардың барлығы да жұмыс істейді. Оқулық жазған авторға тым болмаса, бір ай тегін мүмкіндік жасап, уақыт берсе, оқулық сапасы артар еді. Ал бізде уақыт тығыз. Себебі бағдарлама дайын бола салысымен, бірден «тез-тез» деген мәселе туындайды. Алдымен стандарт пен бағдарламаны алдын ала асықпай-үсікпей дайындап алу керек емес пе? Оқу бағдарламасында автор көрсетілмейді, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» болып жұмыс істейміз. Сондықтан алдымен білім беру стандарты талқылаудан өтіп барып, бекітілуі керек. Авторлары ашық айтылуы тиіс. Бағдарламаны ғалымдар мен тәжірибелі мұғалімдерді жинап, Оқулық орталығында талқыға салу кейінгі жылдарда тәжірибеде бар. Бірақ ең соңғы нұсқа – дүдәмал. Бағдарлама авторлары мен оқулық авторлары бірлесе отырып, бұл да талқылаудан өту керек. Сонда белгілі бір деңгейде нәтиже болмақ» деді Р.Зайкенқызы.
Асығыстық қателікке апарады
Бүгінде елімізде 300-ге тарта баспа болса, соның 20-ға жуығы мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды әзірлеп, басып шығарумен айналысады. Қазіргі қолданыстағы оқулықтардың 70%-ға жуығы – «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Арман-ПВ» баспаларынан шыққан оқулықтар. Алайда осы баспалардан бөлек «Жазушы», «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Көкжиек-Горизонт», «EDU Stream», «Macmillan», «MM Publications», «Oxford University Press», «Cambridge University Press» сияқты баспалардың оқулықтары да білім беру ұйымдарында қолданыста.
Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқалиқызының айтуынша, 2004 жылдан бастап оқу әдебиеттерін әзірлеу және басып шығару бәсекелі ортаға берілген.
«Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтарды және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жөніндегі қағидаларға» сәйкес оқулықтарды әзірлеуде оқулық авторларының құрамында сала бойынша ғалымның, әдіскер мен практик-мұғалімнің болуы міндеттелген. Аталған қағидалар негізінде мектеп оқулықтары бес жылда бір рет мемлекеттік сараптаманың қорытындысы негізінде қайта басылып шығарылады. Оқулықтарды қайта басып шығаруда қоғам тарапынан оқулықтың мазмұндық жағынан түскен дәлелді, анықталған сын-ескертулер ескеріледі» деді М.Мұқаметқали.
Қоғам арасында оқулық жазу ісін жекелеген баспалар монополияға айналдырып алғаны айтылады. Себебі авторларды жасақтайтын – баспаның өзі. Бір оқулықты міндетті түрде үш маманның бірігіп жазу талабы қойылады. Дәлірек айтқанда, пәндік саладағы ғалым және екі практик мұғалімнің болуы шарт. Сарапшылар тобы оқулықтардың ұтымдысын ғана мақұлдайтынын ескерсек, баспалар мемлекеттік сараптамадан өту үшін бір-бірімен бәсекеге түсіп, үздік деген ғалымдар мен педагогтарды тартуға мүдделі келеді деседі. Авторлар шығармашылық жетістіктері, «Жыл мұғалімі», «Үздік педагог», «Үздік оқытушы» секілді республикалық байқаулардың жеңімпаздары болуына қарай іріктеледі.
