Оқырманнан он сұрақ

Ермахан Ибраимов

 

Биыл Лондонда жазғы Олимпиада ойындары өтедi ғой. Сiз Қазақстан боксшылары қанша медаль алады деп ойлайсыз? Кiмдерге үмiт артасыз?
Жақсылық Әбiлов, Ақмола облысы, Ерейментау қаласы

– Өзiңiз бiлесiз, Лондон олимпиадасына Қазақстан боксшылары 6 лицензия алып қойған. Атап айтайын, олар – Қанат Абуталипов, Ғани Жайлауов, Серiк Сәпиев, Данабек Сужанов, Әдiлбек Ниязымбетов, Иван Дычко. Ендi сәуiр айының басында Астанада бокстан соңғы лицензиялық турнир өтедi. Онда төрт салмақ бойынша бiздiң боксшылар жолдама үшiн айқасқа түседi. Қазiр солардың бабын ойлап жүрмiз. Ал ендi кiмдерге үмiт артасыз дегенiңiзге жауап берсем. Мен екi әлем чемпионымыз Серiк Сәпиевке және 64 келi салмақта сынға түсетiн Данияр Елеусiнов деген бауырларым алтын ала ма деп үмiттенемiн. Жалпы менiң ойымша, Қазақстан боксшылары 4 медаль алуға тиiс. Оның бiреуi немесе екеуi алтын болады деп болжап отырмын.

Сiз қазiр қайда тұрасыз, неше балаңыз бар, неше үйiңiз, неше машинаңыз бар?
Динара Абдрахманова, оқырман, Астана қаласы.

– Алматы тұрамын. Астанада Есiлдiң жағасында үйiм бар. Туған жерiм –Жамбыл облысы. Ақтөбенi екiншi отаным санаймын. Құдайдың маған берген бес ұлым және бiр қызым бар. Бiраз машина мiнiп тастадым. Қазiр мiнiп жүргенiм – «Джип-Subaru».

Сидней Олимпиадасынан алған алтын медалiңiздi қайда сақтайсыз?
Мәдина Сәлiмқызы, Алматы қаласы.

– Алтын медаль ауылдағы жеке отбасылық музейде сақталып тұр. Онда басқа да медальдарым бар.

Өзiңiз қатарлы боксшылармен араласып тұрасыз ба? Жан досыңыз кiм?
Сембек Қабиев, оқырман, Астана қаласы.

– Бұл жағына келгенде баймын десем де болады. Жалпы, спортшылардың достары көп болады ғой. Мен үш олимпиадалық циклда Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеттiм. Шаршы алаңында бiрге жүрiп, ел намысын бiрге қорғаған жiгiттердiң арасында Нұржан Сманов, Мұхтархан Дiлдәбеков, Болат Жұмадiлов, Бақтияр Тiлегенов, Аркадий Топаев, Болат Ниязымбетов, Болат Темiров, Данияр Мұңайтпасов, Нұржан Кәрiмжанов және басқалармен жақсы араласамын. Осы жiгiттердiң бәрiне жан досымдай қараймын. Ал отбасы деңгейiнде жақын араласатын орны бөлек достарым да бар. Бәрiн бiрдей атай бергенiм дұрыс болмас. Бiрi ұмытылып қалып, ыңғайсыз жағдайға түсiп қалармын.

Ермахан қарағым, бiз өзiңдi халықтың батыры ретiнде құрметтеймiз. Бокстасып жүргенде жиi көрiнушi едiң. Қазiр қайдасың, немен айналысып жүрсiң?
Болатбек Балжанов, ұстаз-зейнеткер, Астана қаласы

–Құрметiңiзге көп рахмет. Мен қазiр Алматы қаласындағы Республикалық олимпиадалық даярлық орталығының директоры қызметiн атқарамын. Бұл – боксқа мамандандырылған орталық.

