Басты ақпаратБілім

Оқулықтардағы олқылықтар қашан жойылады?

«Баяғы жартас – сол жартас» демекші, осы уақытқа дейін мектеп оқулықтарының сапасыздығы туралы қанша рет айтылса да, бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже жоқ. Министрлік уәдесінде тұрып, сараптама жұмысының сапасын ретке келтірсе, олқылық азая түсер еді. Жыл сайын қайталанатын бұл қателіктерді жаңа оқу жылы басталысымен оқулықтарды парақтағанда көретініміз шындық. 

Неге қате көп?

2019 жылы Мәжіліс депутаты Бақытжан Смағұл Білім министріне депутаттық сауал жолдаса, сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды көзбен көріпті. «Оқулықтар мәселесі жыл сайын орын алғанмен, шешілмей келеді. Сапасына қатысты айтылатын сын – шын сын. Өйткені қате, расымен, бар. Кейбірі әріптерді терген кезде кетіп қалғанын, енді бірі техникалық қате деп жатады. Бірақ қоғамды ондай ақталған сөздер қызықтырмайды. Өзім көргендерін тізіп шығайын. Орыс әдебиетінде өрескел қателер өріп жүр. Бір кейіпкерді біресе атымен, енді бірде тегімен атайды. Сонымен бірге, физика оқулығын алып қарасақ, дұрыс жауабымен сәйкес келмейтін есептер бар. Географияны қарасақ, картаға қатысты мәселе көп. Ағылшын тіліндегі кейбір сөздердің қазақша аудармасы дұрыс емес» деген ол. Оның айтуынша, оқулық сапасына қатысты мәселенің кесе-көлденең шыға беруінің бір себебі – уақыттың аз болуы. Көпшілігі асығыс жазылып, соның салдарынан сапасы да төмен болып шығады. Сонымен бірге, министр жыл сайын өткізілетін экспертиза жұмысына қатысты да біршама сын айтты. «Экспертизаны екінің бірі жасай алмайды. Мықты ұстаздың барлығы мықты сарапшы болмауы мүмкін. Сондықтан біз кәсіби сарапшыларды дайындауды қолға алуымыз керек. Сол кезде экспертиза нәтижесі де қуантатын болады. Бүгінде сараптама деген аты ғана бар» деген еді.

2020 жылы министр А.Аймағам­бетов былай деді: «Оқулықтарды дайын­даудың жаңа жүйесі толыққанды енгізілетін болады. Көптен бері бұл мәселе шешімін таппай келе жатыр. Біздің оқулықтарда көптеген кемшіліктің бар екенін мойындауымыз керек. Жалпы, оқулықтарды әзірлеу жүйесінің өзі жетіле қоймаған. Бірақ бұл тек баспалардың, авторлардың, я басқа да топтардың кінәсі деп айтуға болмайды». Соған орай Білім министрі бүкіл процесс қайта бағдарланғанын және жаңартылғанын тілге тиек етті. «Оқулықтар бойынша жұмыс мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа және типтік жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес дайындалады. Әрі қарай авторларды сараптау, тестілеу, дайындап оқыту және басылымдағы жұмыс барысы пысықталып жатыр. Осы мінбердегі бизнес-үдерістердің барлығы жаңа форматта іске асырылатын болады» деп түйіндеді Білім министрі.

Сол жылы өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде Қазақстан тарихы мен дүние жүзі тарихы пәндерінен бірыңғай оқулықтар әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын. «Жаңартылған білім мазмұны бойынша Қазақстан тарихы мен дүние жүзі тарихы пәндерінің бағдарламасы заман талабына сай болғанмен, оқулықтың сапасы сын көтермейді. Оқулықтардағы деректердің сәйкессіздігіне, біріншіден, оның әртүрлі баспадан шығуы себеп, екіншіден, оқулықты жазар алдында Қазақстан тарихы мен дүние жүзі тарихындағы деректер бір-бірімен салыстырылып, қарастырылып, ой сүзгісінен өтіп барып жазылса» деді.

Не істеу керек?

