Басты ақпаратБілім

Оқушы сөмкесі қайтсе жеңілдейді?

Бұл – жекелеген ата-ананың немесе баланың жанайқайы ғана емес, ұлт денсаулығына, ел болашағына алаң еткен өзекті мәселе. Санитарлық талаптарға сәйкес, оқушының (рюкзак) бос сөмкесінің салмағы бір келіден аспауы қажет. Арқаға тиіп тұрған жері қатты болуы шарт. Иықбаулары жалпақ, мойынға салмақ түсірмеуі тиіс.

«Мектеп сөмкесінің салмағы оқушының бойы мен жас ерекшелігіне сай болуы шарт. Мәселен, 1-3 сынып оқушыларының сөмкесі 2 келіден аспауы тиіс. 4-5 сыныпта – 2,5 келі, 6-7 сыныпта – 3,5 келі, ал жоғары сынып оқушылырының сөмкесі 4,5 келіден артық болмауы қажет. Ауыр рюкзактың салдарынан сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың туындайтынын ұмытпауымыз қажет» дейді олар.

Бұл туралы не айтылғанын еске түсірейік:

2022 жылдың 28 қыркүйегі

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ата-аналардың шағымдарына назар аударып, былай деген болатын: «Балалар неге салмағы ауыр рюкзактарды ұстауы керек, осы себепті: «Оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіруді жеделдету қажет деп санаймын. Бұл бүкіл оқу процесін барынша цифрландыру қажет деп санаймын».

2022 жылдың 3 қазаны

– Үкімет те осы тапсыр­маны орындауға мүдделі. Премьер-министр Әлихан Смайлов: Оқулықтарды цифрлық форматқа ауыс­тыру, балалардың жүктемесін азайту және оқушыларды планшеттермен қамтамасыз етуді жүзеге асыру. Бірақ, әзірге түсініксіз болып тұрғаны сол, барлығына гаджет сатып алу керек пе, жоқ әлде тек ауыл мектептерінің оқушыларын (оларға гаджеттерді «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп сатып алу жоспарланған) қамтамасыз ету керек пе?

2019 жылдың 13 тамызы

– Өткенге оралайық. Үш жыл бұрын Білім және ғылым минис­трі (қазіргі Оқу-ағарту) Асхат Аймағамбетов: 1 қыркүйектен бастап оқушылардың ата-аналары қағаз немесе электронды оқулықтарды өз бетінше таңдай алады. Бала мектепке планшетпен немесе ноут­букпен сабаққа барғысы келсе бара алады және оған ешкім қарсы болмайды. Министр­ліктің сайтында мектеп әдебиет­терін жүктеуге арналған файлдар бар» деді.

2019 жылдың 10 қыркүйегі

– Елордалық санитарлық дәрігерлер 13 қалалық мектеп оқушыларының рюкзактарын өлшеді. Бұл балаға деген асқан жанашырлықтан емес, Қазнеттегі жаппай таралған бейнероликке қатыс­ты реакция еді: бастауышта оқитын бала өз портфелінің салмағынан баспалдақтан құлайды. Әрине, оқиға тексерілді, БАҚ-қа баспасөз релизі жіберілді («бастауыш сынып оқушылары рюкзактарының салмағы нормадан 2,5 есе артық!»), мәселе сонымен жылы жабылып, ұмытылды.

2022 жылдың 4 қазаны

– Бұл мәселе туралы осындай жоғары деңгейде айтылғаннан басқа, бүгін не білеміз? Осы мәселені анықтау­ға тырысқан әріптестерім бар. Олардың айтуынша, электрондық оқулықтары бар платформалар бар, ата-аналардың таңдау құқығын ешкім жойған жоқ, бұл тек планшеттерді сатып алу мәселесіне келіп тірелетін сыңайлы немесе біз білмейтін кейбір қиындықтар бар сияқ­ты. Анық-қанығын айтқан ешкім жоқ, Президент тапсыр­масы қалай орындалатыны бізге де түсініксіз болып тұр.

2022 жылдың 1 қарашасы

ҚР Цифрлық даму, инно­вация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат ­Мусин планшет өндірісін іске қосу механизмін былай түсіндірді: «Біз отандық өндіріске сұраныс тудырғымыз келеді. Егер сұраныс болмаса, онда бұл планшеттерді ұйымдастыру да қажет болмайды. Қазір Петропавлда Киров атындағы зауытта және ақпараттық технологиялар паркінде ноутбуктер мен компьютерлер құрастырылады. Бұл өндірістер жолға қойылды, енді планшеттерге сұраныс туғызуымыз керек» деді Бағдат Мусин Үкімет кулуарында тілшілерге берген сұхбатында. Оның айтуынша, сатып алу ұялы байланыс операторлары арқылы жүргізіледі. Бұған қоса, оқушылар үшін шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік береді.