Ермахан аға бiр сұхбатыңызда, қай газеттен оқығаным есiмде жоқ, «Бiр арманым – қазақ баласынан екi дүркiн Олимпиада чемпионын тәрбиелегiм келедi» деген едiңiз, осы айтқаныңызды жүзеге асыратын ойыңыз бар ма?
Жоламан, оқырман

– Әрине, қазақтан екi дүркiн олимпиада чемпионын көру менiң ғана емес, бар қазақтың арманы десем де болады. Мұндай жетiстiктi боксшылар көрсете алады деп ойлаймын. Бақтияр Артаев бауырым да осындай мүмкiндiк болған сияқты едi. Бiрақ, ол боксты ерте қойып кеттi. Серiк Сәпиев iнiмiз әлем чемпионатының 4 дүркiн жүлдегерi болғанымен, олимпиада ойындарында жолы болмай қойды. Алайда, биыл Лондонда оның жұлдызы жанады деген сенiммен қарап отырмын. Ал өз басыма келсем, бапкер ретiнде екi дүркiн олимпиада чемпионын тәрбиелеудi басты мақсатым санаймын. Құдайға шүкiр, қазiр жақсы талантты жастарымыз бар. Соларға мұқият қарап жүрмiн.

Қазақ боксшылары соңғы екi әлем чемпионатында үш-ақ медаль алды. Алтын медаль болмады. Нелiктен бұлай болды деп ойлайсыз?
Олжас Қосымжанов, №54 мектеп-лицейдiң 11-сынып оқушысы

– Негiзi, осы тақырыпта әңгiме көп айтылады. Шынымен де екi чемпионатта үш-ақ медаль алу – Қазақстан үшiн тым аз. Бiз бокс державасы болдық қой. Осы позицияны қалай да ұстап тұруымыз керек. Ол үшiн тәжiрибелi, мәселен, Сәпиев сияқты жiгiттердi Елеусiнов сияқты тастүлектермен бiрге дайындап, командалық рухты көтере беру керек. Бокс та командалық спорт деп ойлаймын. Ал жүлденiң аз болуына айта берсем, себептер көп. Сондықтан, ұлттық құрама боксшыларына тек сәттiлiк тiлеймiн.

– Қазақ боксының керемет жұлдызы болған Бекзат Саттарханов туралы айтып берiңiзшi?
Оспан Сүлейменов, Қазақстанның еңбек сiңiрген бiлiм қызметкерi

– О, бұл үлкен әңгiме ғой. Бекзат Саттарханов – тек қана Қазақстан боксының емес, әлемдiк бокстың эталонын көрсеткен боксшы. Керемет техникасы, керемет еңбекқорлығы, керемет намысты жiгiт едi ғой. Әттең, жұлдыздай жарқ еттi де, ортамыздан кете барды. Бұл мен үшiн үлкен қай-ғы болды. Бекзат есiме түскен сайын көңiлiм құлазып сала бередi. Әке-шешесiмен, туысқандарымен шамам жеткенше араласып, хабарласып жүремiн.

– Спорттан басқа өнерiңiз бар ма? Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?
Зәуреш Сұлтанова, оқырман

– Уақытым болса, табиғат аясына шығып, демалғанды ұнатамын. Анда-санда бала-шағамды алып, тау аясында серуендеймiн. Содан кейiнгi бiр, соңғы кездегi әуестiгiм – техника болып жүр. Машинаның қыр-сырына әбден мән беретiн болдым. Айтпақшы, тағы бiр әуестiгiм – машиналардан коллекция жинаймын. Бiрақ сiз ойлап қалмаңыз, кәдiмгi бiр үлкен машиналарды жинайды екен деп. Көзiме түскен жаңа ойыншық машиналарды балаларыма ала беремiн.

– Биыл «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түскен едiңiз, нелiктен депутат болмай қалдыңыз?
Темiрболат Шегетаев,оқырман, Қарағанды қаласы

– Несiн жасырайын, депутат болғым-ақ келдi. Бiрақ, партияның жетекшiлерi менiң әлi жас екенiмдi ескергенi болса керек, тiзiмге қосылмай қалдым.

Жазып алған Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button