Мәселе

Оқушылардың тамақтануына бақылау қажет

«Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» депті біреу. Басқасы қалып, оқушылардың тамағының ақшасына бөлінген миллиардтарды бума-бумасымен, сейфке салып қойып, кейінірек мұғалімдерге сыйақы, үстемеақы есебінде үлестіріп берген астаналық мектеп директорларының қылмысы жария болды.  Бұл туралы қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов хабарлады.

Ол мектептегі балалардың тамағына бөлінген қаражатты тиімді игеруге қатысты мәселенің мәнісін ашып айтты. 2021 жылы жергілікті бюджеттен оқушылардың тамағына қаржыландыру жоспары бойынша 1 млрд теңге бөлінген. Білім беретін ұйымдар осы ақшаны толық көлемде алып, соның ішінен 264 млн теңгесін ғана жұмсаған.

«Осыған орай, арнайы тексеру жүргізілді. Өткен жылы білім беру нысандарына 1 млрд теңге бөлдік, соның 264 млн теңгесін ғана игерген болып шықты, 815 млн теңге игерілмей қалған. Сонда біз факт бойынша жұмыс істейміз бе, әлде жоспар бойынша ма? Егер қағаз жүзінде 264 млн теңге жұмсалғаны расталса, онда қалған ақша бюджетке қайтарылуы тиіс. Бұған қоса, елордадағы бірқатар білім беру ұйымдарында оқушылардың тамағына бөлінген қаражат бойынша игерілмеген сомалар бар: №60 мектеп-лицей – 1,8 млн теңгені, №37 мектеп-лицей – 59 млн теңгені, №72 мектеп-лицей – 31 млн теңгені, №22 орта мектеп 4 млн теңгені бюджетке қайтаруы қажет. Осы ақшаны қайтарудың орнына олар мектеп қыз­меткерлеріне, мұғалімдерге сыйақы, үстемеақы есебінде үлестіріп берген» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Е. Каналимов.

Өткен жылы білім беру нысандарына 1 млрд теңге бөлдік, соның 264 млн теңгесін ғана игерген болып шықты, 815 млн теңге игерілмей қалған

Мәслихат хатшысы оқушылардың тамағына бөлінген ақшаның сол мақсатқа ғана жұмсалуы қажеттігін қадап айтты. Ол мұндай заң бұзушылық іс-қимылдардың тек бірнеше нысандарда тіркелгенін тілге тиек етті. «Біз мұнда әрбір тиынды санап отырмыз, ал олар миллиондарды сыйақыға үлестірген. Құзырлы органдардан істің ақ-қарасын анықтап, тиісті заңдық іс-шаралар қабылдауын сұраймын» деді Е.Каналимов. Айтпақшы, құзырлы мекеме басшысы бұған дейін мектеп асханаларының мәзірі мәселесін көтеріп, асхананың тамағына қанағаттанбайтын балалардың көпшілігінің ата-анасынан дәмді, әртүрлі тамақ ішуге ақша сұрайтынын мысалға келтірген болатын. «Оқушылар неге күн сайын суға пісірілген макарон, күріш жей беруі керек? Осындай фактілерді ата-аналар комитеті, мониторинг топтары растады. Қазір асханаға барған бір бала 430 теңгеге емес, 585 теңгеге тамақ алып ішеді. Сол тамақ құнарлы ма, дәмді ме? Мектеп басшылары мен асхана қожайындары осы мәселені бірлесіп талқыласын. Тамақтың алуан түрлі, тойымды болуы – істің нәтижесі емес пе?» деді Е.Каналимов.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button