Оқушылар қаржылық сауаттылығын арттырды
Елорданың №101 орта мектебінде балалардың қаржылық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздікті нығайту мақсатында жиын өтті. Қалалық Білім басқармасы және Экономикалық тергеу департаментінің ұйымдастыруымен өткен кеңеске білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдердің қаржылық қауіпсіздігін арттыру, онлайн алаяқтықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Алдын алу шараларының тиісті деңгейде жүргізілуіне қарамастан үлкен де, кіші де білместіктен алаяқтықтың құрбаны болып жатыр. Бұл туралы жиын барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев атап өтті.
Ал Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті Тергеу басқармасының басшысы Мэлс Ақылбаев бүгінде оңай жолмен ақша тауып, бәс тігіп, құмар ойынға және қаржылық пирамидаларға құныққан жастардың саны, өкінішке қарай, артып келе жатқанын атады.
«Елде заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған түрлі шара қолға алынғанмен, жымысқы әрекетін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды сан айламен арбайтын болған. Тірнектеп тапқанын құмар ойынға құрбан қылғандардың дені – жастар. Сондықтан да жас ұрпақпен кешенді жұмыс жүргізу өзекті. Мәселен, республика бойынша қаржы пирамидаларына 2 500 азамат алданып, 3 млрд теңге көлеміндегі қаржысынан қағылды. Сондықтан жасөспірімдер үшін маңыздысы – ата-анасының айтқанына құлақ асу және жеңіл ақшаға құнықпау», – деді М.Ақылбаев.
Экономикалық тергеу департаменті «Заң мен тәртіп» баяндамасы аясында жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларды елорданың барлық мектебінде жүргізуде.
Жиын барысында педагогтар тарапынан сұрақтар қойылып, кәмелетке толмағандар арасындағы қауіпсіздікті арттыру бағытындағы тапсырмалар нақтыланды.