Аталған кемшіліктерден соң министр­лік бірінші кезекте жасалатын осы ретте он қадамды атап өтті. Тізбектеп шығалық:

Ұстаздарды жинап, арнайы курс өткізіп, сертификаттау керек. Тұрақты қатысушылардың базасын құру қажет. Эксперттік және пәндік комиссия мүшелерін сол базадан құпия әдіс арқылы таңдау;

Оқулық авторларын оқыту;

Экспертиза жасау процесін жетілдіру. Ол үшін оқулықтардың сараптамасын жасауға арналған арнайы платформалар керек. Сарапшылар сол жерде тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік алады;

Ескертпелердің қаншалықты ескерілгенін электронды платформа арқылы қадағалау қажет. Әр айтылған ескертпенің нақты жауабы болуы тиіс;

Оқулықтарды рецензиялау жасырын жүргені жөн. Яғни эксперттер тексеру барысында автордың кім екенінен бейхабар болады. Ол болса қысымның болмауын қамтамасыз етеді;

Баспалар қате жіберген жағдайда, оқулықтарды ауыстыруды өз мойнына алуы керек;

Баспа қатесін жөндемесе, арнайы санкциялар қарастырылады;

Оқулықтар бағасына анализ жасау жұмысын министрлік бақылауға алады;

Оқулықтардың көлемін кішірейту;

Белгілі бір пәндердің бағдарлама­ларында кеткен олқылықтарды жөндеп, ретке келтіру.

Кемшіліктер түзеле ме?

2021 жылы ҚР БҒМ Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының сарапшылары мен халықаралық зерттеушілер консорциумының мамандары оқулық басылымдарының сараптау жүйесін жаңғыртуға бағытталған құжаттар топтамасын әзірледі.

Аталған топтаманы әзірлеу бағытындағы кешенді шаралар өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Мұндағы негізгі мақсат – оқулықтарға қойылатын талаптарды отандық және әлемдік тәжірибеге сай салыстыру және жіті зерттеу арқылы қайта қарастыру, заман талабына сай әзірлеу. Сондай-ақ сараптама кезеңдері мен реттілігін тиімділік және қолданбалылық тұрғысынан қайта қарау, оқулықтарды зерделеу мен бекітудің ұлттық жүйесін нығайту көзделді. Бұл жөнінде РҒП білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов айтқан болатын.

«Әзірленген құжаттарда сараптаманы жүргізуге, сарапшыларды іріктеуге, орта білім мазмұнының инвариантты бөлігіне жататын 19 пәнге арналған критерийлерге, жаңа оқулықтар мен ОӘК-ге жүргізілетін сынақтан өткізу процесі мен қоғамдық талқылау жұмысын жүргізуге қатысты нұсқаулықтар қамтылған. Сонымен қатар, оқу басылымдарының авторларына, сарапшылардың жұмысын бағалауға бағытталған арнайы нұсқаулықтар да бар» деді орталық басшысы.

Елдос Болатханұлының айтуынша, оқу әдебиетін бағалауға арналған критерийлерді 19 пәнге бөліп қарастыру – ұтымды тәжірибе. Бұған дейін оқу басылымдарын бағалау жүйесінде жалпы талаптарға басымдық берілген. Елімізде оқулыққа сараптама жүргізудің өзіндік тәжірибесі болғанмен, пән бойынша егжей-тегжейлі жіктеу бұрын-соңды қолданылып көрмеген.

Министрлік бұл мәселеге ден қойып, Дүниежүзілік банктің «Орта білімді жаңғырту» жобасы аясында осы бағыт бойынша консультациялық, ­ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізуді қолға алды.

Жаңартылған критерийлерде соңғы 5 жылда қолданысы қарқынды түрде артқан ғаламтор мен әлеуметтік желінің сын-қатері ескерілген. Мәселен, мемлекет пен қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін кемсітушілік, құқық бұзушылық, қатыгездік, үрдісшілдік, суицид, лаңкестік, отбасы құндылықтарына қарсы мінез-құлық, коммерциялық жарнама, бейресми дереккөздердің көрініс табуына жол бермеу мәселесі күшейтіле түскен. Жаңартылған критерийлер тиісті рәсімдерден өткеннен кейін қол­данысқа енгізіледі.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button