Оқулықтар 5 жылда бір басылып шыққанның өзінде жыл сайын оқу бағдарламасына өзгерістер енгізіліп отырады. Сәйкесінше авторлар да, баспа да оқулықтарды дайындап, дұрыс тексеріп те, шығарып та үлгермейді. Асығыс шешімдердің салдарынан бір қайнауы жетпей қалған оқулықтардың сапалы болуы екіталай. Мысалы, 2022 жылы 2-сыныптың «Ағылшын тілі» оқулығына қатысты полиграфиялық ақау анықталып, баспа барлық тиражды қайта басып шығарған. Ал бір оқулық 25-30 мың таралыммен шығатынын ескерсек, жіберілген қателіктерді қайта түзетіп отырудан-ақ миллиардтардың кетіп, осыншама шығындардың болуы қынжылтады. Ал 16 миллиард теңге оқулықтарды жаңартуға емес, осындай асығыс шешімдер мен шикі жобалардың тесігін жамауға кетіп жатыр. Алдағы оқу жылдары бірқатар пәндерді біріктіру мен кіріктіру жоспарланып отыр, бұған да қыруар қаражат жұмсалатыны сөзсіз.
Қандай шешім қажет?
Дамыған мемлекеттер қатарында Германия, Франция, Жапония және Финляндияның оқу бағдарламасында әлі де осыдан 10-15 жыл бұрынғы оқулықтар қолданылуда. Өзгелері қателіктерді басып шығарусыз-ақ реттейтін жол ретінде электронды оқулықтарды енгізген. Мәселен, Нидерланды мен Оңтүстік Кореяда мұндай оқулықтарға қолжетімділікті арттыру үшін арнайы платформа құрып, планшет және ноутбуктармен қамтамасыз етілген. Бірақ бірде-бір мемлекет қағаз оқулықтарды мүлдем алып тастамаған. Елімізде де мектеп оқулықтарының электронды нұсқасы қосымша құрал ретінде ғана қолданылады. Яғни, кез келген кітаптың соңғы бетінде аудио және видео форматтағы диск жүреді. Оны компьютерге салып ашса, кітаптағы сабақтардың тапсырмалары, жаттығулары мен жауаптары қоса беріледі. Мамандардың айтуынша, оқытудың бұл форматы оқушылар үшін ауыр сөмке көтеруден құтылуға жағдай жасады.
«Алматыкітап» баспасынан шығатын «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» оқулықтарының авторы Роман Алауұлы да – электронды оқулық шығарғандардың бірі. Педагог бүгінгі оқулық сапасы сын көтермейді дегенмен келіспейтінін де жеткізді.
– Қазіргі оқулықтардың сапасының қандай екенін білу үшін оны 10-15 жыл алдыңғы оқулықтармен салыстырып көру керек. Сонда әлдеқайда жоғары екенін аңғаруға болады. Қазір блогерлер, ата-аналар бәрі шетінен оқулықтың сарапшысына айналған. Оларға айтарым, оқулықты мектептегі бала оқиды. Олар – біздің айнамыз. Біз не істесек, олар соны қайталайды. Егер біз өз балаларымыз оқитын оқулықтан бір-екі қате тауып алып, түсінбей, отырып алып жамандай берсек, бала оқулықтарды мүлдем оқымайтын болады. Сол үшін мұндай мәселеге аса жауапкершілікпен қараған жөн.
Өз басым оқулықтың сапасы оқу бағдарламасына емес, автордың шеберлігіне байланысты деп санаймын. Оқу бағдарламасы әр оқу пәні бойынша меңгерілуге тиісті білім мазмұны мен мөлшерін, білік пен дағдыларды және оқу жылдары бойынша бөлінген бөлімдермен тақырыптардың мазмұнын анықтайды. Бұл – басқа мәселе. Ал сапалы оқулық жазу үшін авторлардың міндеті – сол бағдарламада берілген тақырыптарды оқу мақсаттарына сай оқулық жазудың барлық талабын сақтай отырып, қызықты, қатесіз етіп оқушыларға ұсыну.
Индира Бержанова
P.S: Білімге салынған қаражат – мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Әрине, тиімді игерілсе ғана олқылықтарға жол берілмес. Ал оқулық айналасындағы дау жүйелі шешімдер жетіспейтінін көрсетті. Ақын-жазушылардың аты-тегінен, тарихи деректердің жылдарынан бастап, букмекерлік кеңсе жарнамасы мен өзге ұлт идеологиясы насихатталған қателіктер ұлт болашағына жасалған қиянатқа сайып келеді.