Оқушылар iKomek орталығының жұмысымен танысты
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/0bb6bb33c7022c1f7b207e015bb89b6f_1280x720-780x470.jpeg)
Астана қаласындағы Т.Айбергенов атындағы №16 орта мектептің «Жас сақшы» сыныбы iKomek 109 орталығының қызметімен танысты, деп хабарлады astana-akshamy.kz
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған іс-шарада 6-сынып оқушылары iKOMEK109 орталығының қала тыныштығын сақтауға қалай үлес қосатынын өз көздерімен көріп, атқаратын рөлі туралы мол мағлұмат алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталыққа оқушылар жиі келіп тұрады.
«Оқушылар 24/7 режимінде желіде болатын операторлардың жұмысын, жедел әрекет ету арқылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысатын видеобақылау операторларының қызметін көрді. Ең бастысы, оқушыларға әр азамат қоғамдық жауапкершілік арқылы өз ортасына, тұрып жатқан жеріне, елінің дамуына қандай зор үлес қоса алатынын жеткізе алдық деп есептеймін», – деді Астана қаласы әкімдігінің iKomek 109 «Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» басшысы Асқар Тақсымов.
Күніне қала тұрғындарынан орта есеппен 6 мың қоңырау түсетін орталықтың қарбалас тыныс-тіршілігін танысқан оқушылар қоғамдық жауапкершіліктің маңыздылығын түсінгендей.
Ал бұл, өз кезегінде, жас ұрпаққа тәртіп сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне саналы түрде қарауға мүмкіндік бермек.