Ата-ананың пікірі:

Астаналық Алма Набиева былай дейді: Оқушы қызым сөмкесіне оншақты кітапты салып, таңғы алтыда дірдектеп мектепке бара жатады. Әр кітаптың салмағы – 1,5-2 кг шамасында. Сонда оншақты кг-ды өзі 45 кг болмайтын қызым күнде таңғы алтыдан кешкі жетіге дейін көтеріп жүреді. Биге қатысатыны жақсы болды, арасында жаттығу жасап, денесін икемге келтіреді, болмаса мына салмақтан адам мүгедек болып қалуы ғажап емес.

Елордалық Мира Көпбергенова: Менің ұлым 6-сыныпта оқиды, ауыр сөмкесін жақында ғана өлшеп едім, 9 келі болып шықты. Кітап, дәптер, оқу құралдарынан басқа ішетін суы, ауыстыратын аяқ киімі, тағы басқа заттары бар. Сол зілдей рюкзакпен балам жарты күн бойы үлкен мектепті шарлап жүреді, ата-аналар жиналысында бұл мәселені көтердім де айттым: ұлымның денсаулығы маған керек, оған омыртқасы қисаюына байланысты ауыр зат көтеруіне әсте болмайды, сондықтан енді баламның 3-4 кг-нан артық сөмке көтеруіне рұқсат етпеймін, ескерту жасайтын мұғалім болса, маған шықсын дедім. Содан мәселе шешілді: мұғалім директордың оқу жөніндегі орынбасарларын шақырды, олар бізге, ата-аналар чатына электронды оқулықтың сілтемелерін ұсынды, 10 минуттың ішінде бүкіл кітаптың электронды нұсқасы қолымызда тұрды. Енді ұлым және оның кейбір кластастары планшетпен мектепке барып жүр.

Директорлар не дейді?

Арай Мухаметжанова, Қошке Кемеңгерұлы атындағы №49 орта  мектебінің директоры: Бүгінгі таңда оқушы жүктемесінің азаюына байланысты  оқушы күнделікті 3-4 оқулық қана әкеледі. Ол оқулықтар сабақ барысында ресурс ретінде қолданылады. Оқулықты қолдану – құрдастар тобында білім алуда қажет құрал.

Қадырғазы Мұқанов, №38 мектеп-лицейінің директоры: Бұл тұрғыда Оқу-ағарту минис­трлігі тарапынан біршама оң бастамалар бар. Оқу жүктемесінің азайту ұстанымынан бөлек, оқу ісі меңгерушілері сабақ кестесін құру барысында жұптық сабақтарды қою арқылы, бір күндегі болатын пәндердің санын азайтуға мүмкіндік жасауға әбден болады. Сондай-ақ мектептерде оқушының өз дербес шкафының болуы оқулықтарды күні бойы «арқалап» жүру азабынан арылтады. Оқулықтардың электронды нұсқаларының болуы, яғни, сәйкесінше сабақ барысында цифрлық ресурстарды (оқулықтарды) пайдалану арқылы да мәселені  оңтайландыру жүзеге асырылуда.

Гүлжанат Абдраманова, ­Ілияс Есенберлин атындағы №67 гимназия директоры: Күнделікті сабаққа алып келетін сөмкенің салмағы  мен сөмкенің талапқа сай болуы – қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі. Әр сынып қатарына ұсынылған оқулықтар  бойынша  тоқталатын болсақ. Бастауыш сынып  пәндері әр тоқсанға  және  жартыжылдыққа  1-бөлім, 2-бөлім, 3-бөлім, 4-бөлім түрінде ұсынылып отыр. Бұл оқулықтар оқушы сөмкесінің күнделікті салмағын нормаға сай ұстауға мүмкіндік береді. 

№62 мектептің директоры Бағдагүл Нұртазина: Оқушы сабақ кестесіндегі оқулықтарды әкелуге міндетті. Оқулықпен жұмыс жасау оқушы үшін қажет. Оқушының дәрігерден ауыр зат көтеруге болмайтындығы туралы анықтамасы болған жағдайда оқулықтарын класс бөлмесінде қалдырып, үйден екінші оқулықпен дайындалуға болады.

P.S: Жалпы алғанда, ­Қазақстанда мектеп оқулықтарының базасы бар, бірақ мәселе оны жеткізудің қиындығында, оқу құралдары – планшеттердің жоқтығында сияқты. Оқу-ағартуға қатысты білім ұйымдары цифрландырудың кейбір жеткізу құралдарымен қамтамасыз ете алмай отырғандай көрінеді. Әрине, үйінде бірнеше оқушы баласы барлар планшетті сатып ала алмайтыны түсінікті, ал жағдайы барлардың таңдауына ешкім таласа алмайды. Сондықтан да электронды оқу құралдарына бізде аса құштарлық жоқтың қасы деп бағалауға болады.

Сонда қайтпек керек, ел Президенті өзінің әрбір Жолдауында цифрландыру туралы, білім жүйесін жаңа технология­лармен жарақтандыру жайлы үнемі айтумен келеді, ал нәзік бүлдіршін балаларымыз ауыр салмақты сөмкелерді тасудан құтылар емес. 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button